Бүгін Сарысу ауданы әкімі Марат Сұлтанғалиев Байқадам ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды.
Алты мыңнан аса халық тұратын ауылдық округтің инфроқұрлымы жақсы жолға қойылған. Ауылдағы 38 көшенің 31-іне асфальт жабындысы төселген. Оларды жарықтандыру жұмыстары да жыл санап жүйеленіп келеді.
Ең әуелі аудан басшысы өткен жылы пайдалануға берілген Саудакент ауылдық спорт кешенінің жұмысымен танысты.
Одан әрі Марат Қырғызәліұлы Саудакент ауылдық емханасына барып, медициналық нысанның жылу жүйесін тексерді. Қазандықтың температуралық режимін тексерді. 2021 жылы күрделі жөндеуден өткен емхана күніне орта есеппен 100 тұрғынға қызмет көрсетеді. Меднысанның жұмысын таныстырған дәрігер Рымтай Қоңырқызының айтуынша, «PFizer» вакцинасын жоспарланған 433 адамның 356-ы (26 қаңтардағы мәлімет) ерікті түрде қабылдаған. Ал ревакцинациядан 2 ай ішінде 400-ден аса тұрғын өткен.
Әкім жергілікті білім ордасына да бас сұқты. Қазіргі таңда Б.Адамбаев тірек орта мектебінде 812 оқушы білім алуда. Мектептің материалдық-техникалық базасы соңғы үлгіде жабдықталған.
Аудан басшысы ауылдағы ірі азық-түлік дүкендеріне соғып, жеке кәсіп иелерімен де кездесті. Дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың шектен тыс қымбаттамауын қадағалауды тапсырды.
Мыңға жуық ауласы бар ауылдық округтің өзіндік өрт сөндіру бекеті бар. Іссапар аясында аудан басшысына жуырда ғана жеткізілген сыйымдылығы 5 тонна су жаңа өрт сөндіру техникасы таныстырылды.
Жұмыс сапары соңында аудан басшысы ауылдық округ әкімдігінің мәжіліс залында тұрғындармен кездесті. Барлық санитарлық талаптар сақталған жиынға ауыл ардагерлері, шаруа қожалық төрағалары және қоғам белсенділері қатысты.
Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралау барысында көзкөрген олқылықтарды жою бойынша, сондай-ақ, қордаланған бірқатар мәселелер бойынша округ әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
Айта кетейік, аудан басшысы өткен аптада Тоғызкент, Досбол, Игілік және Жаңаталап ауылдық округтерінде жұмыс сапарымен болды.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі