Сенімсіз серіктестіктерге неге субсидия беріледі?

Шаһардағы автобустардың 70 пайызының тозығы жеткен

Тараз тұрғындарының көпшілігі қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Себебі мектеп оқушылары мен студенттерден бастап барлығы дерлік діттеген жеріне автобустар арқылы қатынайтыны белгілі. Дегенмен осы қызмет түріне көпшіліктің көңілі аса тола бермейді.

Ресми мәліметке сүйенсек, қаладағы 9 тасымалдаушы мекемеде жалпы саны 330 автобус 33 бағыт бойынша қызмет көрсетеді екен. Алайда олардың 60-70 пайызының тозығы жеткен.
Расында, көшеге шықсаңыз, соңынан қара түтін будақтап бара жатқан автобустарды жиі көзіміз шалады. Яғни олардың экологияға тигізетін зардабы да орасан зор. Ескірген автобустар, бір жағынан, тұрғындардың өміріне де қауіп төндіреді. Қалай десек те, шаһардағы қоғамдық көліктердің мәселесі күн тәртібінен бір сәтке де түскен емес. Бұл туралы күні кеше қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен басқосуда да кеңінен талқыланды.
– Қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, былтыр тасымалдаушы компанияларға 572 миллион теңге субсидия берілсе, биыл 650 миллион теңге бөлінген. Өткен жылы автопарктегі көліктерінің құрамын 22 бірлікке жаңартқан «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-не 205 миллион, 10 бірлікке жаңартқан «City-bus» ЖШС-не74,5 миллион қаржы үлестірілген. Биыл аталған компаниялар жаңа автобустар сатып алып, көліктерін жаңартуда. Алғашқысы 20, соңғысы 10 автобус алды. Сәйкесінше, биыл «ӘулиеатаТрансПасс»ЖШС-не – 340,6 миллион, «City-bus» ЖШС-не 78,5 миллион бөлініп отыр. Қалған компаниялар осыдан қалған қаржыға ие болуда. Ал «автопаркімізді жаңартамыз» деп уәде беріп, бірақ онысын орындамаған компанияларға қомақты субсидия берудің негізі бар ма? Мәселен, «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-не былтыр 73,5 миллион, биыл 65 миллион теңге бөлінген болатын. Алайда олар 15 шілде күні жаңа 20 автобусты іске қосамыз деп уәде еткен. Бұл да тек сөз күйінде қалды. Сондай-ақ «СапарТрансМоторс» ЖШС-не былтыр 80 миллион, биыл 96,8 миллион қаражат бөлінген. Бірақ комиссия мүшелері барғанда, қыркүйекте әкелеміз деген 15 автобусты сатып алуға қаражат жоқ дейді. «ТаразТрансМоторс» ЖШС қыркүйекке дейін 10 автобус аламыз деген. Осы орайда материалдық-техникалық жағдайы шамалас, бағыттарының саны да қарайлас кейбір компаниялардың бірі қаражатты көбірек, енді бірі азырақ алып жатқаны да бірқатар сұрақтарды туындатып отыр. Оның үстіне қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбек құқықтары сақталмайтыны да үлкен мәселе, – деді қалалық мәслихат депутаты Эльмира Мырза-Ғали жиын барысында.

Ал тағы бір қалалық мәслихат депутаты, №6 қалалық емхананың бас дәрігері Дүйсенкүл Керімбаеваның айтуынша, таң азаннан қара кешке дейін көліктің тізгінінде отырған азаматтардың көпшілігі бел, омыртқа аурулары, жүрек талмасы, қант диабеті, геморрой сияқты кеселдерге жиі тап болады екен. Жанын салып жұмыс істейтін көлік жүргізушілерінің жалақысы да мардымсыз. Еңбекақыны әр қожайын өз қалауынша бекітіп қойған. Бірі сағатына – 400-600, екіншісі – 600, үшіншісі – 850-1000, төртіншісі 1000-1320 теңге төлейді екен.
– Ең сорақысы, осы салада жүргендердің ішінде келісімшартсыз жұмыс істейтіндері бар. Ал оларға медициналық сақтандыру үшін қаражат төленбейді, сайып келгенде, ақысыз ем ала алмайды. Денсаулықтарына уақытылы қарауға шамасы да, мүмкіндігі де болмағандықтан, өмірлеріне қауіп төндіреді. Конституцияның да, заңның да ешқандай нормаларына сыймайтын жағдайда тер төгіп жүрген автопарк жүргізушілеріне арналған автопарктегі демалыс бөлмелерінің сиқын көрсеңіз, адам шошырлық. Кейбірінде ондай бөлме атымен жоқ. Жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардың көшбасшысы, осы нарықта 40 жыл қызмет етіп келе жатқан «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-нің өзінде айлықтан бөлек, еңбегі сіңген қарапайым жұмысшыларға материалдық көмек, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама, сыйақы ретінде әлеуметтік қолдау ешқашан көрсетілмеген. Кезекті еңбек демалысы төленетіндігін білдік, бірақ ол заңмен кепілдік берілген жағдай емес пе? – деп жанайқайын жеткізді Дүйсенкүл Керімқұлқызы.
Бұл туралы тұрғындардың да айтары бар. Мәселен, Марат Әбдірахман қоғамдық көліктердің уақытында келмейтініне, белгіленген кестеден кешігетініне наразы.
– Автобустардың басым бөлігінде кондиционер орнатылмағандықтан, жазда ыстық, қыста суық болып, жұртшылықтың мазасын қашырады. Оның үстіне адамдарды автобустың аузы-мұрнынан шыққанша толтырып мінгізіп алатыны тағы бар. Аялдамаға дер кезінде келмегендіктен, баратын жерімізге кешігіп жетеді. Ал такси қызметін пайдалануға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Тіпті жүргізушілердің бір-бірімен «ерте жүрдің, кеш жүрдің» деп дауласып жататындары да – өз алдына бір әңгіме. Көлік тізгінінде отырып, ұялы телефонмен сағаттап сөйлесетін жүргізушіге жол қауіпсіздігін жолаушылар ескертіп әлек. Бір-бірімен жарыса жөнелгенде, зәрең зәр түбіне кетеді. Қазіргі жүрген көліктердің басым бөлігі ескі, жол ортасында бұзылып қалып жатады. Сонда олар осындай жауапты жұмысқа қалайша рұқсат алған? – дейді шаһар тұрғыны.
Ата Заңымыздың 24-бабы, 4-тармақшасында: «Әркімнің тынығу құқы бар. Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік беріледі», – делінген. Ал ҚР Еңбек Кодексінің 71-бабында: «Күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды», – деп көрсетілген. Бұл мәселеге келгенде, тасымалдаушы компаниялар Конституцияны да елемейтін сияқты. Себебі автобус жүргізушілері орташа есеппен алғанда, таңғы сағат 06-дан кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Демек, олар тәулігіне 15 сағат рульде отырады деген сөз. Жүргізушілер сағатқа байланған айлықты көбірек тапсам деп жұмысқа күнделікті шығады екен.
Расында, қоғамдық көлікке қатысты мәселе шаш етектен. Сондықтан да олардың жұмысы көңіл көншітпей тұр. Өз қауіпсіздігіне алаңдайтын тұрғындардың да наразылығы орынды. Күні кеше облыс орталығына құны 56 миллион тұратын 10 автобус жеткізілген болатын. Шекарада да шет мемлекеттерден сатып алған бірқатар автобус тұрған көрінеді. Алайда бұл мәселені қаншалықты шеше алады? Мұны алдағы уақыт көрсете жатар.

Жұматай Көксубай 

Comments (0)
Add Comment