Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары мен еріктілер халық көп жиналатын орындарда инфекцияның алдын алу және тұмауға қарсы екпе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сәндібек ПІРЕНОВ Суретті түсірген Дионисий ПЛЯШЕШНИК
Алдымен түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылған топ мүшелері №2 қалалық ауруханаға барып, онда пандемия кезінде атқарылатын шаралармен тынысып, вацина туралы ақпарат алды. Қазан айының ортасында тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратындардың саны күрт көбейеді екен. Ал екпеден кейін тұмауға қарсы иммунитет 2 аптаның ішінде пайда болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вакцина коронавируспен күреске көмектеспейді, тек иммунитетті көтереді. Елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен бастап салына бастаған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тұмауға қарсы вакцина 6 айдан 12 айға дейін иммунитетті күшейтуге көмекетеседі. Оны салдырмастан бұрын кез-келген тұрғын өзінің учаскелік дәрігерінің тексеруінен өтеді. Екпе ең бірінші кезекте медицина саласының қызметкерлері, балалар мен қарт адамдарға және диспансерлік есепте тұрғандарға салынады. Бұдан бөлек вакцинаны ақылы алушыларға да мүмкіндік қарастырылған екен.
–Қалалық ауруханаларда «COVID-19» пандемиясының алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұдан бөлек, тұмауға қарсы екпе қала тұрғындарына тегін салынуда. Қазіргі уақытта елдегі жағдайдың тұрақталғанына қарамастан, тұрғындар барынша сақтанып жүру керек. Себебі індет жұқтырғандардың басым бөлігі сақтық шараларын сақтамаған,–дейді қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының «эпидемиологиялық қадағалау» бөлімінің басшысы Шолпан Мамидахунова.
Осыдан кейін сала мамандары «Қайқармет» базарына барды. Базардың кіре берісінде базар күзетшісі тұрғындардың қызуын жеке-жеке өлшеп, кіргізіп тұр. Белгілі болғандай, онда сауда-саттық жасауға келетін халықтың қатары қалың екен. Сатушылар бетперде таққан. Базар басшылығы да санитарлық нормаларды қатаң сақтап отырмыз дейді. Осы орайда арнайы сақтандырғыш киімін киген мамандар мен еріктілер тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осыдан кейін мамандар вирустың алдын алу шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын №11 мөлтек аудандағы аялдамаға барып жүргізді. Осы ретте қоғамдық көліктерде санитарлық талаптарды қатаң сақталмағаны белгілі болды. Сала мамандары індеттің алдын алу шараларында ең әуелі қоғамдық көліктерде ара-қашықтықты сақтап, маска тағып жүру керектігін ескертті.