Саяси жаңғыру болмаса, өзгеріс жасау мүмкін емес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауының маңызы айрықша. Өйткені бұл қоғамның қажеттілігіне негізделген, еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған бағдарламалық құжат. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін еместігі белгілі. Еліміздегі саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық мәселелерге дейін барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екендіктерін дәлелдеді. Қаңтар оқиғасы бүкіл құзыреттің бір қолда болуына негізделген басқару жүйесінің тиімсіздігін анық көрсетті. Демек, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу елімізді дамытуға жол ашады. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру қажеттілігіне орай, Президент ұсынып отырған он бастама, біріншіден, қоғамды демократияландырады, екіншіден, мемлекеттің басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді.
Құнды құжат еліміздің саяси жүйесінің жаңа жағдайларға бейімделуіне байланысты суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тарту, партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеу, Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге тыйым салу, мемлекет басшысының аудан, ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқық беретін заң нормаларын жою, яғни көп өкілеттігінен айыру саяси жаңғыру үдерісінің дамуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өкілді билік тармағын қайта құру арқылы Парламенттің рөлін арттыруды және мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтуды көздейді. Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізуге сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болмақ. Азаматтардың өкілді билікке сенімін нығайтуда мәслихаттардың рөлі артып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымы енгізіледі. Сонымен қатар аралас сайлау жүйесіне көшу арқылы азаматтардың құқығы толық ескерілмек. Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Жаңа үлгі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді, жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.
Президент тоқталған келесі мәселе партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық тұрғыда дамытуды қарастырады. Партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға азайтылып, өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіліп, партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны 1000-нан 700 адамға қысқарады, құрылтай съезін өткізу, филиалдарды құру уақыты көбейеді. Либералдандыру саясаты сайлаушыларының қордаланған проблемаларын шешуге қабілетті жаңа партиялардың пайда болуына жол ашылмақ.
Бұдан бөлек, Жолдауда сайлау үдерісін жаңғырту мәселелерін, әділ және ашық сайлау өткізу үшін әлемдік үздік дауыс беру тәсілдерін зерттеп, біртіндеп енгізу, сайлау науқанында үгіт-насихат жұмыстары туралы регламентке сәйкес әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беру қажеттілігі айшықталды. Байқаушылар институты ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі болғандықтан, олардың қызметі заңмен реттеліп, құқықтары мен жауапкершілігі белгіленуге тиісті. Аумақтық сайлау комиссиялары бір азаматтың екі рет дауыс беруіне жол бермей, сайлаушылар бірыңғай электронды базасы арқылы кез келген учаскеде дауыс беруге, сайлауға ықпал етуге жол бермеу үшін сайлау қоры қаржысының жоғарғы шегін нақтылауға міндетті.
Президенттің наурыздағы Жолдауы осындай жаңашылдықтарымен жұртшылықтың жадында сақтаулы. Жұртшылықтың да үміті оянып, ертеңге деген сенімі артты. Қорыта айтқанда, ең бас- тысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Сондықтан еліміздің амандығы мен жерінің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ.

Дүйсенкүл Керімбаева,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты,
№6 қалалық емхананың бас дәрігері

Comments (0)
Add Comment