Сенаттың жалпы отырысында сенатор Нұрлан Қылышбаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты депутаттық өкілеттігін тоқтату туралы өтініш жасағаны белгілі болды, – деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Орталық сайлау комиссиясы аталған өтінішті қабылдап, сенатқа тиісті ұсыным енгізді.
«Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Наурызұлы Қылышбаев міндеттерін атқарудан босату туралы өз еркімен өтініш берді. Осыған орай ОСК ҚР Конституциясының 52-бабына ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы ҚР конституциялық заңының 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Наурызұлы Қылышбаевтың өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», – деді ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов.
Өз кезегінде Сенат Төрағасы Парламент қабырғасында бес жылдан астам уақыт жұмыс істеген Нұрлан Қылышбаевқа ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Сондай-ақ, Нұрлан Қылышбаев та сенатта атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы уақытта да ел үшін қызмет ететінін айтты.
«Сіздермен бірге Заң жобаларын қабылдап, қарастырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап, аймақтағы сайлаушылардың пікірлерін тыңдап, түрлі мәселелердің шешу жолына үлес қосқаныма қуаныштымын, бұл – үлкен 4 мектеп. Алдағы уақытта да мемлекеттің тапсырмаларын орындаймыз, бірге қызмет етеміз деп сенемін», – деді Нұрлан Қылышбаев.