«Сатылымға қойған». Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде дүкен тонағандар ұсталды

Алматыда техника дүкенін тонап кеткен атыраулық ұсталды, – деп хабарлайды «JambylTaraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Күдіктіні Наурызбай аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері анықтады. 22 жастағы тұрғын Тимирязев көшесіндегі «Белый ветер» дүкенінен тонаған техниканы сатылымға қойған.

Күдікті уақытша тұрғылықты жерінде ұсталды. Оның үйінен 7 ноутбук, 12 ұялы телефон, үш флеш-карта, екі колонка, екі жұп құлаққап, ұялы телефондарға арналған аксессуарлар, сондай-ақ көзілдірікке арналған жиектемелер тәркіленді. Жауап алу барысында күдікті тәртіпсіздіктер кезінде осы аталған заттарды техника сататын дүкеннен ұрлағанын мойындаған.

Қылмыстық іс одан әрі тергеу үшін аумақ бойынша Бостандық ауданының Полиция басқармасына берілді. Қылмысқа қатысы барлар анықталып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қатар, Әуезов ауданының полицейлері қылмыстық жолмен алынған заттарды уақытша сақтау қоймасы болған пәтерді анықтады. Оған үш қыз бен екі ер адам иелік еткен.

Бұл айыпталушылар «Азия Парк» сауда үйінде орналасқан бірнеше бутикті тонағаны анықталды. Оңай табыс тапқысы келгендер аяқ киім, косметика және әйелдер аксессуарларын қолды қылған. Ұрланған заттарды қоқыс сөмкелеріне салған. Ал үйде қысқыш көмегімен киімнен магниттік белгілерді алып тастай бастаған.

Ұсталғандардың ең кішісі – 19 жаста, үлкені – 28 жаста. Олар елдің басқа аймақтарынан келген. Заттай дәлелдемелер алынды. Күдіктілер қамауға алынды.

 

Comments (0)
Add Comment