САРЫБЕКОВ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының құрылтайшылар кеңесінің шешімімен Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице — президенті лауазымына тағайындалды. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпараттық агенттігі «Turaninfo.kz» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Махметғали Нұрғалиұлы педагогика ғылымдарының докторы, академик.

Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков 1956 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгер (қазір – Төле би) ауданы, Қазығұрт ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетін «Физика» мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты. Студенттік жылдары «Қазақстан мектебі», «Студенческий меридиан» журналдарында табиғатты қорғау және оны тиімді пайдалану, экология проблемаларының педагогикалық аспектілері жайында мақалалары жарық көрді. Педагогика және психология проблемалары жөніндегі студенттік жұмыстардың Бүкілодақтық /Махачкала, 1974ж./ және жас ғалымдардың Республикалық байқауларына /1978ж./ қатысып, жеңімпаз атанды. Ұстаздық еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Ванновка ауылының М.В.Ломоносов атындағы орта мектебінде мұғалім болып бастады.
1978-1981 жылдары ауылдық жалпы білім беру мектебінде жұмыс істеп, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді: шәкірттері бірнеше рет физика пәні бойынша өткізілген республикалық, облыстық, аудандық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. «Менің Отаным – КСРО» пионерлер мен оқушылардың Бүкілодақтық экспедициясы шеңберінде жұмыс істейтін оқушылардың туристік-өлкетану тобының жетекшісі болды.
1981 жылы Мәскеу қаласында КСРО Педагогика Ғылымдары Академиясына Оқытудың мазмұны мен әдістемесі ғылыми зерттеу институты аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп, «Методика экологического воспитания младших школьников при обучении курсу природоведения во 2-4 классах» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын мерзімінен бұрын қорғап шықты.
1984-1996 жылдары Жамбыл педагогикалық институтында аға оқытушы, «Педагогика» кафедрасының доценті, «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, педагогика факультетінің деканы, оқу жұмыстары жөніндегі проректор қызметін атқарды.

1996 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің докторантурасына түсіп, «Теория и практика экологической подготовки будущих учителей» тақырыбында мерзімінен бұрын докторлық диссертациясын қорғап шықты.
1998-2001 жылдары Л.М. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректор, оқу жұмыстары жөніндегі проректор қызметін атқарды.
2001-2004 жылдары – Еуразия гуманитарлық институтының ректоры /Астана қ./. 2004 жылдың наурыз айынан бастап 2009 жылдың қараша айына дейін – Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры.

2009 жылдың 16 қарашасынан 2012 жылдың қарашасына дейін Қазақстан Республикасының Білім жіне ғылым вице-министрі болып қызмет атқарды. Министрлікте мектепке дейінгі және орта білім, жастар саясаты және тәрбие жұмысы, балалардың құқықтарын қорғау салаларын басқарды. Заң шығару тәжірибесі бар: Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы», «Білім туралы», «Назарбаев университет, Назарбаев зияткерлік мектептері, Назарбаев Қоры» туралы заңдарын дайындаған Министрліктің жұмыс тобын басқарды.

2012 жылдың қараша айынан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректорының міндетін атқарушы.

2013 жылдың қаңтар айынан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры. 2013 жылдың сәуір айынан бастап Оңтүстік аймақтық ректорлар кеңесінің төрағасы.

2021-2022 жылдары Жамбыл облыстық VІІ шақырылым мәслихатының хатшысы.

Comments (0)
Add Comment