Тележүргізуші, блогер Жанар Байсемізова марқұм бауырын еске алды. Оған деген сағынышын жеткізді. Ажал адамды алса да, оған деген махаббатты, сағынышты алып кете алмайды. Керісінше, уақыт өткен сайын сағынышты арттыра түседі дейді ол.
“Махаббат өлімнен де күшті. Менің бауырыма деген махаббатым өлімнен кейін де өлмейді! Оның рухы көкке самғап кеткелі бері, мен Ол туралы ешнәрсе жазған жоқпын. Өйткені жүрегім ауыратын. Ол туралы жазғанымды үй-ішім оқып, жүректері тағы қан жыламасын дейтінмін. Мен бұрын адамдардан еститінмін, уақыт өте ұмытылады деп. Олар өтірік айтыпты.
Мен қазір нақты білемін, уақыт өткен сайын жүрегің ауыра түседі, тереңдей түседі. Бірақ алғашқыдай “жылауық” емес, қабылдаушы, мойынсұнушы, парасатты түрде жүрегің ауырады екен. Уақыт өткен сайын сағыныш ұлғая түседі екен. Уақыт өткен сайын да Оны көзің суланбай еске алу мүмкін емес екен”, – дейді тележүргізуші.
Жанар ханым марқұм бауыры жайлы көптен естелік жазбады. Жүрегі дауаламады. Енді ғана сағынышы ұлғая бастаған шақта, ол туралы жазбай мүмкін еместей көрінді.
“Иә, мен қазір бұрынғы Жанар емеспін, өмірден көп сабақ алдым. Адамның рухы денені тастап, бір күйден екінші күйге өтетінін білемін. Рухтың мәңгілік екенін де түсінемін. Бірақ материяда жүрген соң, қу көңіл бәрібір елегізіп, аңсап тұрады екен физикалық тұрғыда қасыңда болғанын…
Қоңыр үнін естігің келеді. Сұп-сұлу болған бидай өңін тағы бір көргің келеді. Қамқорлыққа, жылылыққа, мейірімге толы дөңгелек қара көзімен саған тағы бір қадалып қараса екен дейсің. Құшақтап, бетінен шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алғың келеді. Амал нешік, тек рухына Құран бағыштағаннан басқа қолыңнан түк келмейді”, – дейді ол.
Тележүргізуші бауырына деген махаббатын мөлдірете баяндады. Адам мен өлім, өмір мен рух туралы түсінікті ашуға тырысты. Адам өлімінің бар екенін ұғына тұра пендешілік көңілмен қимас адамдарды іздей береміз деп түсіндіреді. Бұл өмірдің заңдылығы.
“Сен туралы бұдан да көп жазамын. Сен қысқа ғана ғұмыр кешіп, маған өмірлік сабақ үйретіп кеттің. Жанат, мен сені бұрынғыдан да қатты жақсы көремін. Саған деген махаббатым өлімнен де күштірек. Саған деген махаббатым өлімнен кейін де өлмейді!”, – дейді тележүргізуші.
Блогер ханым ажал адамды өлтіргенімен, оған деген махаббат пен сағынышты өлтіре алмайды деп қорытындылады.
“Логотерапиядағы ұстазымыз Элизабет Лукастың кітабындағы бір оқиғасынан кейін, дәл қазір жазғым келді. Жақынын жоғалтқандардың есінде жүрсін. Сұм ажал сіз бен біздің өмірден өткен жақынымызбен арадағы махаббатты, сүйіспеншілік сезімді өлтіре алмайды. Тіпті саусағының ұшын да тигізе алмайды”, – дейді ол.
Желідегі оқырмандар қайырлы болсын айтып, дұға етті.
“Алла тағала рақым нұрына бөлесін. Бауырыңыздың жатқан жері жәннаттың бір бақшасынан болсын”, “Шынында, қаншама жылдар өтсе де, оларға деген махаббат өлмейді, сіздің осы жазбаңызды оқып, тағы да бір жылап алдым”, “Өкінішті, менің үш бауырым өмірден ерте кетті”, “Иман байлығын берсін бауырыңызға”, “Мында тура менің халім жазылған екен. Мен де бауырымды сағынамын. Қоңыр әдемі дауысын естігім келеді. Құшақтағым келеді. Әңгімелескім келеді. Суретін алып сөйлесемін”, “Рухы мәңгі пейіштің төрінде шалқысын! Үлкен ой салатын терең жазба!” деп жазды олар.