«Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Себебі жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрдайым жақсы істердің басы-қасынан табылатын жастарымыз 5 маусымда өтетін республикалық референдумға да белсене атсалысуда. Әсіресе олардың саяси науқанды қолдап, оның маңызын түсіндіріп, үй-үйді аралап үгіт-насихат жүргізудегі еңбектері ерен. Бұл тұрғыда облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының белсенділері айрықша күш салуда.
Олардың ұйымдастыруымен облыс бойынша жалпы саны 5061 жас қамтылған. Олар бүгінге дейін халықпен тығыз жұмыс істеп, 161 іс-шара ұйымдастырып үлгерген. Оның ішінде 3000 адамды қамтыған 30-дан аса жастар акциясын атап өтуге болады. Бұдан бөлек, 3 форум өткізіліп, адрестік жұмыстар да жүргізілуде екен. Белсенділігі бойынша Жуалы ауданы көш бастаса, одан кейін Жамбыл мен шулық жастар үздік үштікті түйіндеп тұр. Байзақ, Қордай, Меркі, Сарысу, Талас, Мойынқұм және Т.Рысқұлов ауданының жастары да қалысар емес. Облыс орталығының өзінде бұл іске 300-ден аса жас белсене кіріскен. Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркеповтің айтуынша, жастардың бүгінгі белсенділігі расында көңіл көншітерліктей.
– Ерікті болу арқылы жаңа қоғамдағы тенденция, жастардың қалыптасуы мен тәрбиесін қалыптастыруға болады. Бұл референдумға қаламыздан жастар ресурстық орталығына қарасты 300-ден аса жас белсенді жұмылдырылған. Олар қала тұрғындарын 5 маусымдағы саяси науқанға шақыру үшін үй-үйді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мекемелерге де ат басын бұрып, референдумның маңыздылығын кеңінен насихаттауда. Көптеген форумдар мен акциялар да өткізілуде. Сондай-ақ 50-ден аса жас ол күні дауыс беру учаскелерінде бақылаушы болады. Осы орайда тұрғындар арасында ақпараттандыру деңгейін арттыру мақсатында жұмыс істейтін белсенді жастардың көп болуы үлкен көмек деп білемін. Жалпы қаламыздың жастары ешқандай игі шарадан тыс қалып көрген емес. Олар қамқорлықты қажет ететін жандарға қайырымдылық жасаумен қатар, қарттардың, ардагерлердің отбасына барып шаруаларына да көмектесіп тұрады. Әрі бұл қызметтері үшін ешкімнен ақы сұрамайды. Елбасы да, Мемлекет басшысы да Алаш арысы Мағжан сенген жастарға қолдау білдіріп, зор жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан осының үдесінен шығуымыз аса маңызды, – дейді Абзал Есенұлы.
Санаулы күндерден соң өтетін жалпыхалықтық референдумның еліміз үшін маңызы зор болмақ. Себебі осы арқылы Жаңа Қазақстанның іргетасын қалап, кемел келешекке қадам басамыз. Ал бұған жастардың белсенді атсалысуы жанымызды жадыратады.
Наргиза Туракулова,
Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті