Санақ: Жамбыл облысының 1 миллион 162 мың тұрғыны қамтылды. 2021 жылғы Жалпыұлттық халық санағының аяқталуына үш күн қалды. Қазіргі уақытта бұл науқанға қазақстандықтардың 91,6 % немесе 17,4 миллион тұрғын қатысқан. Азаматтардың 40,4 %-ы санақтан онлайн түрде өтсе, 51,2 %-ы офлайн режимде тіркелген,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Бұл деректерді Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 26 қазан күні өткен халық санағы бойынша белсенділік жағынан көш басында Алматы қаласы тұр, Түркістан облысы екінші орынды иеленген. Ал үшінші орын Жамбыл облысының еншісінде.
«Халық санағымен Әулиеата халқының 101,4 %-ы немесе 1 миллион 162 мыңнан астам адам қамтылды. Оның ішінде 542 433 респондент, яғни 47,3 %-ы науқанға онлайн түрде қатысса, 620 332 адам – 54,1 %-ы интервьюерлермен қайта жазылды», – деген Талғат Шариұлы Ұлттық халық санағын дайындау және өткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес, Жамбыл облысының статистика департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жүріп жатқанын атап өтті.
Спикердің сөзіне қарағанда, аудандар мен Тараз қаласының әкімдері халық санағы мамандарын іріктеу және жасақтау барысында көмек көрсеткен. Бүгінде аймақтағы санақ қызметкерлерінің саны 1 541-ді құрайды. 59 уәкілетті, 191 нұсқаушы-бақылаушы және 1 291 интервьюер облыс тұрғындарының үйлерін аралап, онлайн режимде санақтан өтуге ниет білдіргендерге жәрдемдесіп жүр.
«Санақ қызметкерлері қажетті құрылғылармен және телефон байланысымен толық жабдықталған. Сондай-ақ интернет желісіне және мемлекеттік органдардың Бірыңғай көліктік ортасына қосылған бөлмелермен қамтамасыз етілген. Тараз қаласының санақшы мамандары қоғамдық көліктерде тегін жүреді», – деді Т.Мамаев.