Саяси науқанды жоғары деңгейде өткізу – ортақ міндет

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен республикалық референдумға дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиында шаһар басшысы саяси науқанның ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін тілге тиек етіп, референдум – халықтың өз еркін тікелей білдіретін басты демократиялық тетік екенін жеткізді.

– Алдағы референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыру – баршамызға жүктелген жауапты міндет. Біздің басты мақсатымыз – қала аумағында саяси науқанды заң талаптарына толық сәйкес, әділ, ашық әрі ұйымдасқан түрде өткізу. Әрбір учаске қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, дауыс беру үдерісі қауіпсіз әрі қолжетімді болуға тиіс. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру басты назарда болады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Келесі кезекте қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Уәлихан Байдуанов саяси науқанға әзірлік жұмыстарының барысы жайлы баяндады.
– Қазіргі таңда шаһар аумағында 154 референдум учаскесі бар. Оның 61-і – Жібек жолы, 93-і Әулиеата ауданында орналасқан. Учаскелердің барлығы референдумды өткізуге қажетті жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген. Науқан кезінде 1 226 комиссия мүшесі жұмыс атқарады. Олардың 95,3 пайызының сайлау жүйесінде тәжірибесі бар. Облыс орталығында референдумға қатысу құқығы бар азаматтар саны қазір 290 789 адамды құрап отыр. Азаматтарды дауыс беру орны мен уақыты туралы хабардар ету жұмыстарына көмектесу мақсатымен қала әкімдігі тарапынан учаскелерге 1 360 волонтер бекітіліп, ақпараттандыру жұмыстарына атсалысты. Бұған қоса шаһарда дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 863 адам тіркелген. Оларға бүгінгі күні 12 инватакси қызметі қарастырылып отыр, – деді Уәлихан Боларбекұлы.
Бұдан кейін Әулиеата және Жібек жолы аудандарының әкімдері Барлық Төреханов пен Қарлығаш Аралбекова күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандардағы ахуалға тоқталды.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы жауапты тұлғаларға шалғай аумақтардағы тұрғындардың референдум учаскелеріне еркін қатынауы үшін қоғамдық көліктерді ұйымдастыру, қауіпсіздік мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және дауыс берушілердің өз учаскелерін кедергісіз табуына жағдай туғызу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Comments (0)
Add Comment