Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі Тараз қалалық аумақтық комиссия отырысы өтті.
Жиын барысында қауіпті су тасқыны кезеңінің алдын алу және шаһар аумағындағы арықтар мен каналдарды тазалау, өрт қауіпті кезеңде өрттің алдын алу, оларды жою, жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында өрт кезінде жарақаттану, улы газбен улану оқиғаларын болдырмау, шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау, қалада істен шыққан өрт гидранттарын қалпына келтіру және химиялық қауіпті объектілерде күшті әсер ететін улы заттарды (аммиак) қауіпсіз реагенттерге (фреонға) көшіру сынды мәселелер қозғалды.
Бүгінде «Жамбыл су» МКК теңгерімінде 3 567 гидрант бар. Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылы 3 567 өрт гидрантының 529 данасы істен шыққан. Осыған байланысты 2023 жылы мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы 529 дана өрт гидранты сатып алынған. Ал гидранттарды орнату жұмыстарының уақыты жылыту маусымына тұспа-тұс келгендіктен, ағымдағы жылға қалдырылған.
Сондай-ақ шаһар аумағында 3 химиялық қауіпті объект орналасқан. Осыған орай, шаһардағы химиялық қауіпті объектілерде, өндіріс барысында және хлодогент ретінде пайдаланатын күшті әсер ететін улы заттарды (аммиак) қауіпсіз реагенттерге (фрионға) ауыстыруы, ал мүмкін болмаған жағдайда өндірістің техникалық ерекшеліктеріне байланысты ауыстыру жөніндегі іс-шараларға бастамашылық жасау үшін «Шасабирова Р.А.» ЖК және «Империя» ЖК өнімдегі салқындату жүйесінде пайдаланатын аммиакты кезең-кезеңімен қауіпсіз реагент фрионға көшіру мәселесі қарастырылды. Сонымен қатар «Қазфосфат» ЖШС «Минералдық тыңайтқыш» басшылығына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ХҚО маңында тұратын халықты қорғау мақсатында қойма үй-жайларын қауіпсіз жергілікті жерге көшіру мәселесін қарастыру және қоймалардағы сақталатын шикізат қорларын минималды көлемге дейін азайту ұсынылған.
Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының орынбасары Назар Нұржанов өз кезегінде қала тұрғындарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар проблема бар екенін, сол үшін көпқабатты үйлерде, қоғамдық орындарда өрт оқиғасын болдырмау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қолдау білдіру қажеттігін баса айтты.
Жиын соңында қала әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне барлығы жауапты екенін және салғырттыққа жол беруге болмайтынын тағы да еске салды.
Аман ЕСЕН