Сарысу аудандық орталық ауруханасында балалармен мен жүкті және емізулі сәбиі бар әйелдерге Pfizer вакцинасын егу 24 қараша күні басталған болатын. Алғашқылардың бірі болып екпені ерікті түрде М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының 6 оқушысы алды. Солардың бірі, аталған білім ордасының 11-сынып оқушысы – Аруай Орынбасар.
Аруай өзге қатарластары сияқты ата-анасының егпе алуға қарсы еместігі туралы рұқсат қағазын медициналық кітапшасымен бірге емханаға ала келген. Ол алдымен міндетті тіркеуге алынып, екпеге жауапты дәрігер маманның арнайы бақылауынан өтті. Бәрі дұрыстығына көз жеткізген соң, екпені қабылдап, «Күту залында» 30 минут дәрігердің бақылауында болды. Екпеден кейін ешқандай кері әсері байқалмағандықтан, оқушыларды сынып жетекшілері мен ата-аналары үйлеріне алып қайтты.
Аудандық орталық ауруханасының емхана бөлімінің меңгерушісі Айнұр Тұяқбайқызының айтуынша, өңірге PFizer вакцинасының 300 дозасы жеткізілген.
COVID-19 -ға қарсы аталған вакцинаны алуға Жаңатас көпсалалы колледжі студенттерінің ата-аналары да өтініш білдірген. Бүгінгі таңда (2 желтоқан күнгі көрсеткіш) аталған оқу орнының 20 студенті екпе алып үлгерген. Ол үшін жергілікті емханаларда барлық жағдай жасалған. Оған ата-аналар да дән риза. Мәселен, Жаңатас көпсалалы колледжінің 2-курс студенті Серғали Жұмабайұлының анасы Гүлнұр Жантасова екпе алушыларға қолайлы жағдай жасалғанын айтады:
– Бүгін ерікті түрде баламды екпе алуға алып келдім. Тіркеуден өтіп, вакцина алған соң, күту залында жарты сағат дәрігердің бақылауында болдық. Бұл шешімге баламның болашығына, денсаулығына алаңдаушылық танытқан соң келіп отырмын, – деді қала тұрғыны өз сөзінде.
Айта кетейік, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерді вакциналау үшін ата-анасының жазбаша түрде рұқсат қағазы қажет.