Жас ұрпақтың болашағы мен тағылымды тәрбиесі қай заманда да ерекше маңызға ие екені белгілі. Білім мен тәрбие егіз ұғым екенін ескерсек, мектеп – талай жастың талантын шыңдап, дара да дана тұлғалардың түлеп ұшар тұғырлы мекені. Оқу ордасы – білімнің қайнар бұлағы. Жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алып жатқан шәкірттеріміз болашақты салт-дәстүрді сақтаған, ел үмітін ақтаған білікті маман, қазақ елін белестерге бастайтын азамат болады деп сенемін.
Тәрбие талбесіктен емес, құрсақтан басталады. Оның себебі баланы бесіктен емес, құрсақтан бастап тәрбиелеу керек. Балаға деген мейірімі, сезімі, махаббаты ананың ыстық ықыласы мен тәрбиесімен берілетін құнды дүние. Бала тәрбиесі ата-ананың бала тәрбиесіне ұштасып жатуға тиіс. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру. Себебі білім тәрбие арқылы беріледі. Тәрбие жоқ жерде білім де жоқ. Тәрбие қаншалықты терең болса да, білім де соншалықты тереңде. Болашақ білімді, дарынды, адамгершілігі мол ұрпақ үшін өте маңызды. Сол себепті де отбасының бала тәрбиесіндегі алатын орны айрықша. Әрине, ата-ана өз баласының иманды, ибалы, Отанымыздың білімді азаматы болып өсіп-жетілуін қалайды. Сыйластық, түсіністік, зор жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана мен баланың арақатынасы мазмұнды, сенімді болады. Баланың тәрбиеде алатын алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отбасындағы тәрбиесі. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, үлкен ағаш болып өскенде түзете алмайсың», – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сенімді құнды қасиеттерді сіңіріп, өзін-өзі сенімділікке тәрбиелеу үшін отбасы мен мұғалімдер шешуші қызмет атқарып келеді.
Иә, ұрпақ – біздің болашағымыз. Ал сол ұрпақ, әрине, жанұяда тәрбиеленеді. Тәрбиелеу – білім беру жұмысының мазмұны мен формалары балалардың мүмкіндігін ескерту арқылы нақтыланады. Тәрбиенің бастапқы формалары бұл сананың, сезімдердің, мінез-құлық пен өзара қарым-қатынастың бөлінбес бөлігі болып табылады. Тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу біздің де қоғам алдындағы борышымыз деп білемін.
Егер ата-ана, оқу орны өзара тығыз байланыста болса, балаларға бірдей талап қойып отырса, тәуелсіз еліміздің ұл-қыздары жан-жақты білімді, дамыған азамат болып шығатыны сөзсіз. «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып, жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер», – деп ата-бабаларымыз айтқандай, бала тәрбиесіне уақытында көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпағын тәрбиелейік.
Бақытжан КЕЛЕСБЕК,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
өндірістік оқу шебері