Әйел – өмір тірегі, тіршіліктің тұтқасы. Күллі әлемге шуағын шашып, мейірімнің бесігінде тербейтін нәзікжандылар бүгінде қайсарлық пен өжеттіктің символына айналған. Біз әдетте арулардың жаны гүлдей нәзік деп бағалағанымызбен, шын мәнінде, олар кейбір ер азаматтардың қолынан келмейтін ауыр жұмысқа да білек сыбана кірісіп кетеді. Сол үшін олар қандай құрметке болса да лайық.
Қауіпсіздік қалқаны – Әсем
– Менің жұмысым әрдайым сақтық пен қырағылықты талап етеді. Кейде шаршайтын сәттер де жоқ емес. Сондай кезде отбасымнан жылулық тауып, соларға арқа сүйеймін. Жолдасым да әрдайым түсіністік танытып, қолдау көрсетуден танған емес. Қызметтегі беделім мен отбасымдағы берекенің бастауы осында жатыр. Жанұясы әрқашан демеу болып, жанынан табылса, әйел заты үшін одан асқан бақыт жоқ. Мен бұл тұрғыда жолым болған адаммын. Мен басшылық ететін Жедел басқару орталығы – тәулік бойына қылмыстық хабарламалардың ең бірінші келіп түсетін арнасы. Бұл жерде тұрғындарды мазалаған кез келген құқық бұзушылық пен орын алған қылмыс- тық оқиғалар туралы мәліметтер «102» байланыс нөмірі арқылы тіркеліп, тиісті алғашқы алдын алу шараларын орындайтын жауапты қызметкерлердің бағыт-бағдары айқындалады. Әрбір хабарлама назарға алынып, орындалуы қатаң қадағаланады, – дейді Әсем Біржанқызы.
Жанұясына да, жұмысына да бірдей үлгеретін Әсем Мұхамеджанова өзінің еңбексүйгіштік, жауапкершілік сынды құнды қасиеттерінің арқасында ҚР Ішкі істер министрлігінің «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІ және ІІІ дәрежелі, Қазақстан полициясының 20, 25 жылдық төсбелгілерімен, сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Құрылыстың қырмызысы – Ақмарал
– Менің негізгі кәсібім – бояушы, сылақшы. 2005 жылдан бері осы салада жүрмін. Бала кезімде дизайнер болуды армандағанмын. Қазіргі жұмысым үнемі ізденісті талап етеді. Технологиялар да күннен-күнге дамып, жаңаша сипатқа ие болып келе жатқандықтан, соған сай жұмыс істеуге талпынамын. Қазір соның жемісін көрудемін, сол үшін еш өкінішім жоқ. Керісінше, туған елімнің гүлденуіне атсалысқаным үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Осы орайда барша әйелдер қауымын мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт тілегім келеді, – дейді Ақмарал Алиасқарқызы.
Ақмарал 10 жыл көлемінде әр өңірде, түрлі құрылыс аймағында еңбек еткен. Алайда білікті маман 2016 жылы Тараз қаласына оралып, жұмысын туған жерінде жалғастырады. «Айша бибі» шипажайы мен «Бином» ЖШС салған көпқабатты тұрғын үйлерде кейіпкеріміздің қолтаңбасы сайрап жатыр. Қазіргі таңда өзінің жеке кәсібін ашқан.
Тілсіз жауды тізгіндеген Нұргүл
Нұргүл Абдихалиқызы 2010 жылы қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған соң, бір жылдай «Қазақ радиосында» түрлі бағдарламаларды жүргізеді. Кейін құқық қорғау органының баспасөз қызметінде еңбек етуді ойлап, мамандығы мен қалауын ұштастыруға бекінеді. Осы мақсатта өзі білім алған университеттің «Құқықтану» мамандығына оқуға түседі. Осылайша төтенше жағдайлар департаментіне диспетчер болып жұмысқа орналасып, азаматтық қорғаудағы еңбек жолы басталады. Әрқашан өзін жақсы қырынан көрсететін ол шығармашылық және спорттық іс-шараларға да белсене атсалысып жүр. Осы саладағы біліктілігін арттыру мақсатында 2015-2020 жылдары Н.Исанов атындағы Қырғызстан құрылыс, транспорт және архитектура мемлекеттік университетінің «Өрт қауіпсіздігі» мамандығында білім алады. Нұргүл бос уақытында киім тігіп, түрлі заманауи курстарға қатысқанды жаны сүйеді екен.
– Білім алуға, өміріңді өзгертуге ешқашан кеш емес. Өзім осы қағиданы қатаң ұстанамын. Менің алдағы мақсатым – халық- аралық деңгейдегі компанияда жұмыс істеу. Ол үшін ағылшын курсын қолға алдым. Осы орайда бір қызық оқиға еске түсіп отыр. Бірде ең алғаш «лейтенант» шенін иеленгенімде, тосын сый болсын деп маған ешкім ескертпестен арнайы жиынға шақыртты. Басқосу соңында марапаттауға кезек келіп, басшымыз менің аты-жөнімді атағанда, түк түсінбей абдырап қалдым. Ойымды жинақтай алмай біраз тұрдым да, шенді алуға барғанда «Полковник мырза, Берікбаева алғашқы арнайы атағын алу үшін келіп тұр!» деген сөзді әрең есіме түсірдім. Енді айтайын деп оқталғаным сол еді, дауысым шықпай қалды. Қайтадан әрекет жасап көргенімде, дауысым тым жіңішке болып кетіп, жиналғандардың ду күлгені бар. Қазір сол оқиға есімізге түссе, әлі де езуімізге күлкі үйіріледі. Алайда сол сәтте менің ұялғаннан екі бетім алмадай қызарып кеткен болатын, – дейді Нұргүл Абдихалиқызы өткен күнді еске түсіріп.
Тазалық сақшысы – Мадина
– Ең әуелі шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев пен серіктестік директоры Талғат Заурбековтің қаламыздың көркеюі мен дамуы жолында атқарып жатқан жұмыстары орасан зор екенін ерекше атап өткім келеді. Серіктестікте жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Әрине, жұмысымыз жеңіл емес. Күннің ыстық-суығына, ауа райының тосын мінезіне қарамастан, бел жазбай еңбек етеміз. Жұмыс барысында кемшіліктер де кездеседі. Алайда ештеңе істемеген адам ғана қателік жібермейді деп ойлаймын. Бізді көргенде алғыстарын жаудыратын жерлес- теріміз де аз емес. Олардың ыстық ықыласын естігенде қанаттанып, жұмысқа деген ынтамыз екі есе арта түседі. Адал еңбекпен тапқан астың дәмі де өзгеше болады. Бастысы, еш жұмысты қиынсынбай, құлшыныспен істесе, жетістігі де мол болмақ, – дейді Мадина Ғабитқызы.
Кейіпкеріміз 4 қызды дүниеге әкеліп, қала тазалығымен қоса, еліміздің демографиясына да өз үлесін қосуда.
Түздің де, үйдің де тірлігін дөңгелетіп, шаруаны ширатып жүрген әйелдер қауымы сонысымен көпке үлгі. Бұрынғының аналары намысын жатқа бермеу үшін қолына қару алып Отанын қорғаса, бүгінгінің арулары да олардың ізін жалғап, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тазалығына қорған болып жүр. «Әйел қырық шырақты» деген осы болса керек.
Дайындаған Құрбанәлі Шахабай