Сан саланы меңгерген Мәдина

Қай заманда да ел дамуы – еңбек адамдарының қолында. Олар – қоғамды ілгері жылжытатын, әр саланың тынысын ашатын тұлғалар. Бүгінгі күннің еңбек адамы тек зауытта, не егіс басында емес, ақпарат майданында да адал қызмет етіп келеді. Медиа саласының өкілдері – қоғамның айнасы, халық пен билік арасындағы алтын көпір.

Қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат саласының рөлі айрықша. Ақпараттық кеңістікте жылдам әрі нақты хабар тарату, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту – кәсіби медиа мамандардың басты міндеті. Бұл салада тек журналистік шеберлік емес, аналитикалық ойлау, психология мен коммуникацияны терең түсіну де аса қажет. Осы бағытта еңбек етіп жүрген жас әрі белсенді мамандардың бірі – Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің маманы Мәдина Ақтанова.
Кейіпкеріміз 1996 жылдың 4 мамырында Сарысу ауданы, Саудакент ауылында дүниеге келген. Бала кезінен белсенділігімен және білімге деген жоғары талпынысымен көзге түскен ол орта білімін Жаңатас және Тараз қалаларындағы мектептерде алып, 9-сыныпты «Қызыл аттестатпен», 11-сыныпты үздік деңгейде тәмамдайды.
Мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан болашақ маман 2017 жылы Жамбыл медициналық колледжін «Акушер» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтаған. Содан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне «Психология» мамандығы бойынша оқуға түсіп, адам эмоциясы мен мінез-құлқын ғылыми тұрғыдан зерттеу дағдыларын меңгерді. Сонымен бірге 2022 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті арқылы Болгария мемлекетінде психология бағыты бойынша магистрлік білімін жалғастырды. Сол жылы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Құқықтану» мамандығына оқуға түсіп, бұл жоғары білімді өткен жылы сәтті тәмәмдайды.
– Мен үшін оқу – тек диплом алу немесе бір мамандықтың иесі атану ғана емес. Бұл – өз мүмкіндігімді танып, ішкі әлеуетімді ашу мен жаңашыл көзқарас қалыптастырудың басты жолы. Қазақстан мен шетелде алған білімім маған әлемді кеңінен тануға, түрлі мәдениеттердің ерекшелігін сезінуге және адамдардың ойлау жүйесіндегі айырмашылықтарды құрметтеуге үйретті. Әр оқу ордасы, әр ұстаз, әр жаңа орта маған өзіндік әсер қалдырды. Бір жерден алған тәжірибем келесі баспалдақта өз жемісін беріп, мені жаңа белеске жетеледі. Сондықтан да мен оқу процесін ешқашан аяқталатын іс деп санамаймын. Білім жолы – үздіксіз даму мен жаңару сапары. Ал мен сол сапардың жолаушысымын, – дейді Мәдина.
Жас маман 2020 жылы кәсіпкер әрі қоғам белсендісі ретінде облыстық іскер әйелдер кеңесінің құрамына енді. Кейін ол «Бақытты отбасы» үкіметтік емес ұйымында психолог әрі тренер қызметін атқарды. «Бақытты отбасы» орталығында еңбек ете жүріп, Мәдина сан түрлі тағдыр иелерімен жүздесіп, көпбалалы аналардың өмірге деген құлшынысын арттырып, жастарға бағыт-бағдар беріп, қиын сәттерде адамға ең керегі – жылы сөз бен шынайы қолдау екенін дәлелдеді. Сонымен қатар әлеуметтік қолдаудың тиімді тетіктерін меңгеріп, азаматтардың өз кәсібін бастауына жәрдемдесіп, мемлекеттік гранттарға қатысу жолдарын үйретіп, құжат дайындау мен бизнес-жоспар құру ісінде нақты көмек көрсетті. Әсіресе, «Алтын» және «Күміс алқалы» аналардың кәсіпкерлік бастамаларына дем беріп, олардың өз ісін ашуына қолдау білдірді.
Осылайша сан-салада шыныққан Мәдина Ақтанова бүгінде облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек етіп келеді. Оның негізгі міндеті – өңірлік деңгейде ақпараттық саясатты жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламалар мен өзекті жаңалықтардың бұқаралық ақпарат құралдарында уақытылы әрі сапалы таралуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар ол брифингтер мен баспасөз конференцияларын ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына белсене қатысып, өңірлік коммуникация алаңының тиімділігін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ медиа саласындағы кәсіби тәжірибесін жетілдіру мақсатында облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы қызметін де қоса атқарады.
– Қызмет барысында мен үшін ең басты міндет – мемлекеттік саясаттың өңірлік ақпараттық кеңістікте дұрыс әрі уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету. Бұл – қоғам мен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтудың маңызды тетігі деп санаймын. Медиа саласында тәжірибемді жетілдіре отырып, болашақта аймақтық коммуникация жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобаларды жүзеге асыруды мақсат етемін. Себебі кәсіби дамумен қатар өңірдің ақпараттық әлеуетін арттыру – менің жеке азаматтық борышым деп білемін, – дейді маман.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей, талапты жастың сонау студенттік жылдардағы белсенділігінің арқасында бүгінде толағай табыстарға жетіп отыр. Айталық, қоғамдық белсенділігі үшін облыс әкімінің және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Алғыс хатымен. Сонымен қатар медиа және коммуникация саласындағы кәсіби жетістіктері үшін Орталық коммуникациялар қызметі директорының, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталыпты.
Міне, осылайша білім биігіне көтеріліп, медиа саласының маманы атанған Мәдинаға қызмет жолында толағай табыстар тілейміз. Әлі де алар асуы мен бағындырар белесі көп боларына сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment