Сейфуллин Жолбарыс: Әйелім аңшының қызы, аң атып, балық аулап өскен қыз

Көпке белгілі әнші Сейфуллин Жолбарыс пен оның жас жары Екатерина «Алматы» телеарнасының таңғы бағдарламасының қонағы болды. Сейфуллин Жолбарыс жарымен бірге Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Екатерина сиқырлы даусымен көпшілікті таңғалдырды. Бағдарлама барысында аспаздық өнері, хоббиі туралы айтып берді. Ол қазақтың ұлттық тағамдарын пісіргенді ұнатады, ал күйеуі орыс тағамдарын ұнатады екен.

«Биыл, Алла қаласа, жылды Наурыз көжемен бастаймыз. Жақында осындай ең керемет мерекені тойласақ деп отырмыз. Жеке үйде тұратындықтан, осы тамаша тағамды даладағы ошаққа пісіргім келеді. Қазақтың барлық тағамын пісіре аламын. Қазақтың тағамдары ұнайды. Ал Сейфуллинге орыстың тағамдары ұнайды», – дейді Екатерина Жолбарыс.

Сондай-ақ сұхбат барысында олар денсаулық, сұлулық құпияларын бөлісті. Сейфуллин Жолбарыс бала күнінен спортқа жақын. Күнделікті жүгіруді әдетке айналдырған. Ал жары фитнеске барады.

“Әйелім – Балқаш жақтың қызы. Аңшының қызы. Балық аулап, аң аулап өскен. Тамақты дәмді жасайды. Орыс ұлтының бір жақсы қасиеті – болмашы дүниеге қуана береді. Кішкентай зат берсең, соған балаша қуанады. Соған риза боламын”, – дейді Жолбарыс. 

Әнші ер адам қандай жағдай болмасын, кінәсін мойындай алуы, бірінші болып кешірім сұрауы керек деп есептейді.

“Біз ұрысып қалсақ, екеуміз де қатемізді түсінеміз. Кешірім сұраймыз. Ер адамның бірінші қадам жасағаны дұрыс. Одан ешқандай абыройың төгілмейді”, – дейді әнші.

Ерлі-зайыпты 8 наурыз мерекесінде әуелі аналарын құттықтауға асығады. Содан кейін отбасымен мерекені тойламақ.

“Сейфуллин маған көп сыйлық жасады. Ең құнды сыйлық адамның ниетінде деп ойлаймын. Оның бағасында емес. Сондықтан көңіл бөлсе, сенің көңіліңе қарап тұрса, сол ең бағалы сыйлық деп білемін”, – деді әншінің жары.

Comments (0)
Add Comment