Сауда үшін емес, сауап үшін айтылатын жыр

Сауда үшін емес, сауап үшін айтылатын жыр

Күллі мұсылман баласы асыға күткен қасиетті Рамазан айы биыл көктемнің алғашқы күні есігімізден енді. Оразаның не екені, оның қайдан пайда болып, нендей себепке байланысты шыққаны мұсылмандыққа бет бұрған кез келген адамға белгілі.

Оған қоса, тек бұл айда ғана орындалатын діни рәсімдердің барлығы да сол мұсылман жамағатына жақсы таныс. Сол дәстүрдің бірі – жарамазан. Бүгін де кейбір ақпарат құралдарында бұл дәстүр «жарапазан» деп жазылып жүр. Қайсысы дұрыс, ғалымдар не дейді? Бүгінде дәстүрлі жырды қалай айтып жүрміз? Шағын мақаламызда осы тақырыпқа үңіліп көрмекпіз.
Жарамазан – маусымдық күнтізбелік ғұрып фольклорына жататын түркі халықтарына көп таралған байырғы жанр. Аталған жанрды тәжіктер «раъбиман» деп атаса, өзбектер «Ё, Рамазон», түрікмендер «Я-ремезан», түріктер «Рамазан мәнисі» деп атаған.
Белгілі жазушы Момбек Әбдіәкімұлы қазақта ертеде «жарамазан» деп айтылған әннің кейінгі жылдары «жарапазан» деп айтып та, жазып та жүргенін айтады.
– Ата-бабаларымыз ап-анық әрі түсінікті тілмен «жарамазан» деп атаған осы бір ораза кезінде айтылатын әуеннің аты неліктен «жарапазанға» ауысып кеткенін көп жылдар бойы зерттедім. Мәселен, «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты», «Ақжол» сияқты қазан төңкерісінен бұрын шығып тұрған газеттерде бұл әннің атын «жарамазан» деп жазған. Өкінішке қарай, діндік қалпымыз өз орнына келіп жатқан бүгінгі заманда осындай мағынасы бар жарамазанды кешегі кеңестік атеистер тәрізді «жарапазан» деген сөзге айналдырып айту, болмаса жазу тыйылмай тұр. Ешкім рамазан айын «рапазан айы» демейді ғой. Ендеше, жарамазанды жарапазан деу – өте орынсыз һәм тұрпайы болмақ, – дейді жазушы.
Жазушының пікірін М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті Әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бақтияр Алпысбаев та қуаттай түседі.
– «Жарамазан» деген сөз араб тілінде «Рамазан келді» деп аударылады. Дұрысы «жарамазан» деп айтылады. Жарамазан айту дәстүрі тек қазақ халқында емес, сонымен қатар Орта Азиядағы түркі тілдес халықтарында кеңінен таралған. Тарихшылардың пікірлерінше, жарамазан – ислам дінінің келуімен пайда болған тұрмыстық салт жырлардың бірі. Ораза айында елдің көңіл күйін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, халықты имандылыққа, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Сонымен қатар үйдін иесіне үлкен құрмет көрсету мақсатында мадақтау айтатын. Жарамазанды үлкендерден үйренген ауыл балалары да жаттап алып, топтасып кешке ел орынға отырған шақта ауыл аралап жарамазан айтқан. Жарамазан айтқан үйден ырым алғаннан кейін міндетті түрде бата беріледі. Бата жыр түрінде болып келеді де жақсылық, ізгілік ниет білдіреді. Жарамазан айту дәстүрінде көбінесе «Мұхаммед», «мұсылман», «ораза», «ислам» деген сияқты ұғымдар көп айтылады. Мысалы, «Мұхаммед үмбеті айтқан жарамазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылады, – дейді дінтанушы.
Ал Нұр-Мүбарак университетінің түлегі Ерзат Төлешұлы «жарамазан» сөзінің шығу тарихы туралы екі түрлі пікір барын айтады.
– «Жә-ә рамазан» немесе «Йарамазан». «Жә-ә рамазан» дегені «Рамазан келді» дегенді сөз. Яғни, «жә-ә» сөзі «келді» деген мағынаны білдіреді. Ал екінші нұсқа бойына «Йарамазан» яғни «Йә, рамазан». Белгілі түрколог ғалым Төрәлі Қыдырдың пайымынша, екінші нұсқа ойға қонымды екенін айтады. Себебі жалпы түркі халықтарының қыпшақ тобына жататындары «й» орнына «ж» әрпін көбірек қолданған. Содан түркі жазба тіліндегі «й» дыбысы ауыз әдебиетінде «ж»-ға ауысқан. Мұндай қолданыс күні бүгінге дейін кейбір түркі халықтарында сақталған. Мысалы, «жақсы»-ны, «яқшы–йақшы» деп қолдану. Осындай тілдік ерекшеліктерге байланысты уақыт өте келе «жарапазан» немесе «жарамазан» аталып кетсе керек. Жазба әдебиетте «Йә, рамазан», «Мәрхәбән, йә, рамазан», «Йә, шәһри рамазан» деп басталатын өлең жолдары кездеседі. Тіпті, осындай атаулармен ХХ ғасыр басында жарық көрген кітаптар да бар. Солардың қатарында Кәрібоз ақынның «Мәрхабан, йә, рамазан» және Мәулекей Жұмашевтің «Йә, шәһри, рамазан» еңбегі бар, – дейді дін өкілі.
Осы жарамазан тәуелсіздік кезеңде қоғамда діни бостандықтың оралуына байланысты ел арасында қайтадан көрініс тапты. Белгілі әншілер де сахнада шырқады. Тіпті ұялы байланысқа SMS арқылы жарамазан жолдап, бірлік сұрайтындар да бар. Кейде тапа-тал түсте айтушылар да кездеседі. Кейде базар не басқа жерлерде ансамбльмен де айтып жүренін көзіміз шалып жүр. Әдет-ғұрып және салт-дәстүрді насихаттаушы Майра Ормолдаева бүгінде жарамазанды орындайтындар шынайы сауап үшін емес, қаржы табудың көзіне айналырдып алғанына қынжылады.
– Бұл жырды орындайтындарда «Мына жерге кіріп айта салып, қалтамызды теңгеге толтырып шығайық» деген мақсат болмауы керек. Есігіне барып, жарамазан айтса, қазағым ешкімді құралақан қайтармаған. Қазір, тіпті кішкентай балалардың өзі мұны бизнеске айналдырып алғандай. Олардың ата-аналары қайда қарап отырғанын білмейсің. Олар не айтып жүргенін өздері де білмейді. Үй-үйді аралаумен қатар, жолдан-жолды жағалап машиналардың бағдаршамға тоқтаған сәттерін күтіп келіп, жарамазан айтып, ақша сұрайды. Олар – бала. Ата-анасы қайда қарап отырғанына таңым бар. Бір күні машина астына түспесіне кім кепіл? Сондықтан әке-шеше абайлауы керек. Баланың алдындағы жауапкершілігін сезінсе екен. «Айтпасын» демеймін. Айтсын, бірақ қауіпсіз жерде. Көршілерін, туған-туысқандарына айтсын. Балалар, тіпті кафе-ресторандарды жол бойында кездесетін түрлі дайын тамақ сататын дүңгіршектердің барлығын жағалап жүр. Бұл – қауіпті, – дейді М.Ормолдаева.
Қорыта айтқанда, жоғарыдағы мамандардың пікірінше, көне жанрдың «жарапазан» емес, «жарамазан» екенін анық аңғаруға болады. Сонымен қатар бүгінгі жарамазаншылардың қазақтың ауыз әдебиетін, тұрмыс-салт жырын жаңғырту болып көрінгенімен, жарамазанның бастапқы мән-мағынасынан, негізгі мақсатын түсінбеушілік немесе жалаң ұраншылдыққа айналып бара жатқандай. Десе де, жоғалтып алғаннан, жұрт жадында жаңғырып жүргені дұрыс та шығар…

Гүлдана ЖҰМАДІЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
6В03212-«Конвергентті журналистика»
білім беру бағдарламасының
4-курс студенті

Comments (0)
Add Comment