Сен де бір кірпіш дүниеге…

Биыл қаланың 60 мектебінде осыдан он бір жыл бұрын мектеп табалдырығын имене аттаған 2238 оқушы оқу жылын тәмамдады. Оның 69-ы «Алтын белгіге», ал 40 түлек үздік аттестатқа үміткер.

Сәндібек Піренов, Суретті түсірген А.РЫСМАХАН

Елдегі коронавирус пандемиясы салдарынан бірқатар маңызды шаралар кейінге қалдырылып, білім саласын да айналып өтпеді. 25 мамыр күні қала мектептерінің 1-10 сынып оқушылары үшін онлайн режимдегі сынып сағаттары өтті. Ал қала орталығындағы «Жастар» аллеясында оқуда озат болып, ерекше өнерімен көзге түскен бітіруші түлектер соңғы қоңырау мерекесіне қатысты. Шараның ашылу салтанатынан кейін-ақ LED-экраннан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауы көрсетілді.

– Құрметті түлектер, жас достар! Бүгін – сіздер үшін тарихи күн. Он бір жыл білім алған мектепті бітіріп, болашаққа нық қадам басқалы отырсыздар. Облыстың оқушылары халықаралық олимпиадаларда өздерінің мықты екенін көрсетіп, топ жарып жүр. Мен облыс басшылығының атынан сіздердің ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Білімді жастар алдағы күндеріне нақты мақсатпен қадам басса, елдің тірегі болар азамат болып қалыптасады. Сондықтан еліміздің дамуына өз үлесін қосатын танымы терең, білімі жоғары азамат болыңыздар! – деді Бердібек Машбекұлы.

Осыдан кейін LED-экраннан қоғам белсенділері, ардагер ұстаздар, тіпті төменгі сынып оқушыларының да ақжолтай тілектері жолданды. Биылғы түлектердің соңғы қоңырау салтанаты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналды. Сахна алаңында ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Осыдан кейін хакім Абай бейнеленген байрақты желбіретіп шыққан 6 автобус алты бағыт бойынша қала аумағынан жүріп өтті. Көліктерге арнайы дауыс күшейткіш құрылғылары орнатылып, оқушылардың биылғы білім бәйгесінде жеткен жетістіктері жайлы мақтау сөздер жаңғырып тұрды. Ал жүк көлігінде арнайы жасалған сахнада ұлы ақынның өмірінен көріністер көрсетілді.

Осы орайда айта кететін жайт, облыс орталығындағы мектеп қабырғаларында түлектерге аттестат тапсыру және соңғы қоңырау салтанаты маусымның 3-4 аралығында өтеді. Оған мектеп бітірушілер мен ата-аналары ғана қатыса алады. Мұнымен қоса санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланады.

Comments (0)
Add Comment