Жаз шықса су тапшылығынан қаңсып қалатын қара дала бұл күндері күннің күрт жылынуы мен қардың еруінен қарғын судың астында қалды. Еліміздің он шақты өңірін жайлаған алапат тасқын қарапайым халықты әбігерге салып, бір-ақ сәтте үй-жайынан, мал-мүлкінен айырды. Бірқатар өңірде төтенше жағдай жарияланып, әлі де құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Десе де, елде қара халықты тура мағынасында етігімен су кештіріп, шаңырағынан бездірген қарғын сумен күрес қарқынды жүруде. Осы орайда біз сарсаңға салған селдің салдарын жою жұмыстарына шолу жасап көрген едік.
Президент пәрмені
Әуелі елдегі орын алған жағдайға байланысты Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Жиынға Премьер-Министрден бастап Үкімет мүшелері, Президент әкімшілігінің басшылығы және өзге де саланың лауазымды тұлғалары қатысты.
Апаттың алдына дер кезінде шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатаң сөгіс арқалады. Ал Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері қатаң сөгіс пен қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту алды. Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне де қатаң сөгіс жарияланды. Сондай-ақ Президент Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында байланыстың жүйелі түрде жұмыс атқарылмағанына, сондықтан үлкен көлемдегі шығынның орын алуына өкініш білдіре отырып, зардап шегушілерден кешірім сұрады және барлық азаматқа көмек көрсетілетінін жеткізді.
Содан соң Президент су тасқынына байланысты жедел штабтың отырысын өткізді. Штабтық жиында алда-жалда бола қалатын су тасқынының алдын алу шараларына мән беруді ерекше тапсырды. Мұнымен қоса мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу және бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы қамтылу қажеттігін нақтылады.
Штабтық отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, уәкілетті органдарға, облыстардың әкімдеріне қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін тиісті шараларды қабылдау, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын бақылау жөнінде да бірқатар тапсырмалар берді. Және малдың жаппай қырылуына байланысты ушыға түскен эпидемиологиялық жағдайға да жеке тоқталды.
Сондай-ақ 12 ақпан күні Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды Үндеу жасады. «Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.
Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет. «Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет», – деді Президент.
Аймақтардағы ахуал қалай?
Қазір су тасқынына байланысты елдегі ахуал тұрақталды деп айтуға келмейді. Бір аймақта тасқынның себеп-салдары, шығыны нақтыланса, екінші өңірдің тұрғындары өзен-көл, су қоймалары арнасынан аспай ма деп қауіптенеді. Өңірлерде қарғын су салдарын жоюмен қоса, тасқынға қарсы іс-шаралар, авариялық-құтқару жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Еріген қарды бұру, инертті материалға толған қаптарды төсеу, каналдардың жағаларын нығайту, арық жүйелерін тазалау, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау сынды жұмыстар өзекті.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 17 сәуірдегі ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда 16 мың адам өз үйлеріне оралған. Алайда 6 950 адам, оның ішінде 3 113 бала эвакуациялау пункттерінде қалып отыр. «Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен үй жануарларын эвакуациялау алдын ала жүргізілді. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 116 949 адам, оның ішінде 40 781 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 112 539 бас төрт түлік қауіпсіз жерге айдалды.
Аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілуде», – дейді ведомство өкілдері.
Жалпы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 709 тұрғын үй мен 2 475 аула аумағынан су бұрылған. Алайда 5 837 жеке тұрғын үй, 1 353 аула аумағы су астында қалып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты Қызылжар ауданының Кустовое, Вагулин, Красноярка, Соколовка, Долматово ауылдарынан алдын ала эвакуациялау жұмыстары жалғасуда, 27 жеке тұрғын үй су астында қалған. Барлығы 2 465 адам эвакуацияланып, эвакуациялау пункттеріне және туыстарының үйлеріне орналастырылған. Сонымен қатар Петропавл қаласының «Подгора» шағынауданында 211 жеке тұрғын үй мен бір ғимарат су астында қалған.
Ақтөбе облысында Ырғыз ауданының Құйлыс ауылынан Ырғыз ауылының уақытша орналастыру пунктіне 96 адам эвакуацияланып, 2 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген. Құйлыс ауылында Торғай өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жалғасуда. Нұра ауылында 24 жеке тұрғын үй су астында қалған.
Батыс Қазақстан облысында Орал қаласының саяжай алаптарынан алдын ала 40 адам эвакуацияланған. Қаратөбе және Казталов аудандарының Қаратөбе және Жалпақтал елді мекендерінен Қалдығайты және Қараөзен өзендері арқылы жүзу құралдарының көмегімен 223 адам тасымалданған. Орал өзенінде қорғаныс бөгеттерін салу, нығайту және су деңгейін бақылау жұмыстары жалғасуда.
Ақмола облысында Жақсы ауданының Есіл ауылында 6 жеке тұрғын үй су астында қалған.
Қостанай облысында Жангелдин ауданының Тәуіш ауылынан Торғай ауылына жүзу құралдары мен тікұшақ көмегімен тұрғындар тасымалданып, 2 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген.
Қарғын судың оңтүстікке қаупі бар ма?
Күрт көтерілген су деңгейі оңтүстік өңірлерді де алаңдатып отыр. Мәселен, апта басында ғана Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылының 30-дан астам үй ауласының аумағын тау сағаларынан келген су басты. Өңірде күні бойы жауған жаңбырдың салдары осындай жағдайға жеткізді.
Жергілікті атқарушы билік, тиісті құрылымдарды дер кезінде ұйымдастырып, үлкен апаттың алдын алды.
Ал оңтүстік астанамыз Алматының ішінен таудан құлап ағатын Есентай өзенінің бойындағы лай араласқан асау толқындар алматылықтардың үрейін ұшырды. Дегенмен қалалық төтенше жағдай департаменті су көлемінің бұл нормасына болмашы деген баға беріп, үрейленуге негіз жоқ дейді. «Қазіргі таңда «Қазселденқорғау» ММ-нің Алматы аумақтық пайдалану-техникалық басқармасының аталған өзендердегі гидрометеорологиялық жағдайды тәулік бойы бақылайтын 10 гидробекеті жұмыс істеп тұр», – дейді Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Түркістан облысында да тоқтаусыз жауған жаңбыр жұртты тыныш қоя қоймады. Бұл өңірде Кентау қаласы көшелеріне су кіріп, 3 тұрғын үйді басқан және бір ғимараттың жертөлесіне су толып кеткен. Қаладағы бұл жағдай әлеуметтік желілерде лезде тарап үлгерді.
Дегенмен облыс басшылығының хабарлауынша, жиналған су құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің шұғыл әрекетінің арқасында арнайы техникалардың көмегімен сыртқа шығарылған.
Сондай-ақ Түркістан облысында таулы аудандарда жауын-шашынның мол түсуіне және таудың баурайындағы су ағынына байланысты Бәйдібек ауданының Ақбастау ауылында 17 аула аумағы су астында қалған.
Жылу жинау әлі де жалғасуда
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміз бойынша зардап шеккен өңірлерге теміржол, автомобиль көліктерімен және әуе кемелерімен 3 577 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген.
Бұл іске жамбылдықтардың қосқан үлесі де аз емес. Мәселен, 1 сәуірден бастап облыс аумағында республиканың өзге өңірлерінде орын алып жатқан табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек қабылдауға арналған 35 пункт ашылған. Нәтижесінде, көпшілік болып 376 тонна азық-түлік, 76 тонна өзге де қажетті тауарлар жинаған. Кәсіпкерлер, депутаттар, Ассамблея өкілдері, еріктілер атсалысқан игі іс аясында жинақталған жылу өзге өңірлерге 51 жүк көлігімен жөнелтілген.
Сонымен қатар Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен құрылымдарының өкілдері де «Жүректен жүрекке» акциясына белсене атсалысып, 46 млн 445 мың теңге көлемінде көмек көрсеткен. Атап айтсақ, облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров 200 мың теңге көлемінде көмек аударса, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі тұрғындардан 7 860 450 теңгеге теңелген гуманитарлық көмек жинаған.
Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері де қайырымды істен шет қалмай, ақшалай көмек көрсетсе, «Архыз» бірлестігі 150 мың теңге аударым жасаған.
Өңірдегі грек ұлтының өкілдері ақтөбелік ағайынға 400 мың теңгеге азық-түлік пен қажетті материалдар жөнелтсе, «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі 9 миллион 500 мың теңгеге 2 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек жіберген.
Ұйғыр ұлтының өкілдері де 1,5 миллион теңге жылу жинаса, «Шиват Цион» еврейлер бірлестігі – 250 мың, «Манас» қырғыз этномәдени бірлестігі – 3 миллион теңге, «Хазар» әзірбайжан бірлестігі – 1,1 миллион теңге, тәжік этномәдени бірлестігі – 50 мың теңге және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі 10 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен. Ал М.Қашқари атындағы Шу аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің жастары 10 миллион теңгенің азық-түлігі мен қажетті материалдарын жинап берген.
Осылайша этномәдени бірлестіктер бірлігі мен ынтымағын көрсетіп жатқанда, Тараз қаласының тұрғындары да 1,1 миллион теңгенің азық-түлігін қабылдау нүктелеріне өткізген.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысынан апаттан зардап шеккен аймақтарға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 1 мыңнан астам әскери қызметкер су шайған өңірлерге көмек көрсетуге аттанды. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы атындағы №5 механикаландырылған бригаданың әскерилері Атырау қаласында қызыл сумен күреске атсалысып жүр. Сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою үшін 107 арнайы техника жолға шықты.
Қиын жағдайда қалған ағайынға көршілес мемлекеттердің азаматтары да қол созуда. Мысалы, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендер үшін «Жәрдем керуені» атты гуманитарлық жүктің екінші партиясын жөнелтті. Мәлімет бойынша, жылуды ел азаматтары жинаған. Гуманитарлық жүкке қырғызстандық сүт өнімдері тиелген. Атап айтқанда, 10 мың литр айран, 14,2 мың қорап қаймақ, 10 мың литр сары май мен өсімдік майы, 20 тонна голланд ірімшігі, 80 тонна майсыздандырылған құрғақ сүт бар.
Сонымен қатар Ресейдің Омбы қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына гуманитарлық көмек тиелген бес жүк көлігі жетті. Омбылықтар тасқын су салдарынан петропавлдықтардың ауызсусыз отырғанын естіп, өңірге 10 тонна су әкелген. «Петропавлда осындай қиын жағдай болғандығын сенбі күні білдік. Тұрғындар баспанасынан айырылып, қала сусыз қалған. Біз бірден көмек жинай бастадық. Сөйтіп, бір тәуліктің ішінде омбылықтар қажетті заттарды әкеліп, қолдау көрсетті. 10 тонна су алып келдік. Өйткені ауызсу мәселесі әлі күнге дейін өзекті екендігін білеміз. Және күнделікті тұтынатын өнімдер жеткізілді. Ол – күнбағыс майы, күріш, картоп, пияз, ұн және нан. Сондай-ақ бөгеттерді нығайтуға керек болады деп 4 000 қап және 20 шақты етік әкелдік», – дейді Омбы қаласындағы «Иман» мешітінің бас имамы Дулат Сағитов.
Бұл – өңірге жеткізілген гуманитарлық көмектің алғашқы легі. Жуырда Омбы қаласынан тағы 5-6 жүк көлігі келмек.
Әлеуметтік көмек көрсету үзілмейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқынынан кейін тұрғындарды барынша қолдауға ниетті екенін байқатты. Мысалы, қазір елдегі ахуалға байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен мүгедектік тобын қайта куәландыру мерзімдері ұзарды. Электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы келтірілген залалды өтеуге өтініш қалдыруға болады. Төтенше жағдай режимі жарияланған қала, аудандарда тұратын 5 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалған. Яғни олар мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ көмек алып отыр. Сондай-ақ төтенше жағдай балаларды қоса алғанда, 4 мыңға жуық адамға мүгедектікті қайта куәландыру мерзімі автоматты түрде ұзарған. Жергілікті атқарушы органдар өз қаражаты есебінен су тасқынынан зардап шеккен 2,3 мың отбасына 555,4 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсеткен. Су басқан аймақтардан 96 мүгедектігі бар адам эвакуацияланып, оларға қажетінше көмек көрсетіліпті.
Елде қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін барлық 118 орталық штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды сауықтыру үшін республиканың 7 емдеу-сауықтыру шипажайына 164 орын бөлген.
Нысандар қалпына келеді
Еліміздің өңірлерінде орын алған жағдайға байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру іс-шараларын таныстырды. Министрлік тұрғын үйлерді жедел әрі тиімді қалпына келтіру жұмыстарына кірісу үшін су астында қалған нысандарды техникалық тексеруге, бағалауға ерекше назар аударады. Бұл жөнінде министрліктің ресми өкілі Меруерт Ибраева баспасөз мәслихатында хабарлады.
– Бұзылған тұрғын үй жөндеуге келсе, оны мердігерлер жөндейді. Құрылыс-жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың тетіктері айқындалды. Тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылған жағдайда типтік жоба бойынша жаңа тұрғын үй салынады. Төтенше жағдай туындау қаупіне байланысты тұруға жол бермеу туралы шешім қабылданған объектілер үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру жайы қарастырылады. Азаматтарға қолайлы болуы үшін жаңа тұрғын үй аудандарына инфрақұрылым үйлермен қатар салынатынын атап өту маңызды, – деді М.Ибраева.
Үкімет қаулысымен су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қостанай облысының Арқалық қаласының тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге төтенше резервтен 405 млн теңге бөлінген. Қаражат 2024 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Үкіметтің төтенше резервінен бөлінеді екен. Бүгінде Арқалық және облыстың басқа да елді мекендерінде үйлерді тексеру жұмыстары жалғасып жатқан көрінеді. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат бөлінеді. Бекітілген ережелерге сәйкес, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылжымайтын мүлік құнын өтеу бойынша Төтенше жағдайлар министрлігімен қатар, басқа да тиісті органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Су астында қалған нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының жалпы жоба-жоспары – осындай.
Мал шығыны қалай өтеледі?
Су басқан өңірлерде 113 мыңға жуық бас мал қауіпсіз учаскелерге көшірілген. Зиянды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссия жұмысынан кейін 6,8 мың бас мал су тасқынынан өлгені расталса, оның 75 пайызы ұсақ мал деседі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген малды жинап, жою жұмыстарын үзбеген. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және зардаптарды жою жөніндегі республикалық штаб өлген малдың құнын өтеу алгоритмін бекітті. Су тасқынынан мал шығынына өтемақы алу үшін төрт түліктің қожайындары жергілікті комиссияларға жүгініп, залалды актілеу қажет. Сосын өтемақы мөлшері малдың нарықтағы құнының деректері негізінде айқындалады.
«Қайта шапқан жау жаман»
Өкінішке қарай, ел тұрғындарын әбігерге салған су тасқынының әлегі басылар емес. Мамандар көп ұзамай бірнеше өңірде су тасқынының екінші толқыны басталады деп ескертіп жатыр. «Қазгидрометтің» гидрологиялық мониторинг басқармасының басшысы Бауыржан Жекіжановтың айтуынша, қазір Ақмола облысында су тасқынының екінші кезеңі жүріп жатыр. Жабай және Қалқұтан өзендері оянып, су әрі қарай Солтүстік Қазақстан облысына барады.
Шығыс Қазақстанның таулы аудандарында да су тасқынының екінші толқыны басталады деген болжам бар. Жазық далада қауіп сейілген, алайда күннің жылынуынан таудағы қар еріп, таулы өзендерде су тасуы мүмкін. Сондай-ақ Үлбі мен Оба өзендері де қауіп төндіріп тұр.
Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында да жағдай мәз емес. Жайық өзенінің Ресей аумағындағы «Ириклин» су қоймасынан Қазақстанға тасқын су келе жатыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы Ғалымжан Қамбарбеков Батыс Қазақстанға жеткен су Атырау облысына да баратынын ескертті.
P.S.
«Қазгидромет» РМК болжамынша, алдағы күндері ел аумағының басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста, республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда, елдің шығысында түнде жауын-шашын мол түседі. Батыс өлкелер де жауынды болады. Тек оңтүстік-батыста, елдің оңтүстігінде ғана жауын жаумайды деген болжам бар. Біраз өңірді тұман басып, жел күшейеді деседі. Қазіргі қолайсыз ауа райына қарамастан, су астында қалған өңірлерге көмекке асыққан құтқарушы, әскерилер, медицина мамандары мен еріктілерге амандық тілейміз!
Еркін САЙЫН