Полиция имиджін арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға әзірлік мақсатында тараздық тәртіп сақшыларының қатысуымен жалпыгарнизондық жиын өтті.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Еліміз жыл өткен сайын мемлекеттік құрылымдар қызметінің ашықтығына қол жеткізуге ұмтылып келеді. Қандай да бір құрылым қызметі турасындағы ақпараттың өзектілігі міндеттерді адал орындауға, сыбайлас жемқорлықпен күресуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтар арасындағы сенім деңгейін арттырады.
Тәртіп сақшылары бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Олар өздерінің қызметтерін қоғамға ашық көрсетіп келеді. Осы мақсатта жергілікті полиция қызметінің алаңында жаңа форматтағы жалпыгарнизондық жиын өтті. Бұған дейінгі жиындар жүйелі түрде ұйымдастырылып келген болатын. Алайда жаңартылған әдіс бойынша мұндай сипаттағы шара әр аптаның жұма күні барлық өңірлерде өткізілетін болады. Шара барысында апта бойына орын алған қылмыстар бойынша есеп беріліп, ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталады. Сондай-ақ келер аптаға арнайы тапсырмалар беріледі. Шара Жамбыл облысы Полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Бауыржан Удергеновтің саптық тексерісінен басталды.
– Полиция тек тәртіп сақшысы ғана емес, үлгілі азамат болуы керек. Сіздерден қызмет бабында жүргенде барлық ережелерді сақтауларыңызды, қоғамдық тәртіп бұзушылықтың алдын алуларыңызды, өз міндеттеріңізді адал орындауларыңызды сұраймын, – деді ол.
Кез келген төтенше жағдайдың жай-жапсары қағаз күйінде архивтерде ғана сақталатын уақыт өтті. Қазір барлық оқиға, хронология БАҚ өкілдерінің жіті бақылауында. Аталмыш жиында ереже бұзған қызметкерлердің есімдері, заңға қайшы әрекеттері жіпке тізіліп, көптің алдында жария етілді. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы түрлі заң бұзушылықтардың орын алуына себепкер болған полиция өкілдерінің есімдері ашық аталды. Үлкен қылмыс жасаған кейбір қызметкерлер полиция қатарындағы лауазымдарын босатты. Сондай-ақ өз қызметін қалтқысыз орындаған тәртіп сақшылары мақтау қағаздарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
– Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, жалпыгарнизондық жиын әр жұма сайын өткізілетін болады. Жеке құрам штаттық режимде жұмыс істейді. Ал мереке күндері жұмыс режимі күшейтіле түседі. Бүгін жиынға 300-ден астам адам қатысты, олардың ішінде 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, Тараз қаласы ЖПБ қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, Тараз қаласы батальон полициясының қызметкерлері, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі де бар. Барлығы шара аяқталған соң, қала көшелеріндегі тәртіпті бақылауда ұстау үшін бірден жұмыстарына кіріседі, – деді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Самат Хұсайынов.
Сонымен қатар шара барысында қызметкерлерде болуы тиіс қару-жарақ заттарының бар-жоғы, денсаулық жағдайлары, қызметке түсетін адамның маусым бойынша нысанды киім киюі, сыртқы келбеті жинақы және керек-жарағының ақаусыз болуы, автокөлік пен байланыс құралдарының техникалық жай-күйі тексерілді. Бұйрық берілгеннен кейін оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты шеру жүріп өтті.