Сапалы өнімге сұраныс жоғары

Жыл өткен сайын мемлекет ұсынған грант пен жеңілдетілген несиені алып, іс бастап, кәсібінің нәсібін көріп отырған азаматтар көбейіп келеді. Өңірде осы мүмкіндікті қораны малға толтыру үшін пайдаланатындар көп. Шөбі шүйгін, малға құт мекеннің аумағы ауыл шаруашылығымен айналысуға таптырмайды. Десе де, биыл тұрғындар арасында «қыс мезгілінде сапалы сүт өнімдері азайып, бағасы шарықтайды» деген сөз желдей есті. Шын мәнісінде баға өсті ме? Сүт өнімдеріне сұраныс қандай? Біз осы сұрақтың жауабын білуге тырысып көрдік.

Сәндібек Піренов

Бұған дейін 2020 жылға қарай еліміздегі сүт зауыттары шикізат тапшылығына ұшырауы мүмкін деген болжам айтылды. Себебі Қазақстан «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі» техникалық регламентіне 2020 жылдың 1 қаңтарында өтуі керек еді. Елімізде жыл сайын өндірілетін бес тонна сүт оны өңдейтін зауыттарға жеткілікті. Бірақ сол өңдеуге жиналатын сүттің 50 пайызы Кеден одағының техникалық талаптарына сай келмейді екен. Себебі зауыттар шикізаттың көп бөлігін ірі фермалардан емес, жекелеген шаруалардан алып отыр.

Осыған байланысты Кедендік одақтың талаптарын орындау ҚР Үкіметінің бастамасымен 2025 жылға дейін ұзарды. Бүгінде агроөнеркәсіпті, соның ішінде сүт өнімдерінің өндірісін дамыту бағытында бағдарламалар жүзеге асуда.

Қала аумағында сүт өнімдерін өндіретін бес ірі зауыт бар. Бұдан бөлек, көршілес аудандардан да құрт пен май, сүзбе, ірімшік, айран жеткізіледі. Мәселен, Байзақ ауданында жеке кәсіпкер Лесняктің «Молочный бидончик» деген маркамен саудаланатын сүт өнімдері барлық ірі сауда орындарында бар. Бұдан бөлек, Жуалы және Меркі өңірінің сүт өнімдерін де сөрелерден көріп жүрміз. Рас, өңірде сүт өңдейтін серіктестік пен жеке кәсіпкерлер жеткілікті.

Демек, мәселе өндіріс орындарының емес, шикізаттың аздығында. Әрине, аудан тұрғындары табиғи сүтті жаппай кәсіпорындарға өткізбейді. Себебі санаулы малды төлдетіп, нәсібін көріп отырғандарға сүтті әуелі көрші-қолаңға сатқан тиімдірек. Ал қаладағы кәсіпорындар ше? Олар шикізатты қалаға жақын аудандардан алады. Кәсіпкерлердің айтуынша, шикізаттың сапасы да өнімге әсер етеді екен. Оны тасымалдайтын, өңдейтін арнайы техниканың да орны бөлек. Шикізатты алыс аудандардан жинау да сапаға әсер етеді. Қаладағы кәсіпорындардың алыс ауылдарға барып сабылмайтыны содан.

Сүттің аз мөлшерде өндірілуіне себеп болатын тағы бір жағдай, түліктің жыл бойы тұрақты өнім бермеуінде екені көпке белгілі. Бірақ қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, тұрғындар сүт өнімдерінен тапшылық көрмейді. Бағасы да тұрақты деңгейде сақталады екен. Себебі қаладағы өндіріс орындары тұрғындардың сұранысын қанағаттандырады. Сондай-ақ бізге жақын Ресей, Беларусь, Қырғызстан және басқа облыстардан келетін өнімдер де бар. Олардың жолын байлауға негіз жоқ. Себебі тұрғындар талғамына қарай өзіне қажетін алады. Өңірдегі өндіріс орындары да өнімдерін шетелге шығарады. Әсіресе, көрші елдерде сүттен жасалған құрғақ ұнтаққа сұраныс жоғары.

Бағасы мен сапасы стандартқа сай
Облыста асыл тұқымды сиыр ұстайтын шаруашылықтар өнімдерін өзінің сауда нүктелерінен арзан бағада саудалайды. Соның бірі Жуалы ауданында орналасқан.

– Бүгінде шаруашылықта 140 адам жұмыс істейді. Фермада ірі мал басы 2 500-ге жетті. Жаңа технологиялардың қарыштап дамуы жұмысты жеңілдететіні рас. Бізде сиыр саууға, және сүтті салқындатуға арналған арнайы аппараттар бар. Өндіріс орнының жоспары ауқымды. Елдегі ахуал да біршама тұрақталған соң, шығынға батқан жоқпыз, – дейді «Гамбург» ЖШС директоры Егор Кох.

Серіктестік басшысының айтуынша, сүт өнімдері тек өңірге ғана емес, Қазақстанның барлық облысына тарайды. Сүттің бір бөлігі Меркі ауданындағы сыр зауытына өңдеуге жіберіледі. Ал ет өнімі Тараз бен Шымкент қалаларына тасымалданады. Айта кету керек, дүкен сөрелерінде тізілген сапалы әрі бағасы арзан сүт өнімдері осы Жуалы ауданында өндіріледі. Серіктестік Кедендік одақтың стандарттарына сай жұмыс істеуде.

Аумақтағы зауыттардың әлеуеті қандай?
Өңірде сүт өнімдерін өндіретін бес ірі зауыт бар дедік. Соның ішінде жеке кәсіпкер «Шалқаров Б.К.» өнімдерін қала мен көршілес облыстарға тасымалдайды. Ал жеке кәсіпкер «Костянкин А.А.» Жамбыл теміржолын қамтиды. «Көкжиек-2030», «Галеника» және «Садыхан продукт» серіктестіктері сүт өнімдерін қаладағы келісімшарт жасалған дүкендерге жеткізіп отыр. Тіпті аталған ірі үш өндіріс орнының өнімдері әрбір ірі сауда нүктелеріне шығарылады десек қателеспейміз.

Сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың жыл өткен сайын ауқымы кеңеюде. Мәселен, «Көкжиек-2030» серіктестігі табиғи сүттен бөлек, ұнтақ түріндегі құрғақ сүт өндіріп, көршілес Ресейге өткізуде. Аталған серіктестіктердің ішінде йогурт пен балмұздақ шығаруды да қолға алғандар бар. Бұл, әрине, жаңа технологиялардың жетістігі.

Жыл сайын еліміздің ірі қалаларында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Оған әр өңірдің табиғи өнімдері жеткізіледі. Ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нышаналы Телеуовтің айтуынша, екі күнге созылатын жәрмеңкеде жамбылдық өнеркәсіп иелерінің өнімдері бір-ақ күнде саудаланады.
Әлеуметтік сауда орындары жайында білесіз бе?

Қазіргі таңда қала аумағында тек сүт өнімдерін саудалайтын 4 дүңгіршек бар. Бұдан бөлек, қаладағы 6 ірі дүкенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын ұсынатын бұрыш бар. Келер апта бұл қатар толығады. Онда өнімдердің құрамы мен бағасына және құнарына қарай таңдау жасауға болады. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сенсек, табиғи сүттің ең төменгі бағасы – 160 теңге. Өткен жылдың соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен қала аумағында ауданы 100 шаршы метрлік 15 әлеуметтік дүкен ашу тапсырылған екен.

Қазір соның үшеуі жұмыс істесе, тағы төртеуі келер аптада ашылады. Осылайша тұрғындарға сүт өнімдерінің сан түрін төмендетілген бағада алуға мүмкіндік жасалып отыр. Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар 19 тауарды тұтынушыларға арзан бағада ұсынудың жолдарына ерекше мән берді. Мәселен, дүкендер халық көп шоғырланған мөлтек аудандардан ашылса, аз қамтылған отбасыларды арзан бағадағы азық-түлікпен қамтуға болады.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев өңірде жыл өткен сайын азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың өндірісі кеңейіп жатқанын алға тартып, ендігі кезекте бағаны тұрақты деңгейден асырмаудың маңызды екенін айтты. Әлеуметтік дүңгіршектердің де маңызы сол, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу болып отыр. Тұрғындар жиі тұтынатын өнімдердің бағасын білу үшін «Талас» мөлтек ауданындағы әлеуметтік дүкенге бардық.

Онда нан (I сұрыпты) – 55 теңгеден, қарақұмық – 320, сұлы – 125, күріш– 240, картоп – 95, қант – 190, пияз – 55, сүт – 230, күнбағыс майы – 420, тұз – 37, макарон өнімдері 200 теңгеден сатылады.

– Дүкендегі тауарларды тұрғындарға шекті деңгейде ғана сатамыз. Яғни күнбағыс майы, сүт өнімі бір адамға бір литрден артық сатылмайды. Сөрелерге күн сайын тұрақтандыру қорының тауарлары жеткізіледі. Сол үшін де сапаға үлкен мән беріледі. Тұтынушылар дүкеннің ашылғанына дән риза. Рас, бізге әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлер көп келеді. Олар кезек күтуден де жалықпайды, – дейді әлеуметтік дүкеннің сатушысы.

Белгілі болғандай, сүт өнімдерінің бағасы әзірге өспейді. Кедендік одақтың техникалық регламенті бойынша бағдарламалар жолға қойылды. Өнімнің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мұның нәтижесін көру уақыттың еншісінде.

Comments (0)
Add Comment