Сенімі жоқ балаңнан секем ал

Тұлғаның өмірге құштарлығы оның болмысына, рухани әлеуетіне байланысты. Заман дамып, ғылымның өрісі кеңейген сайын жан азығын байлығым деп санайтындар да азайып барады. Шырмалғанды шыңырауға түсіретін кеселдің құрығына жасөспірімдердің ілігуіне не себеп? Мұнымен күресудің жолы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын толығырақ білу үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, психология магистрі Айгүл Абдрахманованы әңгімеге тартқан едік.

– Дүниежүзі коронавирус пандемиясымен күресуге күш салып, әбігерге түссе, ендігі кезде өзіне-өзі қол жұмсап, өмірімен ажалынан бұрын қоштасқандар да бар. Соңғы жылдары елдегі жағдайдың өзі жаға ұстатарлық. Бұл дерт пе? Солай болса, күресудің жолы қандай?

– 10 қыркүйек – Дүниежүзі бойынша суицидтің алдын алу күні болып бекітілген. Жыл сайын әлемдегі және еліміздегі білікті психологтар іштен жалмайтын дертпен күресудің сан тәсіліне жүгінеді. Бірақ нәтиже көңіл көншітерлік деңгейде емес. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын бір миллионға жуық адам өзіне қол жұмсаса, соның ішінде қазақстандықтардың да үлесі басым. Еліміз бұл тізімде алдыңғы ондықтан түспей тұр. Ең өкініштісі, суицидтің құрбаны болған азаматтардың қатарында жасөспірімдердің көп болуы. Суицид – бұл жауыздық. Адамның өзіне-өзі қарсы қолданатын қатыгездігі. Бұған рухани әлеуеті әлсіз адамдар барады. Суицидтің алдын алуда, ең әуелі, психикалық тұрғыдан тұрақсыз азаматты, яғни тұлғаны еш уақытта жалғыз қалдырмау керек. Психологтың көмегіне жүгінген ләзім. Маман алдымен өзіне қайырылған тұлғаның жасын анықтап, кейін қолайлы ұсыныстар жасайды. Өмірге құштарлығын арттырып, үміт артады.

– Суицидке рухани әлеуеті әлсіз адамдар барады дедіңіз…


– Иә, өзіне-өзі қол жұмсаудан тайынбайтындарды әлсіздердің қатарына қосуға болады. Бірақ суицидке әлсіз адамдар ғана барады деп шорт кесіп айта алмаймыз. Бала кезінен өзіне сенімді болып, нарцистік мінез қалыптастырған жас та өзіне-өзі қол жұмсауы ықтимал. Мәселен, қалаған нәрсесін оңай олжалап өскен бала өсе келе өзінен мықты балаларды көргенде сынып кетуі бек мүмкін. Себебі бала психологиясы – ұғым емес, ғылым.

– XXl ғасырдың үлкен жетістігі саналатын технологиялардың бала психологиясына кері әсері бар ма?

– Озық технологиялардың бала психологиясына кері әсер ететіні рас. Шамадан тыс ақпарат баланы енжарлыққа душар етеді. Ғаламтормен дос болған балалар адамдармен араласудан қалады. Төңірегіндегілерді елемейді де. Яғни жаны ашу және жек көру деген сезімдерден жүрегі селт етпейді. Бұл бірте-бірте баланың болмысына, тұлғалық қасиетіне әсер етеді. Осылайша, онсыз да кез келген нәрсені лезде қабылдайтын жас шынайы өмірді виртуалды өмірмен алмастырып алады. «Компьютерге байлану» деген ауру бар. Дертке әсте өзіне-өзі сенімсіз, тұрмыстық проблемаларды көтере алмайтын балалар душар болады. Бұл – ата-аналардың баласына көңіл бөлмеуінің салдарынан орын алатын жағдай. Көпке таңсық құбылысты бала бойынан қандай аспектіге сүйеніп байқаймыз? Мысалы, психикасы бұзылған баланың үлгерімі нашарлайды, үйге кеш оралады, қит етсе жанжал шығаруға дайын тұрады, бұрынғы достарымен қарым-қатынасын үзіп, өзі секілді компьютерге үйір балаларды жанына жақын тартады. Берген уәдесінде тұрмай, есте сақтау қабілеті мен ұйқы безі бұзылады. Яғни адам бойындағы барлық психикалық процестері әлсірей бастайды.

– Жасөспірімдердің суицидке баруына түрткі болатын негізгі факторларды айта аласыз ба?

– Негізінде, жасөспірімдердің шалыс басуына ересектер жол бермеуі керек. Жас шыбықты қайда исең, соған қарап икемделетінін көпшілік біледі. Сөйте тұра, естен шығарады. Баланың көмескі әрекетке баруына әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық, ата-аналардың зиянды заттарға әуес болуы, қатыгездік, психологиялық және физикалық фактор, сексуалды зорлық-зомбылық, ертеңгі күнге деген сенімсіздік, этикалық, адамгершілік құндылықтардың болмауы, өскіннің өмірдің мәнін жоғалтуы түрткі болады. Балалар не үшін суицидке барады? Қаскөйлікке итермелейтін олардың шарасыздығы. Жоғарыда айтып өткен мәселелердің барлығы – балаға кері әсер ететін факторлардың ең негізгісі.

– Шыңыраудан шығатын жол қандай?

– Біз, ең алдымен, баланың бойындағы «мендік» қасиетті дамыта білуіміз қажет. Адам өзіне сенімді болса, кез келген жағдайдан шығатын жолды табады. Осы ретте, ең маңыздысы, ата-ананың бауыр еті баласын барынша қолдауында. Ересектер баланың «жассың» деп бетін қайтармай, керісінше, арқасынан қағып демеуі керек. Ал біз мамандар баланың әлеуметтік, психологиялық және биологиялық ерекшеліктерін қарастырамыз. Кейін соған қарап, мәселенің мән-жайын анықтаймыз. Қазіргі жастардың басым көпшілігі депрессияға түседі. Болмашы нәрсеге бас ауыртып, көзіне жас ала беретіндер де бар. Дос-жарандарымен сөйлескісі келмей, тәбеті қашады. Біз оларға «саған не болды, неге мұндайсың?» деп қарсы әсер ететін сұрақтарды мүлде қоймаймыз, еңсесін түсірмеуге тырысамыз. Алдымен әңгіменің орнын, мәнін, мағынасын ажыратып, содан кейін ғана баланың өмірге деген қызығушылығын арттыруға күш саламыз. Осы мезетте ата-аналар баламен дос секілді жақын араласып, сырласуы керек. Ақыл сұрап, пікірлесу де артық етпейді. Сонда ғана бала әлсіздігінен арылады.

– Еңбек жолыңызда қоршаған ортадан баз кешкендерді кезіктірген шығарсыз?

– Жұмыс барысында ересектер, жастар және балалармен көп жұмыс істедім. Тағдырдың тәлкегіне түскендерге мейлінше қолдау көрсете білдім деп ойлаймын. Тіпті бірқатар балалармен емен-жарқын араласып, әлі күнге дейін хабар алмасып тұрамыз. Бір оқиғаға тоқталсам, маған студент жігіт қайырылып еді. Өзіне-өзі қол жұмсауына түрткі болған мәселе – отбасылық жағдай екен. Бірнеше рет өмірін қиюға әрекеттенген. Рас, оған жылулық жетіспеді. Әлеуметтік жағдайы да тұрақсыз-тын. Әдетте жанұяда ересектер үйдің үлкені мен кенжесіне ерекше көңіл бөледі. Маған қайырылған бозбала үйдің ортаншысы еді. Дәл осы тұста ата-аналардың кенже баласы жасаған бұзақылықты ортаншы балаға итере салуы әсер етуші фактор деп айтар едім. Иә, көпшілікке таныс жағдай. Содан бала өзін артық, қоғамға керексіз сезінген. Салдарынан мектепте шетте қалып, достарымен тіл табыса алмаған. ЖОО-ға оқуға түскенде, тағы сол кедергіге тап болған. Демек, жас өреннің ата-анасы «мендігін» төмендеткен. Бұдан шығатын түйін: әр бала өзін төмен санаса, қоршаған орта да оны сол қалпында қабылдайды. Мұның алдын алу үшін баланың бойына сенім ұялату керек деп жоғарыда айттым.

Жұмыс барысында туындаған екінші жағдайдың да жалпы көрінісі осыған ұқсас. Баланың отбасындағы жанжал, нақтырақ айтсам, әкесінің баласына күш көрсетуі әсер еткен. Осыдан-ақ қорытынды шығаруға болады. Екі бала да маған жасырын келді. Бізді толғандыратыны да – осы. Отбасындағылар перзентінің қайда және немен айналысып жүргенінен бейхабар болып, амалы таусылған бала ата-анасынан емес, бізден медет күтеді. Бұл тұрғыда біз дұрыс бағыт-бағдар көрсету үшін тек баламен ғана емес, оның айналасындағы дос-жаран, туған-туыстарымен де пікірлесуіміз керек. Өйткені баланың психикасына әсер еткен жағдайды нақтылаймыз. Сонда ғана тұлғаны райынан тез қайтара аламыз. Десе де, кейбір балаларды отбасымен байланысқа түспей-ақ өмірге бейімдедік. Бұл біз үшін баға жетпес жетістік деп айта аламын.

– Жұмыс барысында маманның оң жамбасына келетін шаруалар болса, керісінше, шымбайға бататын жағдай да кезігеді. Бүгінде психологтар неден қиындық көріп жүр?

– Психолог болған соң, мектеп, балабақша, қалалық ішкі істер басқармасы және тағы осындай бірқатар мекемелердің мамандары дәріс оқуға шақырады. Шақырған жерге белгіленген уақытта барып, семинар-тренинг ұйымдастырып, сауалдарға жауап беремін. Ал бала психологиясына келгенде, қай жерде жүрсем де ата-аналармен жұмыс істеу керек деп ылғи айтып жүремін. Бастамасы жақсы. Бірақ жоспарды қағаз жүзінде орындап, «жүрдім-бардым» іс тындырған бізге, психолог мамандарға қиын. Себебі көбіне мектепте өтетін жиындарға толық емес отбасылардың және тұрмыста теперіш көріп жүрген балалардың ата-аналары келмейді. Біз соған қынжыламыз.

Әңгімені қорыта келе, қоғамда ата-аналар бала тәрбиесіне ерекше көңіл аударғаны ләзім дегім келеді. Неге десеңіз, бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Демек, ұрпақ амандығына алаңдасақ, алдымен өзімізді түзеуіміз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments (0)
Add Comment