Сауатсыздық сан соқтырады

Қазақ тарихында Бөкей ордасының ханы болған Жәңгір Бөкейұлы орны бір төбе. Жәңгір ханның дін мен ғылымға бірдей көңіл бөліп қазақ зиялыларын қалыптастырудағы еңбегі орасан. Бір жағынан, хан өзі сауатын үнемі арттырып, ғылыми ортамен тығыз байланыс жасаса, екінші жағынан, дінге де аса мән беріп қараған. Медресе мен мешіттер тұрғызып, Ислам дінінің дамуына көп үлес қосқан. Жәңгір хан жасаған жақсылықтарға жеке тоқталсақ…

Жәңгір хан жастайынан батыс және шығыстық үлгідегі ғылым мен құндылықтарды бойына сіңірді. Осы бағытта заманауи ғылыми жетістіктер мен қоғамдық дамуды қамтамасыз ету үшін батыс құндылықтарын игеруге тырысты. Соның бір қатарын біз ханның оқыған кітаптары мен күнделікті басылымдарынан көре аламыз. Жәңгір ханның батысшыл бастамаларына көбіне орыс тіліндегі әдебиеттердің ықпалы зор. Олар: «Современник», «Отечественные Записки», «Журнал Министерства Народного Просвещения», «Северная пчела», «Посредник», «Земледельческая газета», «Сенатские ведомости» т.б газет-журналдар. Осы басылымдар арқылы хан патшалық Ресейдің тыныс-тіршілігімен ғана емес, әлем жаңалықтарымен де танысып отырған. Аталған басылымдардың бағыты әртүрлі және сол кездегі қоғамның әр саласын дамытуға бағытталған. Мысалы, «Современник» журналы – А.Пушкиннің бастамасымен 1836 жылы ашылған әдеби-публистикалық журнал. Алғашында жылына төрт рет, 1843 жылдан бастап ай сайын шығып отырған журнал сол кездегі әдебиет пен жазба өнері, өзге де қоғамдық мәселелерді көтерген. Сондай-ақ Батыстан леп алған патшалық зиялыларының демократиялық ойларының дамуы да осы журналда көрініс тапқан. Сол секілді «Отечественные записки» журналы саяси, көркем әдебиет пен ғылымды бірге қамтыған. «Земледельческая газета» беттерінде ауыл шаруашылығы мен жер игеруге қатысты мақалалар, заң актілері және жәрмеңкелердегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағалары мен өзгерістері жайлы жаңа ақпараттар берілген. Газет Егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігінің ресми басылымы саналған. Қазақ халқының жері кең болғанымен, жерді тиімді игеру мәселесі ол кезде өзекті еді. Сондай-ақ хан ставкасында жәрмеңкелер мен алыс қалалардан келетін сауда керуендерінің алыс-берісін өте тиімді ұйымдастыру да маңызды болған. Яғни аталмыш газет ханның осы бағыттағы істеріне ақпараттық көмекші болғанын көрсетеді. Дәл осылай әр журнал қоғамдағы әр саланың жаңалықтары мен өзгерістерін ханға ақпараттандырып, өрісін кеңейтіп отырған. Әрине, мұның бәрі ханның ел басқару ісіне тікелей әсер етері сөзсіз. Қарапайым ел көрмегенді көріп, алдағы уақытты болжай білуге жол ашқан.

Күнделікті басылымдардан бөлек, Жәңгір әртүрлі тілдегі ғылыми кітаптар жинаумен әуестенген. Парсы, түрік, араб, татар тілдеріндегі әдебиеттер Жәңгірдің кітапханасында «Шығыс тіліндегі кітаптар» деп берілген. Хан өмірден өткен кезде оның кітапханасында 212 шығыс тіліндегі кітаптар болған.

Жәңгірді патшалықтың ғылыми ортасымен не байланыстырды? Алдымен мұнда ханның ғылымға қызығушылығы мен өрісін кеңейтуге деген ұмтылысы жатыр. Жәңгір хан 1826 жылы Мәскеуде өткен І Николайдың тәж кию рәсіміне қатысып, қайтар жолда Қазанға ат басын бұрады. Қазанда жергілікті атқамінерлермен жолыққан соң Қазан университетіне арнайы соғып, ректор Карл Фукспен бірге оқу орнын аралап, танысып шығады. Ханға шығыс тілдеріндегі кітаптар мен мұрағаты сақталған кітапхана ерекше ұнайды. Сол кезден бастап хан университетпен байланысын үзбейді.

Ханның академиялық ортамен байланысының екінші бір себебі – Жәңгір ғылымды дамытуға қажетті материалдық ресурстар мен қызметін аямады. Өйткені ол кезде қазақ немесе өзге де отар халықтарға патшалық Ресей шенділері мен зиялыларының тегін білім беруі немесе ғылыми жетістіктерді табыстауы қиын еді. Оларға отар халықтардың қараңғылықта болғаны тиімді болды. Орыстың арасында өскен хан мұны жақсы білетін. Сондықтан Жәңгір хан университет мүшелерімен, зиялы оқымыстылармен тығыс байланыс орнатты.

Жәңгірдің батысшыл және діни келбеті оның зайырлы және исламдық бастамаларынан анық көрінеді. Ханның зайырлы өмірдегі ең үлкен жетістіктері ретінде денсаулық, білім беру, инфрақұрылым, диқаншылық, мал шаруашылығы, сауда т.б салаларды айтуға болады. Жәңгір хан денсаулық саласы бойынша қазақ даласында алғаш рет екпе егуді қолға алып, батыстық үлгіде білім алған дәрігер әкеліп, дәріхана жұмысын ұйымдастырды. Алғашқы дәріхана 1838 жылы ашылса, Қазан университетін бітірген А.Сергачев деген дәрігерді ордаға бас дәрігер ретінде тағайындады.

Жәңгір хан 1841 жылы ордада зайырлы білім беретін мектеп ашты. Бұл мектепте орысша және мұсылманша сабақтар қатар жүргізілді. Алғашында халық «шоқынып кетеді» деп балаларын мектепке беруге қорықты. Кейін халық аузында «Жәңгір мектебі» аталып, қазақ балаларын ғылымға бастайтын оқу орнына айналды. Көптеген қазақтың ғалымдары мен қоғам қайраткерлері осы мектептен түлеп ұшты.

Сауда саласы бойынша хан жәрмеңке ұйымдастыру және хан ордасын Ресей мен Орта Азия хандықтары арасында сауда көпірі ретінде орнықтыру жұмыстарын сәтті жүргізді. 1832 жылы сауда жәрмеңкесін ұйымдастыруға рұқсат алғаннан кейін жиі-жиі маусымдық жәрмеңкелер өткізді. «1833 жылы өткізілген жәрмеңкеге 562 971 бас мал жеткізіліп, 339 174 сомның тауары сатылды. Өзге елдерден мата, қант, шай, ыдыс-аяқ сияқты ордада өндірілмейтін тауарлар қойылды. Қазақтың негізгі өнімі төрт түлік болғандықтан, оның денсаулығы мен жұтқа тап болмауы аса маңызды. Сол себепті хан білікті мал дәрігерлерін алдырып, ордадағы малдың саулығын бақылады. Ауыл шаруашылығының тағы бір түрі жер игеруге келсек, хан сол кездегі жер жыртатын және жер өңдейтін жаңа құралдарды ордаға алдыруға тырысты. Ал ханның инфрақұрылым бағытындағы жұмысы ретінде 1841 жылы пошта-телеграф байланысын орнатуын айта аламыз. Ол кезде пошта-телеграф байланыс жасаудың заманауи жолы еді. Сондықтан хан байланыстың бұл түрін ордаға енгізу арқылы батыстың ғылыми игілігін игеруге үлес қосты.

Жәңгір батысшыл реформаторлық сипатымен бірге діндарлығымен және Ислам дініне тигізген мол үлесі арқылы тарихта қалды. Дін жолында хан мешіт-медресе салу, діни кадрларды дайындау және шетелден алдырту, ел арасында діни құндылықтарды кеңінен тарату секілді бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеді.

Жәңгірдің үлкен мешіті немесе «Ай белгілі ақ мешіті» 1835 жылы салынды. Хан мешіт салу ісінде бір мешітпен шектелмеді. Бұл жайлы патшалықтың отаршыл миссионері Е.Малов былай дейді: «1851 жылы Бөкей хандығында әр 170 үйге бірден келетін 126 молда бар еді, Жәңгір ханға дейін молдалардың саны 15-тен көп емес еді. Ордадағы әр молдаға тиесілі (имамдық жасайтын) мешіттердің бар екендігі күмәнсіз. Келесі саны тек 30 жыл ішінде едәуір артты. Өйткені Жәңгірдің 1842 жылы абыройы артып жеке өзі мешіттер мен мектептер салуға бұйрық берген». Бұл жерде Е.Малов мешіттер мен молдалардың саны прапорциямен өсіп жатқанын меңзеп тұр. Дін мамандары алғашында татарлар болса, кейін жергілікті рулардан да молдалар мен дін адамдары шыға бастады. Деректерде Жәңгір хан тағайындаған 113 молданың аты мен қай рудың арасында жұмыс істегені нақты көрсетілген. Жәңгір ханның қол астындағы молдалар жайлы арнайы зерттеу жүргізген Н.Сабырғалиева: «1823 жылы билікке келген Жәңгір хан мұсылмандықты қолдаумен қатар қазақ даласында халық ағарту ісін қолға алды. Аймақтағы татар молдаларының салмағын әлсіретуге бел буған Жәңгір хан қазақ балаларын зайырлы мұсылмандық ілімге тартты. Нәтижесінде Қазан татарларының орнына әр руға бірнеше қазақ молда тағайындады», – деп Жәңгір ханның қазақ молдаларына қолдау білдіргенін айтады.

Жәңгір ханның қызметі мен Бөкей ордасы жайлы зерттеу жүргізген А.Харузин «Киргизы Букеевской орды: антрополого-этнологическій очерк» еңбегінде: «Молдалар қырғыздар (қазақтар) арасында мұсылмандықты орнықтыруға бар күшін салды және бұл олардың қолынан келді. Оның үстіне оларды ханның өзі қолдап отырды», – дейді. Өз кезегінде бұл ханның діни құлшылық пен Исламның дәстүріне берік болғанын, ел арасына білімді дін адамдарын әкеліп, діни ағартуды шындап қолға алғанын көрсетеді.

Жәңгір ханның діни және зайырлы білімді дамытудағы үлесін Бөкей ордасында туып, Жәңгір мектебінде білім алған Мұхамед-Салық Бабажанов: «…Соңғы уақыттарда Жәңгір Бөкеевті хан етіп тағайындағаннан кейін ғана біздің оқуымыз айтарлықтай кең түрде және жылдамырақ алға басты. Осы жанның арқасында, оның камқорлық көрсетуімен және басқа да қажеттіліктердің нәтижесінде Орда ішінде сауатты адамдар шыға бастады. Қаза болып кеткен хан оқушыларды және оқытатындарды сыйлауда ақшасын да, күш-қуатын да, оқудың пайдалы екендігіне ордалықтарды жүгіндіруде ештеме де аяп қалған жоқ», – деп аса жоғары баға береді.

Жәңгірдің көзі тірісінде діни қызметі патша билігі тарапынан аса сынға ұшырамады. Алайда хан өмірден өткеннен кейін оның діни-ағартушылық ісін патшалықтың отарлық саясатына қарсы жасалған жүйелі қорғаныс әрекеті ретінде бағалады. Яғни хан патшалыққа тікелей қарсы шықпағанымен халықтың шоқынып, діні мен тілін жоғалтпауы үшін ордадан мектептер мен медреселер ашты. Ал тілі мен дінін жоғалтпаған халық өз тәуелсіздігіне қол жеткізуге әрқашан ұмтылады. Өзге халықтың құрамына сіңіп кетпейді.

Қорыта айтқанда, Жәңгір ханның ғылым мен дінді қатар дамытуы қазақ халқының сауаттылығы мен рухани дамуына орасан үлес қосты. Ол келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін реформалар жасап, бар ынта-жігерін аямады. Оның игілігін бүгінгі ұрпақ көріп отыр. Әлі күнге дейін еліміз діннен де, кең байтақ жерінен де айрылған жоқ. Сондықтан келер ұрпақтың болашағы үшін діннің де, білімнің де өзіндік орны бар. Оларды біріне-бірін қарсы қою немесе бірін қоғамнан ысырып тастау келешегіміз үшін тиімсіз болмақ.

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ

 

Comments (0)
Add Comment