Сандуғаш ұстаздың өзі де, шәкірттері де озат

Қазіргі таңда ұстаздарға жасалып жатқан жанашырлық пен қолдау өте көп. Бұл жас ұрпақтың білімді болашағы үшін жасалған қадам екені түсінікті. Озат ұстаздардың да еңбегі еленуде. Жақында аяқталған «2021 жылдың үздік педагогы» республикалық байқауынан қуанышты хабар жетті. Еліміз бойынша әр бағытта іріктелген алпысқа жуық үздік педагогтың қатарына облысымыздан үш ұстаз іліксе, оның ішінде Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның химия пәнінің мұғалімі Сандуғаш Нұртаева да бар.

Сандуғаш Жолдасбекқызы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «химия пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бітірген. «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» біліктілігі бойынша «магистр» академиялық дәрежесі бар. Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін 2019 жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Құрмет грамотасымен, 2020 жылы «Озат педагог» төсбелгісі және Құрмет грамотасымен, осы жылы «Қазіргі мұғалім» атты халықаралық педагогтарға арналған байқауда ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған. «Үздік авторлық бағдарлама» байқауларының облыстық және республикалық кезеңдерінің жеңімпазы. Шәкірттерінің де жетістігі жетерлік. 2019 жылы шәкірті Жұлдыз Баймусинова облыстық олимпиадада химия пәнінен ІІІ дәрежелі диплом иеленсе, 2020 жылы Нұрай Құрбан мен Сабина Бейсентай жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер онлайн олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломға лайық болды. Әл-Фараби атындағы облыстық ғылыми жоба байқауынан Мақсат Тұрар І дәрежелі дипломмен оралса, «Ақбота» интеллектуалды марафонынан Жұлдыз Ниязбекова І дәрежелі, Мақсат Тұрар мен Аруна Мейірбекқызы ІІІ дәрежелі дипломды иеленді. Аяна Тұрсынбай мен Абылай Мүсілім – Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиада жеңімпаздары.
Жоғарыда аталған үш үздік ұстаз да Білім және ғылым министрінің қолынан дипломға және қомақты қаржылай сыйақыға ие болды. Жеңімпаздарды әріптестері де шын жүректен құттықтауда.
– Сандуғаш Жолдасбекқызы – шын мәніндегі үлгілі ұстаз. Шәкірттері де шетінен білімді, олимпиада жеңімпаздары. Мектеп-гимназияда өткен іріктеуде де оқ бойы озып шықты. Енді міне, республика көлемінде өзін дәлелдеп отыр. Біз әріптесіміздің жеңісіне өте қуаныштымыз, – дейді мектеп-гимназия директоры Салтанат Төлеу.
Біз де Сандуғаштың алар асуы биік болсын деп тілейміз!

Есет ДОСАЛЫ,
журналист

Comments (0)
Add Comment