Сенатор Тараздағы әлеуметтік нысандарды аралады

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралады.

Әуелі сенатор «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Ұлы дала» (15) шағынауданында бой көтерген 1 200 орынды білім ордасына ат басын бұрды. Жаңа үлгідегі оқу ордасында оқушылар мен педагогтарға қауіпсіз және жайлы жағдай жасалған. Мұнда мұғалімдерге қажетті жұмыс аймақтары қарастырылған. Ал бастауыш сыныптар, негізгі және орта бөлімдер жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен, заманауи оқу бөлмелерімен жабдықталған. Сондай-ақ ғимаратта 256 орынға арналған мәжіліс залы, 59 оқу бөлмесі, 344 орынды асхана, 2 спортзал, 3 зертхана, 1 кітапхана, 4 шеберхана, робототехника, 10 коворкинг орталығы, «STEM», графика, 2 лингафон, 2 компьютерлік және жобалау кабинеттері орналасқан.
Бұдан бөлек, былтыр «Бәйтерек» (13) шағынауданында да «Жайлы мектеп» ашылса, аталған жоба шеңберінде «Шөлдала» алқабында – 600, «Ұлы дала» шағынауданында 2 000 орынды білім ошағының құрылысы жүруде.
Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы 110/10кВ қосалқы станциясының құрылыс жобасымен танысты. Қазіргі таңда аталмыш шағынауданда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес 800 жеке тұрғын үй, 150-ден астам көпқабатты тұрғын үй және бірқатар әлеуметтік нысандар көзделген. Ал оның барлығын сенімді және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін шағынауданда жаңа 110/10кВ қосалқы станциясын салу қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта қосалқы станцияда кернеуі 110/10кВ, қуаты 25 000 кВА үш фазалы, екі орамалы трансформаторларды орнату және ұзындығы 11,580 шақырым 110 кВ электр беру кабельдік желісін жүргізу көзделуде. Қазіргі таңда осы бойынша «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бағдарламасы шеңберінде ҚР Қаржы, Энергетика министрліктеріне бюджеттік өтінім енгізілген.
Келесі кезекте халық қалаулысы «Түйте» каналына аялдады. Қазір таңда «СенімҚұрылысСервис» ЖШС-нің мердігерлігімен аталған каналды абаттандыру жұмыстары жүруде.
– Тараз қаласының ішінен 8 канал ағып өтеді. Бізден басқа еліміздегі бірде-бір қалада мұндай кездеспейді. Сондықтан мұны таби-ғаттың тартуы деп қабылдап, оны тиімді пайдалануымыз қажет.
Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару. Бүгінгі күні шаһарды ағын сумен қамтушы арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. Атап айтсақ, осы екі жылдың бедерінде шағынаудандарда 33 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қазынадан тиісті қаржы қаралып, қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналы механикалық тазалаудан өтті. «Түйте» каналының бойын абаттандыру – жоғарыда аталған жұмыстардың жалғасы. Осының нәтижесінде каналдың маңы жаңа кейіпке еніп, тұрғындардың сейілдейтін демалыс орнына айналады деп жоспарлануда, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын жеткізді.
Жалпы, «Түйте» каналының жағалауын абаттандыру» жобасы шеңберінде ұзындығы 1 738 метрді құрайтын каналды бетондау, 16 050 шаршы шақырым аумаққа құйматас төсеу, әртүрлі тал көшеттерін отырғызу, жарық шамдарын, тұрғындарға ыңғайлы орындықтарды орнату көзделген.
Сенатор жұмыс сапары барысында «Таразэнергоорталық» АҚ-на да барды. Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша былтыр Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген еді. Осылайша, өткен жылға жоспарланған жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары толық аяқталды. Енді биыл Төле би даңғылының қалған бөлігіндегі жылу құбырлары ауыстырылады.
Атап айтсақ, биыл «М-3» жылу магистральді жүйесінде құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша 12 жоба әзірленіп, сараптамадан өтті. Ал 7 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Бекболат Серікбекұлы өз кезегінде өңірлердегі баянды бастамалар мен жарқын жобаларға халық қалаулылары қашанда қолдау танытуға дайын екенін баса айтты.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment