Сапалы білім – еліміздің басты басымдықтарының бірі

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындайды. Мұны Президентіміздің «Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады. Бұл нақты практикалық істер бағдарламасы, сөзсіз, барлық қазақстандықтарға, ең алдымен, бізге, зиялы қауымның алдыңғы қатарлы бөлігі – ғалымдар мен педагогтерге қатысты. Осылайша, Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет» – деп, бастамалар ары қарай да жалғасын табатынын атап көрсетті.

Жолдауда көтерілген мәселелер барлық қазақстандықтарды, бірінші кезекте ұстаздар құрамын бей-жай қалдырмайды. Жолдауда еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі Білім беру саласы екендігі баса көрсетілді. Президент Жолдауының бір бағыты сапалы білім беру  мәселелеріне арналғаны қуантады.

Президенттің: «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады.

Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі» – деген сөздері ұстаздар мен студенттердің, олардың ата-аналарының көңіліне сенім ұялатып отыр.

Ел Президентінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тарихи жағдай. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауынан кейінгі түйін – жоғары білім беру саласының алдында кәсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің үмітін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру. Демек, академиялық қауымдастықтың ендігі ісі – қазақстандық білімді білім берудегі әлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару. Осынау игілікті істердің нәтижелі болуына сенім білдіремін және өз үлесімді қосуға мүдделімін деп санаймын.

Айнур Менлибекова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының
«Химия және биология» кафедрасының аға оқытушысы

Comments (0)
Add Comment