Таяуда №2 қалалық емхананың мәжіліс залында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға Тараз қаласы бойынша жалпы білім беретін мектептердің салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандары, қалалық емханалардың с мамандары және жастар денсаулығы орталығының қызметкерлері қатысты.
Алғашқы болып сөз сөйлеген «Зер-Күміс» ЖШС директоры З.Арынбаева қазіргі уақытта жастар арасында салауатты өмір салтын ұстанатындар аз, көбісі сырттан тамақтанғанды, зиянды тағамдарды (фаст-фуд) жеуге әуестенгеніне алаңдаушылық білдірді. Сондықтан да мейлінше ата-аналар балаларының дұрыс тамақтануын жіті назарда ұстау керек екенін жеткізді.
Сондай-ақ негізгі көтерген мәселеле- рі – мектеп оқушылары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында ата-аналарға құлаққағыс ретінде түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, мектеп оқушыларының денсаулығын жіті назарға алу. Себебі қазіргі уақытта 18 жасқа толмай жүкті болып, есепке алынған жасөспірімдердің саны артқан. Сонымен қатар суицидтің алдын алу жөнінде де тілге тиек етті. Бұл бүгінде қыздарға қарағанда, жас жігіттердің арасында жиі орын алатын көрінеді. Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері осы жоғарыда айтылып өткен тақырыптар бойынша оқушылармен жұмыс жасау қиын екенін жеткізді. Себебі кейбір ата-аналар балаларымен ашық түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізуге қарсылық тудыратынын айтып өтті.
Айта кетейік, Тараз қаласында 9 жастар денсаулық орталығы бар. Олар: «Жігер», «Жан-нұр», «Садыхан» ОКДМО, «Almaz Medical Group» ЖШС, «Жастар», «Мейірім» медициналық орталығы және №6, №7, №9 қалалық емханалар. Бұлардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, денсаулығын нығайту жолында барынша қызмет көрсетуде.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ