Пандемия кезінде елімізде туу көрсеткіші күрт өсіп, 1987 жылғы рекорд жаңарғаны туралы ақпарат құралдары жарыса жазғаны есте. Ал Ұлттық статистика бюросының биылғы мәліметінде көрсеткіштің төмендегені байқалады. Одан бөлек, еліміздегі оқиғалар мен өзгерістерге, сырттағы геосаяси ахуалға байланысты көші-қон деректерінде де өзгерістер бар екені айтылып жүр.
Былтыр тамызда еліміздегі халық саны 19 миллионға жетті деп сүйіншілеген болатынбыз. Соңғы үш жылда ел халқының саны 2,6 пайызға өскен. Ал пандемияға дейін көші-қон сальдосы бірнеше жыл қатарынан теріс көрсеткіш көрсеткені біраз алаңдатқан еді. Қазіргі жағдай қандай? Елдің бүгінгі демографиялық ахуалына шолу жасап көрелік.
Көрсеткіш кеміген
Ұлттық статистика бюросы жариялаған елдегі бала туу көрсеткіші туралы мәліметтерге қарасақ, көрсеткіш былтырғыға қарағанда 7 пайызға төмендегенін байқауға болады.
Нақты деректермен дәйектер болсақ, биыл алғашқы 5 айда 161,5 мың сәби дүниеге келген, бұл – өткен жылғы қаңтар-мамырдағы қорытындымен салыстырғанда 7,8 пайызға аз. Бұған дейін карантин кезінде елімізде дүниеге келген сәбилер саны көбейгені, сәйкесінше 1987 жылғы рекорд көрсеткіштен де асып түскені айтылған болатын. Жалпы, 2020 жылы елде 426 824 бала дүниеге келіпті, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 514 балаға көп. Жарық дүние есігін ашқан сәбилер санының өсуі 2020 жылғы III тоқсаннан бастап байқалады – туғандар саны 116,7 мыңға жетіп, 2019 жылғы сол кезеңге қарағанда 8,4 пайыз көрсеткіш тіркелген. 2020 жылғы IV тоқсанда өсім 2019 жылғы IV тоқсанға қарағанда 9,5 пайыз артық болыпты. Ал 2020 жылғымен салыстырғанда 2021 жылғы I-II тоқсандардағы өсім 8,4 және 10,7 пайызға жеткен. Елдегі дүниеге келген сәбилер санының өсуі белгілі бір дәрежеде пандемия және карантинмен байланыстырылған болатын. Әлем елдерінің біразында бұл аралықта туу саны, керісінше кеміген.
Дегенмен былтыр жарияланған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» зерттеуінде елімізде 2020 жылы бала туу көрсеткіші өсуінің неғұрлым ықтимал себебі деп 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа жәрдемақының енгізілуін атаған екен. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, пандемия мен карантиннің бұл көрсеткішке ықпалы аздау болған.
Биыл дүниеге келген балалар саны былтырғыға қарағанда азайғанымен, жалпы халық саны бір жылда 1,3 пайызға өсіп, 19 миллионнан асқанын айта кету керек.
Көші-қон деректерінде
өзгеріс байқалады
2022 жылғы қаңтар-мамырда елге келгендер саны 6 227 адам болса, кеткендер саны 9 034 адамға жеткен. Көші-қон сальдосы теріс көрсеткіш көрсетіп отыр (2 807 адам). Ал 2021 жылғы қаңтар-мамырда елге келгендердің саны 3 662 болса, елден кеткендердің саны 9 862 адамға жетіп, көші-қон сальдосы 6 200 адам болған. Екі жылғы деректі салыстырар болсақ, көшіп келгендер саны екі есе өскені байқалады. Эмигрант саны да азайған.
Естеріңізде болса, көші-қон сальдосының теріс көрсеткіші, яғни мигранттар мен эмигранттар санындағы үлкен алшақтық талай жылдан бергі мәселе болып келген. Елден кеткісі келетіндердің үлесі көп болуының себебі мен салдарын да саралаған едік.
Одан бөлек, сәуірде елге Ресей азаматтарының келуі былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскені туралы ақпарат жарияланған болатын. Мұндай мәлімет тек отандық БАҚ-та ғана емес, көрші елдің жауапты мекемелері таратқан деректерде де айтылған еді.
Сонымен, 2022 жылғы бірінші тоқсанда Ресейден Қазақстанға 204 947 адам келген. Мұндай дерек Ресей Федерациясының барлық ведомствоаралық статистикасы жиналатын EMISS – бүкіл ресейлік платформада жарияланды. 2022 жылғы қаңтар-наурыз айларында Ресейдің 16 837 азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алыпты.
ІІМ мәліметінше, ресейліктердің көбісі Қызылорда облысына – 2 463, Алматыға – 2 116, БҚО –
1 677 және Қостанай облысына – 1 525 келген.
Наурыз айының соңында сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Ресейден Қазақстанға еңбек мигранттарының көптеп келуі байқалмайтынын айтқан еді.
– Қазір бізге Ресейден еңбек мигранттары көптеп келіп жатыр деп айтатындай негіз жоқ екенін айтып өту керек. Қазір Қазақстанда Ресейдің 100 мыңға жуық азаматы бар. Оның 6 мыңы – 2022 жылы келгендер, – деген еді Шәпкенов.
Жетпіске
жетеқабыл
Маусым айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы жобасын жариялады. Құжатта қазақстандықтардың ұлттық құрамы туралы жаңа деректер көрсетілген.
Мәліметке сүйенсек, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 миллион 122 мың адам болған, оның ішінде қазақтар – 69,03 пайыз, орыс ұлтының өкілдері – 18,47 пайыз болса, үштікті өзбек ұлтының өкілдері 3,29 пайызбен түйіндеген, басқа этнос өкілдерінің үлесі – 1,04 пайыз.
2021 жылдың басында Қазақстан халқының этникалық құрамындағы қазақтардың үлесі 13 миллионнан асып, 69,01 пайызға жеткен еді, бұл – оның алдындағы жылға қарағанда 0,5 пайызға артық. Ал биылғы тың деректерден 2022 жылғы өсім 0,2 пайызға жеткенін байқауға болады.
Жалпы елдегі туу көрсеткішінің өсіп, одан кейін төмендеуі, пандемиядан кейінгі ахуал туралы демограф маманнан сұрап-білген едік.
Шынар ПАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ,
демограф:
Табиғи өсімнің арқасында ғана көбейіп келе жатқан елміз
– Сандық жағынан алып қарасақ, пандемия кезінде елде туу көрсеткіші күрт өсе бастады. Кей елдерде бұл көрсеткіш кеміген болса, бізде керісінше өсім байқалды. Бірақ бұған нақты не әсер еткенін, пандемия ма, әлде жарияланған жәрдемақы ма – оны айту қиын. Бұл сұрақтың жауабын тек белгілі бір әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы ғана топшылауға болады.
2019 жылғы дерекке сүйенсек, еліміздегі бір әйелге орташа есеппен алғанда 2,9 баладан келіпті, ал 2020 жылы – 3,1 баладан, 2021 жылы 3,3 баладан келген.
Бұл – туудың сумарлық коэффициенті. Әрине, осыған қарап соңғы 2-3 жылда жақсы өзгерістер болды деп айтуға болады. Коэффициенттің 3-тен асуы, яғни 3 баладан жоғары болуы – тіпті көңіл көншітерлік.
Енді бұл көрсеткішті басқа елдердегі жағдаймен салыстырып көрсек. Бізде көптеген елдерге қарағанда туу көрсеткіші жоғары, дегенмен Орталық Азия елдері ішінде кейде тең түсіп, кейде қалыс қалып жатырмыз. Ал Еуропа елдерінің біразында туудың сумарлық коэффициенті 2,1 балаға жетпейді. Бұл халықтың өсіп-өнуіне жеткіліксіз нәтиже саналады. Африка елдерінде бір әйелге 5-6 баладан келеді. Яғни, салыстыра келе, біздің елдегі көрсеткіш орташа деңгейде деген қорытындыға келуге болады. Биылғы 5 ай мен былтырғы 5 айды салыстырар болсақ, сумарлық коэффициенті туралы дерек жоқ, ол тек келесі жылы жарияланады, алайда 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда кемуі мүмкін деген күдік бар. Дегенмен әліптің артын бағып, ерте қорытынды шығаруға асықпаған да жөн. Жыл соңына дейін өзгерістер болуы ықтимал.
Пандемия кезіндегі өлім-жітім де халық санына әсер етті. Бұл жерде табиғи өсім мәселесі қозғалады. Қайтыс болғандардың санынан туғандардың саны артық болса, ол жылы табиғи өсім болды деп айтамыз, ал егер керісінше болса, табиғи кему болады, онда халықтың саны да кемиді. Еуропа елдерінде кему байқалса да, оның орнын көші-қондағы көрсеткіштер жауып отырады. Ал біз табиғи өсімнің арқасында ғана көбейіп келе жатқан елміз. Өйткені көшіп келушілердің саны кеткендер санынан аз, ал туу көрсеткіші өлім-жітім көрсеткішінен көп. Пандемия кезінде бізде өлім-жітім көрсеткіші едәуір жоғарылады, оның бір дәлелі өмір сүру ұзақтығының кемуі деп айтуға болады. 2019 жылы өмір сүру ұзақтығының деңгейі 73,2 жыл болса, 2020 жылы 71,4 жыл, 2021 жылы 70,2-ге төмендеді. Одан кейін де көрсеткіштің төмендегені байқалып жатыр. Жалпы айтатын болсақ, өлім-жітімнің көбеюі табиғи өсімнің коэффициентіін азайтады. Туу көбейіп, сонымен қатар қайтыс болғандар саны да көбейсе, ол өсімге белгілі бір деңгейде әсер етеді.
Қорыта айтқанда, елдегі демографиялық ахуал тұрақты деп айтуға болады. Тек өмір сүру ұзақтығына байланысты деректер алаңдатады. Одан бөлек, биыл көші-қон көрсеткіштерінде елеулі өзгеріс болуы ықтимал. Ал табиғи өсімнің көрсеткіші, бала туу деңгейіне байланысты ахуал жыл соңына дейін сан рет өзгеруі мүмкін, мамандар да тон пішуге ерте екенін айтады.