Кеше сегізінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Жиынға қала әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, мәслихаттың жаңа құрамына табыс тіледі.
Басқосуды Тараз қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Арын Асқарбеков ашып, саяси науқанның қорытындысы туралы баяндады.
– Тараз қалалық мәслихатының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша саяси додаға 82 кандидат түсіп, олардың 27-і депутат болып сайланды. Жаңадан сайланған 27 депутаттың 20-ы ер, 7-і әйел. Депутаттық корпустың орташа жасы 44 жасты құрады. Бұл науқанда қала бойынша 167 сайлау комиссиясы, оның 1 379 мүшесі жұмыс атқарды.
Қалада сайлауалды және сайлау күнгі жұмыстар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының негізінде, Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілді. Сондай-ақ, сайлау процессі кезінде сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында акредиттелген 8 шетелдік байқаушы, 1 526 депутаттықа кандидаттың сенімді өкілдері, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық ұйымдардың байқаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сайлаудан кейін қалалық сайлау комиссиясына 6 арыз–шағым келіп түсті. Оның ішінде арыз иелерінің екеуі сот органдарына жүгінді. Бес арыз-шағым заң талаптарына сәйкес қаралып, тиісті жауаптар берілді. Біреуі сотта қаралуда. Бұл саяси науқанда қала жұртшылығы үлкен белсенділік танытып, өздерінің саяси біліктілігі мен азаматтық позицияларын білдірді. Осылайша, қалалық мәслихат депутаттарына бөлінген 27 мандат толығымен қамтыл-ды, – деген Арын Ілиясұлы жаңадан сайланған халық қалаулыларына депутаттық куәлік пен төсбелгілерін табыстады.
Келесі кезекте сөз алған депутат Уәлихан Байдуанов қалалық мәслихаттың төрағалығына Кенжебек Олжабайдың кандидатурасын ұсынып, халық қалаулылары оны бірауыздан қолдады. Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді. Айталық, қалалық мәслихаттың экономика, бюджет және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы құрылып, оның төрағасы болып Уәлихан Байдуанов сайланды. Ал заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс істеу жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Марат Жұманқұлов, инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Батырхан Тоқтағұл сайланса, білім беру және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Эльмира Абдинова болды.
Сессияда сөз алған қала әкімі Бақытжан Орынбеков депутаттарды халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Парламент алдында сөйлеген сөзінде депутаттардың сайлаушыларға берген уәделерін орындап, тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп отыру қажеттігін баса айтқан болатын. Расында, депутаттық мандат сіздерге деген халықтың қолдауы мен сенімінің көрсеткіші. Сондықтан бұқарамен әрдайым берік байланыс орнатып, олар жүктеген сенімнің үдесінен толығымен шығады деп үміттенемін. Баршаңызды облыс орталығының дамуына бірге атсалысуға шақырамын, – деді шаһар басшысы.
Құрбанәлі Шахабай