Жамбылдық теміржолшылар ағайынды Абатовтарды ата кәсіпті жалғастырып, саятшылық өнерді дамытуға атсалысып жүрген ұлтжанды азаматтар деп таниды. Ағалы-інілі Мақсат пен Бағдаттың теміржолда еңбек етіп келе жатқанына 22 жылдан асыпты. Ағасы – Тараз станциясында маневрлік диспетчер болса, інісі – ВЧД-27 Жамбыл вагон пайдалану депосында аға вагон қараушы болып жұмыс істейді. Олардың қым-қуыт тіршіліктен уақыт тауып, жүйрік мініп, тазы жүгіртіп, аң қағып тұруды әдетке айналдырғанын естігенде біз де таңғалдық. Таңдандық та, кездесіп-әңгімелесуге асықтық.
Теміржол – қажырлы жұмысты, күш-қайратты, жауапкершілікті талап ететін сала екені мәлім. Басқа жұртқа бір сарынды, ауыр жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ мүлдем олай емес. Теміржолдағы еңбек жолын 2003 жылы ПЧ-52 Түлкібас жол дистанциясында жолшы болып бастаған Мақсат Абатов мұнда да ерекше перспективалар барын айтады. Оның еңбек жолы – соған дәлел.
– Осы салада еңбек етіп келе жатқалы 22 жылда өз ісіме деген жауапкершілігіммен қатар, спортпен шұғылданатынымның арқасында қызметім өсті, талай марапаттарға ие болдым. Қазақстан теміржолының 100 жылдығына орай Түлкібаста теміржолшылар арасында қазақ күресінен өткен жарысқа қатыстым. Дистанция бастығының орынбасары «Мақсат, барыңды сал, қалайда жеңіп шық. Жеңіске жетсең, 4-разрядқа ауыстырамын», деді жігерлендіріп. Соның алдында ғана екіншіден үшіншіге ауысқанмын. Разряд алу оңай емес, талап қатал. Ал жарысқа 86 келі салмақта шығып тұрмын, финалға жетсем, 120 келі салмақтағы балуандармен кездесуім керек. Ақтық белдесуде тактикаға салып жүріп ұттым, түйе балуан атандым. Разрядым өсті. Кейін облыстық спартакиадаға жіберді. Онда волейбол ойнап, көзге түстім. Ол жылдарда Жамбыл бөлімшесі филиалын Сағымбек Ақшалов басқарып тұрған. Мені көріп, Тараз станциясының бастығына «мына жігітті осында ауыстырыңдар», деп тапсырма берді. Сөйтіп бар-жоғы екі күннің ішінде ауысып, Тараз станциясында вагон реттеуші болып жұмыс бастап кеттім. 2009 жылы ҚТЖ спартакиадасына қатысатын құрама командаға іліктім. Онда біраз спорт түрі қамтылған, жүгіру, арқан тарту, гир көтеру, мылтық ату болады. Соның бәріне қатыстым, алтыншы орын алып қайттық. 2010 жылы құраманы өзім жинап команданың дайындығын қолға алдым. Ешқандай «подставной» ойыншысыз бардық. Чемпион болып оралдық. Сол жылы пойыз құрастырушы болып ауыстым.
2011 жылы волейболдан 3-орын алып келдік. Сондағы ойынымды көріп, Өскемен мен Павлодар облысы өздеріне шақырды, «пәтер береміз, жұмысың бәрі дайын» деді. Оны сол кезеңде Жамбыл бөлімшесін басқарған Талғат Құлжабаев естіп: «Сен Жамбылдың туын көтеріп жүрсің, қайда барасың, кетпе», – деді. Өзі қолдау көрсетіп, сол жылдардағы тұрғын үй бағдарламасы бойынша 4 бөлмелі пәтер алуыма көмектесті. Маневрлік диспетчер болуы ма да, «Қазақстан теміржолының 120 жылдығы» медалімен марапатталуы ма да еңбектегі адалдығыммен бірге, спорттың көп септігі тиді. Тараз станциясы командасының спорт үйлестірушісімін. Жұмысыммен бірге қатар алып жүрмін. Ал аңшылық хоббиім. Екі ініммен бірге тазы баптап, саятшылықпен айналысамыз. Біреуі теміржолда жұмыс істейді, кенжеміз – ауылда, тазылардың күтіміне сол қарап отыр, – дейді Мақсат Абатов.
Ағайынды саятшылардың ортаншысы – Бағдат Тараз теміржол және коммуникация колледжінің түлегі. 2003 жылы оқуды бітірген соң, ВЧД-27 Жамбыл вагон пайдалану депосына дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасыпты. Қазіргі уақытта сол мекемеде аға вагон қараушы.
– Вагон шебері, техникалық қызмет көрсету пункті бастығының міндетін атқарушы болып та жұмыс істедім. Бірақ өзіме ауысыммен жұмыс жүйесі қолайлы болған соң, вагон қараушысы етіп ауыстыруды сұрандым.
Тазы ұстауға бала кезден құмармыз. Ағам екеуміз демалыс күндері қаланың күйбең тірлігінен уақыт тауып, ауылға барып, аңшылық құрып тұрамыз. Туған жеріміз – шаһардың іргесіндегі Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылы. Ата-анамыз сонда, кенже ініміздің қолында.
Біздің Жамбыл өңірінде саятшылық өнері, оның ішінде тазы жүгірту кенжелеп қалған. Көрші Алматы облысында жақсы дамыған. Біз осы ата кәсіпті жалғастырып, кең өріс алуына өз үлесімізді қоссақ деп талпынып жүрміз. Былтыр қазақ тазысы арнайы патент алды ғой. Соған ағайындылар болып, біз де атсалыстық. Тараз қаласында өткен көрмеде біздің үш тазымыз да талапқа сай шығып, арнайы сертификат алды.
Осы уақытқа дейін түрлі-түрлі жарыстарға қатыстық. Түркістанға, Балқаш жаққа да барып, тазыларымызды жарысқа қостық. Ондай жарысты Жамбыл жерінде өзіміз де ұйымдастырдық, – дейді Бағдат Абатов.
Дәулет Айнабала