Журналистика – шығармашылық мамандық. Баспасөз, радио, теледидар, ғаламтор сияқты ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар, саяси, әлеуметтік, экономикалық,
мәдени, рухани және табиғи құбылыстар жөнінде жұртшылыққа мағлұмат беріп, қоғамдық пікір қалыптастыратын әдеби- шығармашылық қызмет түрі.
Бастауын үнпарақтан бастаған журналистика газет, радио, теледидар арқылы қарыштап дамып, интернет ресурстары арқылы өзінің өрісін кеңге жайып келеді. Әрі отыз тістен шыққан сөздің тарау жылдамдығы оның шын-өтірігіне, маңызды-маңызсыздығына, зияны мен пайдасына, жөн-жосығына, байыбы мен бейәдептігіне байланысты болмай қалды. Ақпараттың ағыны кәдімгі қара базар дерсіз, барлық дүние самсап тұр… Оны әр адам өзінің ой-өрісі, қабілет-қарымы, парасат-пайымы мен сауатының жеткен жеріне дейін тұтына алады. Ақпарат алушылардың кейбірі өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы маңызды өзгерістің әрқайсысын қалт жібермей хабар алып отырса, енді бірі өз кәсібіне қатысты жаңалыққа ғана назар аударады. Ақпарат нарығындағы тұтынушының сұранысына қарай журналистиканың да қыры сан-салалы болып өзгерді.
Жалпы, қазақ журналистикасының тарихы 1870 жылы «Түркістан уәлаяты» газеті басылған кезден бастау алады. Ол – қазақ тілінде басылған тұңғыш газет. Басылым қазақтың қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымының молаюына оң әсер етті.
Бұл басылым бетінде қазақтың ғалым-ағартушысы Шоқан Уәлихановтың ана тіліміздегі мақаласы жарық көрді. Қазақ хандары, қазақтың тегі, үш жүздің арғы түп атасы саналатын Алаш туралы деректер, жарлықтар, егін егу, мал шаруашылығы, қазақ елінің басқа елмен қарым-қатынасы, теміржол, алғашқы телеграф, пошта қатынастары, кен қазу, металл, көмір өндіру, саяси-экономикалық, оқу-ағарту мәселелері, алғашқы сын, зерттеу мақалалары да газет бетінен табылды.
Газеттің тұңғыш редакторы – Шаһмардан Мирасұлы. Ұлты башқұрт болса да, генерал-губернатордың тілмашы болып патша өкіметіне қызмет атқарғанымен, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс пен шығыстың көптеген тілінде еркін сөйлеген.
Ал 1921 жылдың 29 қыркүйегінде республикада радиохабарлар тарату туралы шешім қабылданды. Бұл туралы шешімді Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі қабылдады. Қазан айында сол кездегі астана – Орынбордан республикаға хабар тарату басталды. Қазіргі таңда «Алтын қорда» Қазақ радиосының 1948 жылдан бері сақталған 100 мыңнан аса фонограмма бар.
Қазақ журналистикасындағы телевизия саласының бастау алуы 1958 жылғы 8 наурыз болып тарихқа енген. Сол күні ең алғаш рет Алматыдан тікелей хабар таратылып, оның алғашқы дикторы Ләзиза Аймашова болды.
Бүгінгі күні жаһанданған, дамыған заманда адамзат ақпарат ағынының қарқыны мықты, ауқымдылығы кең кезеңде өмір сүріп жатыр. Әрбір жаңа оқиға, құбылыс, бастау алған тың дүние болсын, аяқталған нәтижелі іс болсын, жалғасын тапқан процесс болсын, барлық пікір, әрбір әрекет қоғам назарында. Ал оны қоғамға уақытылы, дәл әрі мәдениетті жеткізу – әлбетте, журналистің қызметі.
Журналистер қоғамдағы саланың қайсысына болсын қатысты ізденеді, жазады. Бұл маман иелерінің ізденімпаздығы мең жан-жақтылығы сондай, қоғамның назары қайда ауса, сол тақырып төңірегінде зерттеу жүргізіп, сараптама жасап, өз мақаласына немесе репортажына арқау етеді. Елді елең еткізген мәселе көтерілсе, бірден сол механизмге қатысты барлық ақпаратты жинап, саралап, реттеп, бір жүйеге келтіріп, өз мерзімінде көпшілікке ұсынады. Қаншама кезеңнен бері қалыптасқан дүние осы – журналист әмбебап болуға тиіс. Қандай тақырыпта, қай салада болмасын орынды ой, орынды сөз айтуы керек әрі оны сол тақырып өзектілігін жоймай тұрып жасап үлгеру керек. Бірақ бұл қағида да бірте-бірте ескіріп, журналистика әлеміне үлкен бетбұрыс келіп жетті.
Ол – салалық журналистиканың пайда болуы және дамуы. Салалық журналистика дегеніміз – журналистің белгілі бір саланы жетік меңгере отырып, сол саланың қыры мен сырын үйреніп, таңдаған саласына әбден машықтанып жазуы.
Қазіргі ақпараттық қоғамда салалық журналистика маңызды рөл атқарады. Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде экономика мен қоғамдық өмірдің түрлі салаларында журналистердің кәсіби шеберлігін арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Салалық журналистика немесе арнайы журналистика – журналистер белгілі бір салада немесе қоғамдық салада маманданатын бағыт. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі салалық журналистиканың дамуы жергілікті жағдайларға, медиа саласының қажеттіліктеріне және ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырады.
Еуропа елдерінде салалық журналистика өте жақсы қарқынмен дамып келеді және бұл өзгеріс өз жемісін беруде. ТМД елдерінде арнайы журналистика жетіспейтіні белгілі. Салалық журналистикада, әсіресе пандемия кезінде көптеген сәтсіздіктер бар екенін түсіне алдық.
АҚШ-та салалық журналистиканың ұзақ тарихы және әртүрлі форматтары бар. Ол бизнес, қаржы, саясат, технология, ғылым және осылар сияқты әртүрлі салаларға арналған арнайы басылымдар мен медиа платформаларды әзірледі. Сондай-ақ АҚШ-та салалық журналистиканың дамуына қолдау көрсетіп, тәжірибе мен білім алмасуды қамтамасыз ететін кәсіби ұйымдар мен бірлестіктер бар.
Ұлыбританияда да салалық журналистика жоғары деңгейде дамыған. Түрлі салаларға, соның ішінде экономика, қаржы, саясат, спорт, сән, мәдениет және өзге де салаларға бағытталған арнайы басылымдар мен веб-платформалар бар. Ұлыбритания сонымен қатар беделді журналистика мектептерімен және салалық журналистикадағы университеттік бағдарламаларымен танымал.
Германияда салалық журналистика, әсіресе экономика мен бизнес саласында дамыған. Қаржы, өнеркәсіп, технология және басқа да салалар туралы ақпарат беретін арнайы басылымдар, журналдар мен веб-порталдар бар. Неміс журналистикасының білім беру бағдарламалары сонымен қатар салалық журналистика курстарын ұсынады және студенттерді белгілі бір салаларда жұмыс істеуге дайындайды.
Қытайда салалық журналистика қарқынды экономикалық өсумен және елдің әлемдік аренадағы ықпалының артуымен өркендеп келеді. Экономикаға, технологияға, инновацияға және басқа да салаларға бағытталған арнайы басылымдар мен онлайн платформалар бар. Қытай сонымен қатар әртүрлі салалар туралы мамандандырылған ақпарат беретін цифрлық медиа платформаларды белсенді түрде дамытуда.
Жапон елінде де салалық журналистиканың маңызы зор. Экономикаға, ғылымға, мәдениетке, технологияға және басқа салаларға арналған арнайы журналдар, басылымдар және веб-платформалар бар. Жапондық салалық журналистика терең талдау материалдарымен және өзекті салалардағы ауқымды зерттеулерімен ерекшеленеді.
Әртүрлі елдердегі салалық журналистиканың дамуының жалпы тенденциясы медиа саласының мамандануы мен цифрлануының өсуімен байланысты. Мамандандырылған басылымдар мен платформалар, кәсіби ұйымдар мен білім беру бағдарламалары журналистиканың осы саласын дамытуда маңызды рөл атқарады, нақты салаларда ақпарат пен дағдыларды қамтамасыз етеді.
Салалық журналистика – белгілі бір саланы жетік меңгеріп, осы саланың барлық қыр-сырын зерттеп, бір бағытта мұқият жаза білу. Қазақ журналистикасының дамуына зор үлесін қосқан жанның бірі Намазалы Омашев бүгінгі қазақ журналистикасының жеткен жетістігі аз емес екенін айтады.
– Қазір газет ұлттың тарихына, Алашқа байланысты дүниелерді терең зерттеп, оқырман көңілінен шығатындай, тағылым мен білім алатындай дәрежеде беретін болды. Бұрын баспасөзде мұндай дүниелерге жиі оралмайтын. Қазір бұл тақырыптарды бүге-шігесіне дейін тарқатып, ғылыми айналымға түсетіндей етіп беретін болды. Мұны баспасөздің жетістігі десек артық емес.
Одан бөлек, бұл салада экономикалық, қаржы мен халықаралық жағдайға байланысты салмақты материалдардың жарық көруін де жетістіктер тізіміне қосуға болады, – дейді Намазалы Омашұлы.
Бірақ басылым бетінде саясат туралы қалам тербеу әлі де болса ақсап тұрғаны жасырын емес. Бұл туралы Намазалы Омашев: «Басылым бетінде саясат сырғақ. Билік ондай мұрша бермейді. Билікке ұнамай қалмайын деп, ішкі саясат, әсіресе идеология мәселесіне келгенде журналистердің тісі өтпей қалады. Бұл – басылымның кемшілігі. Дегенмен қазіргі қазақ журналистерінің деңгейі шетелдік басылым мамандарынан ешқандай кем емес», – дейді ардагер журналист.
Ал Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов әр заманның журналистикасы сол дәуірдің сұранысына сай дамитынын айтады.
– Біздің жас кезімізде ұлы жырау Жамбыл Жабаев туралы айтқанда «екі ғасырды көрген, екі дәуірдің куәгері болған» деп жататынбыз. Біз де тарихи екі дәуірді көрген ұрпақ өкілдері болдық. Кеңестік кезеңде тудық, оқыдық, азаматтық ұстанымымыз қалыптасты, сол социалистік жүйеге сендік, қызмет атқардық. Жиырмасыншы ғасырдың бүкіл қасіретін көзбен көрмесек те, тарихтан біліп, кітаптан оқып, кинофильмдерден көріп өстік. Бүгінгі жастарға ертегідей көрінер, өтірік айтып қайтеміз, заманымыз тыныш, тәртіп қатаң болды. Әрине, адам болған соң қылмысқа барады. Дегенмен, бетімен кеткен әрекеттер әсте көп болмайтын.
Кеңес дәуіріндегі журналистика өз дәуіріне қызмет етті. Дегенмен, сол кезеңде жүріп шындықты жазған қаламгерлер аз емес. Сонымен қатар еңбек адамдары туралы газет беттерінде жиі жазылатын. Себебі, ол заманда еңбек бағаланатын. Жылдың төрт мезгілінде ауыл шаруашылығында науқандар болатын. Егін егу, егісті күтіп-баптау, оны ору, жинау, малшылықта малды қыстату, төлдету, жазды күні жайлаудағы малды бағып-баптау. Ал зауыт саласында Жамбылда (қазіргі Тараз қаласы) Кеңес одағына даңқы жеткен зауыттар болды. Бұл дегеніңіз – қайнап жатқан өмір деген сөз. Соның барлығы басылым беттерінде жазылып жататын. Әрине, бірыңғай мадақтау емес, оның арасында сын садағын сілтеп жазатын. Қысқасы қалам ұстағандар жақсыны – жақсы, жаманды жаман деп жазды.
Заман бір қалыпта тұрмайды, бүгінгі жас буынға ертегідей естілетін Кеңес одағы сияқты алып империяда өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман біз түсінбеген, біз күтпеген оқиғалар бола бастады. Нәтижесі Тәуелсіздік алуымызбен аяқталды. Тәуелсіздік алған күннен бастап егемен елімізге қызмет ете бастадық. Әрине, біз кетпен шаппаймыз, жер қазбаймыз, кірпіш қаламаймыз, біздің қаруымыз – қалам. Қаламмен азаттығымызға еңбек еттік. Ал мұнымыз жақсы ма, жаман ба, оған баға беретін – халқымыз, – дейді Ж.Миллионов.
Салалық журналистиканың не себепті әмбебап журналистикадан гөрі қоғам үшін тиімді деп саналатынын медиа сарапшысы Айжан Қалиева былай түсіндіреді:
– Салалық журналистиканың ең үлкен артықшылығы – дәлдік. Мәселен, бүгінде журналистерді қоғамда қызу талқыланып жатқан мүлде басқа мәселелер, аудиторияны көбірек тартатын тақырыптар толғандырады. Репортер жұртшылықты қызықтыратын тақырып өзекті болмай тұрып, дәл жеткізе білуі керек. Бұл жерде тиімділік маңызды. Кәсіби және тәжірибелі маман кез келген тақырыпты жеңеді. Бірақ бұл белгілі бір салада дайындалған маман болса, ол көп жылдар бойы жинақтаған білімінің арқасында тақырыпты кеңірек ойлап, оны жан-жақты қамтуы мүмкін. Соған сәйкес тақырыпты әр қырынан ұсынып, өте нақты талдау жасай алады. Өздеріңіз білесіздер, қазір ақпарат көп, бірақ сапасы аз. Ал салалық журналистика қоғамға қажетті сапалы әрі нақты ақпарат беруде әмбебап журналистикадан әлдеқайда алда екені айтпаса да түсінікті, – дейді.
Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі салалық журналистиканы дамытуды қолға алу қажеттігін айтып келеді. Себебі, алдағы уақытта өз аудиториясын сенімді де сапалы ақпаратпен қамтамасыз ете алатын тәжірибелі мамандарды дайындау дұрыс жолға қойылса, журналистиканың қоғамға қосар үлесі арта түсері сөзсіз. Өйткені салалық журналистика – сапалы контенттің кепілі.
Осылайша, министрліктің бастамасымен салалық журналистика мамандарын дайындау бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Мәселен, 2021 жылы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен күш-жігердің арқасында мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншік БАҚ-тың 4 мыңнан астам журналисі еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінің маңызды салаларын жария ету бойынша тегін оқытудан өтті. Дайындалған журналистер дезинформацияға қарсы күресте, сондай-ақ қазақстандықтарды жан-жақты объективті ақпараттық ағартуда БАҚ пен әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментін дамытуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.
Жалпы, республикалық және өңірлік медиа журналистері медицина, этносаралық қатынастар, дін, IT-саласы, экология, аграрлық сектор, қаржы және экономика, құқықтану мәселелерін ақпараттық жария етудің қыр-сыры мен ерекшеліктері бойынша оқытудан өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Халықаралық бизнес университеті, Қ.Сағадиев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жетекші оқытушылары тренингтер мен семинарлардың коучтары болды.
2021 жылдың қыркүйегінен бастап М. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ бастамасымен бакалавриат студенттері үшін «Журналистика: аналитика және тергеулер», сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратура студенттеріне арналған «Экологиялық журналистика» екі жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды. Экологиялық журналистиканың дамуы қазақстандықтарды қоршаған ортаның игілігіне әрекет етуге ынталандыруға тиіс.
Бұдан басқа, Министрлік «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры базасында медиамамандарды оқыту мақсатында мультимедиялық білім беру-ақпараттық платформасын іске қосты.
Салалық журналистиканы дамыту жоспарының маңызды бөлігі ретінде Министрлік, салалық ұйымдар мен салалық кәсіптік одақтар арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісім жасасу болды. Келісім әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеудің жалпы қағидаттарын, салалық журналистерді даярлау жөніндегі тараптардың өзара міндеттемелері мен жауапкершілігін айқындайды.
Ал журналист Дана Нұржігіттің айтуынша: «Журналистикада сөзін қоғам тыңдайтын тұлғалар тәрбиелену керек. Ал ол белгілі бір салада машықтанып сол саладағы кез келген тақырыпты сауатты көтере алатын маман болғаны дұрыс. Әйтпесе, әр проблеманың басын шалған тілші халыққа толық ақпарат бере алмауы мүмкін. Журналист өз саласына толық меңгеруі керек, өз баласындай көруі керек. Өз саласының қоғам мен министрлік арасындағы, сала арасында дәнекері болуы керек. Бүгінгі күні сондай дәнекердің жоқтығынан қоғам кімге сенерін білмей дал болып отыр».
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы дерсіз. Еуропада салалық журналистика өте жақсы қарқынмен дамып келеді және бұл өзгеріс жемісін беруде. Ал ТМД елдеріне кенже қалған салалық журналистиканың жоқтығы білініп тұрады. Қаржы, медицина, ауыл-шаруашылық, технология, құқық сынды кең ауқымды салаларда қалам тербейтін, сауатты тақырып көтеретін журналистердің жоқтығы қоғамға айтарлықтай байқалып отыр.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы салалық журналистика білімі экономика мен қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларына маманданған білікті журналистерді дайындауда маңызды рөл атқарады. Экономика және бизнес, саясат және мемлекеттік басқару, ғылым және технология саласындағы журналистика сияқты білім беру бағдарламалары мен тәжірибелерінің үлгілері студенттерге білімдерін тереңдетіп, өз салаларында арнайы дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Арнайы медиа орталықтар құру, кәсіби тренингтер мен тағылымдамадан өту, сондай-ақ онлайн платформалар мен арнайы басылымдарды әзірлеу сияқты практикалық мысалдар студенттер мен жас журналистердің тәжірибелік тәжірибесі мен кәсіби өсуіне ықпал етеді. Бұл тәжірибелер Қазақстандағы медиаиндустрияны дамытуға да ықпал етеді және салалық тақырыптарды жарыққа шығаруға және әртүрлі салалардағы журналистиканың сапасын арттыруға қосымша мүмкіндіктер жасайды.
Жалпы, Қазақстандағы салалық журналистика саласында білім беру медиаиндустрияны дамыту және түрлі салаға маманданған білікті журналистерді дайындау үшін аса қажет. Бағдарламалар мен тәжірибелердің мысалдары Қазақстанның жоғары сапалы салалық журналистиканы дамытуға және экономиканың маңызды секторлары мен қоғамдық өмірді ақпараттық қамтуға ұмтылысын көрсетеді.
Ерболат ӘШІР