Адам баласының дені сау болуы дұрыс өмір сүру салтымен тікелей байланысты. Салауатты өмір салтының ең басты қағидалары – дұрыс тамақтану, белгілі бір нормада су ішу және спортпен шұғылдану.
«Ауру – астан» деген сөзді бекер айтпаған. Қазіргі таңда жастар арасында фаст-фуд тағамдары көп желінеді. Жылдам әрі калориялы тез дайындалатын астың пайдасы болмаса да, зияны жеткілікті. Оның кесірінен ас қорыту жүйесінің бұзылуы, яғни ішек қабаттарының қабынуы, ойық жара, асқазан ісігі сияқты түрлі дерттерге шалдығады. Бүгінгі күнде асқазан ауруы осы фаст-фудқа жаны құмар жастар арасында өзекті проблемалар қатарында. Ал асқазан тікелей бет-әлпетпен байланысты болғандықтан, адамның жүзіне түрлі бөртпелер, безеулер шығуы әбден мүмкін. Сол себепті пайдалы, құнарлы, дәрумендерге бай көкөністер мен жеміс-жидектерді жеу керек.
Салауатты өмір салтын белсенді ұстану үшін дұрыс тамақтанумен қоса, спортпен де айналысқан жөн. Денесін шынықтыратын адам шымыр, мықты, шыдамды және әрқашан көңілді жүреді. Жаттығулардың тек сыртқы келбетке емес, организмге де тигізетін пайдасы зор. Спортпен айналысудың артықшылықтары:
● Тұрақты физикалық жаттығулар көңіл-күйді көтереді және стреспен күреседі.
● Арықтауға көмектеседі. Физикалық белсенділік метаболизмді арттырып, қосымша калорийлерді азайтуға ықпалын тигізеді.
● Спортпен шұғылдану иммунитетті және төзімділікті арттырады. Тез ұйықтауға көмегін тигізеді. Спорттық іс-шаралар денеден көп күш алады, сондықтан ұйқы ұзақ және күшті болады.
● Дене шынықтыру кезінде өкпеде өзгерістер пайда болады. Өкпенің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты бронхит және пневмония аурулары туралы ұмытуға болады.
● Жаттығулар жасау кезінде, жүрек-тамыр және жүйке жүйелеріне жақсы әсер ететін эндорфиндер шығарылады. Мидың ойлау және есте сақтау қабілеттеріне тигізетін пайдасы үлкен.
● Қан айналымын жақсартады және адамның сүйегін қатайтады.
Дәулет Ахметбеков, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары