Сайлау жүйесі – саяси реформалардың тірегі

Тараз қаласында Дүниежүзілік сайлау күніне орай жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесу өтті. Шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың, жастар ресурстық орталығының өкілдері, Жас сайлаушылар клубының, сондай-ақ сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Басқосу барысында Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің даму тарихы, соңғы жылдары жүргізілген электоралдық реформалар, сайлау процесінің ашықтығы мен инклюзивтілігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.
Ең әуелі облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов атаулы күннің мән-маңызына кеңінен тоқталды.
– Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 30 қаңтардан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше. 1992 жылы Қазақстан Республикасы аталған ұйымның барлық құрылтай құжаттарына, ең алдымен, 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісіне және Жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясына қол қойды. Осылайша Қазақстан ұйым мүшесінің барлық міндеттемелерін қабылдады. 1999 жылы Алматы қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы орталығы ресми түрде ашылды.
2005 жылғы 14-17 қыркүйек күндері Венгрияның Сиофок қаласында «Жиырма бес мемлекеттен тұратын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығы» бастамасымен сайлау ұйымдарының Дүниежүзілік конференциясы өтті. Оның шешімдерінің бірі Дүниежүзілік сайлау күнін белгілеу болды. Міне, содан бері бұл мереке жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде аталып өтеді.
Бұл күндері дүние жүзінде сайлау саласында жаһандық демократияны қолдау, сайлау туралы білімді арттыру және сайлаушылардың сайлауға қатысуға жалпыға бірдей құқығы мен бостандықтарын құрметтеу мен сайлау үрдерістерін жетілдіру мәселелері сарапталып, алда тұрған міндеттер айқындалады.
Тарихи деректерге сүйенсек, адамзат тарихында алғашқы сайлау процестері ежелгі Рим мен ежелгі Грекияда болған. Себебі демократия терминінің өзі осы елдерден шыққан. Ал елімізде Сайлау үдерістерін жетілдіру мақсатымен соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүріп жатқан саяси реформалар барысында саяси партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасалып, партияларды тіркеу едәуір жеңілдетілді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырды.
Бүгінде саяси партиялар Парламенттегі өз өкілдері арқылы аймақтардағы қордаланған мәселелерді Парламент, Үкімет алдына қоя отырып, тиімді шешімдер қабылдануына ықпал етуде.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқы негізінде сайлаушылардың жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайланатыны және ол тұлға бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайтыны айқындалды. Бұған қоса, сайлау барысы аралас сайлау яғни пропорционалды-мажоритарлы жүйеге көшірілді. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен сайлану енгізілді. Аралас сайлау жүйесі республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық мәслихаттар сайлауына да енгізілді, – деген Серғали Айдапкелов еліміздегі демократиялық өзгерістер облыстағы сайлау жүйесіне де оң ықпал еткенін де атап өтті.
Сонымен қатар жиында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ерасыл Берді жастардың сайлауға қатысу белсенділігіне тоқталса, «Phoenix» адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Балжан Абдуллаева бүгінгі сайлау науқандары кезеңдерінде қоғамдық бірлестіктердің атқаратын рөлі туралы баяндама жасады.
Жиын соңында Серғали Өмірзақұлы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан құрылған Жас сайлаушылар клубы мүшелеріне арнайы куәлік пен төсбелгі табыстады.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Comments (0)
Add Comment