Салтанат Тұрсынбекова президенттікке кандидат ретінде тіркелді

Салтанат Тұрсынбекова 20 қарашада өтетін президент сайлауына кандидат ретінде тіркелді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«ОСК қаулысы бойынша белгіленген осы президенттікке кандидатты қолдауға қажетті сенімді қолдар саны 118 273-тен кем емес. Аумақтық сайлау комиссиялары хаттамасына сәйкес кандидат Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекованы қолдауға сенім білдірілген тұлғалар Қазақстанның 18 өңірінде 119 316 азаматтың қолын жинады. Оның ішінде 118 434 қол сенімді деп танылды», – деді ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов.

Ол лингвистикалық комиссияның 12 қазандағы қорытындысына сәйкес, Салтанат Тұрсынбекова мемлекеттік тілді жетік меңгергенін түсіндірді.

«Салтанат Тұрсынбекованы тіркеуге қажетті барлық құжат ОСК-ға ұсынылған және оларға қойылған талаптарға толық сәйкес келеді. Жоғарыда айтылғандар негізінде кандидатты тіркеу үшін құжаттарды ұсыну туралы хаттама дайындалды.

ОСК мүшелері хаттамаға рұқсатнама қояды, сондай-ақ 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс сайлауда президенттікке кандидат Салатанат Тұрсынбекованы тіркеу туралы ОСК қаулысының жобасы дайындалды», – деп қорытындылады Смағұлов.

ОСК мүшелері кандидатты тіркеуді қолдап дауыс берді.

Comments (0)
Add Comment