Сарысу ауданында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын табуда

Сарысу ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы белсенді жүргізіліп, ауқымы кеңейе түсті. Шын мәнінде, тазалықты сақтау, туған жерді көгалдандыру және абаттандыру үлкен маңызы бар іс.
Ауқымды экологиялық науқан «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атауымен апта сайын өткізіліп, игілікті шаралар жүзеге асты. Акция жыл аяғына дейін жалғасатын болды.
Бүгін, аудан жастарының қатысуымен Жаңатас қаласынан Саудакент ауылына қарай шыға берістегі «Жасыл белдеуде» сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған игі шарада аудан жастары тазалық жұмыстарына ұйытқы болып, туған жерді түлетуге ат салысты.
«Жасыл белдеудегі» талдар ретке келтіріліп, белдеудің іші қураған шөптерден, күл-қоқыстардан тазартылды.
Акция барысында Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орынбаев сөз сөйлеп, туған жерді таза ұстау, қоршаған ортаға құрметпен қарау әрбір азаматтың басты парыз екендігін айтты. Бұл жұмыстардың күнделікті жалғасын тауып отыру керектігіне тоқталып, аудан жұртшылығын, жастарды тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырды.
«Туған жерді таза ұстап, жасыл желекке бөлеу біздің басты міндетіміз болу керек. Өйткені, қоршаған ортаның таза әрі көрікті болғаны өзіміз үшін қажет», – дейді белсенді жастар.

Comments (0)
Add Comment