Ағымдағы жылдың ақпан айында облыста «Рухани жаңғыру» жобалық офисі құрылған болатын.
Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ
Бүгінде бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру бағытында аудандар мен Тараз шаһарында аймақтық кеңсенің филиалдары жұмыс атқаруда. Жобалық офис қызметкерлерінің жұмысын біріздендіру мақсатында облыстық оқыту семинары өтіп, маңызды мәселелер айтылды. Екі күнге ұласқан семинар жұмысын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов алғы сөзімен ашып, сәттілік тіледі. Одан кейін облыстық жобалық офистің басшысы Серікбол Берікқожа бағдарламаның басым бағыттары және арнайы жобалармен тиімді жұмыс жасау жолдарын түсіндіріп, алдағы атқаратын жұмыстарды атап өтті. Мұнда бағдарламалық мақала аясында жалаулатып өтетін саны бар, сапасы төмен шаралар легін азайтып, қоғаммен байланыс орнату арқылы жобаларды дамыту қажеттігі баса айтылды.
Одан әрі семинар жұмысы секциялық жұмыстармен жалғасын тапты. Бірінші секцияда жобалармен жұмыс жасау түсіндірілсе, екінші секцияда атқарған жұмыстарды ақпараттандыру жолдары, яғни БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жұмыстары түсіндірілді.
Келесі күні семинар қатысушылары «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасына Жамбыл облысынан енген жерлерге саяхат жасаса, «Төрткүл» керуен сарайында «SANA» оқыту орталығының коучері Данияр Өмірбеков көшбасшылық қабілет, ұжымдық жұмыс, жетістікке жету жолдары бойынша дәріс оқып, «Айналайын» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Разакова ұлттық салт-дәстүрді ұстану бойынша тренинг жұмыстарын жүргізді. Содан кейін қатысушылар ұлттық ойындардан жарыстарға қатысып, марапатталды.