Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
Еліміздің сайлау жүйесі егемендігімізбен бірге дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы сайлау жүйесін жетілдіру бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылы сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Оның негізгілеріне тоқталсақ, мажоритарлық сайлау жүйесін қайтару, сайлауды бақылау үшін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуді енгізу, бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланған мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кері қайтарып алу мүмкіндігі, аумақтық сайлау комиссияларын кәсібилендіру, мәжіліс және мәслихаттар сайлауында бюллетеньдерге «барлығына қарсы» бағандарын енгізу, мәжіліске өтуге партияларды тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету, мәжілістің мандаттарын бөлу кезінде партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыз квотаның қолданылуы сайлау жүйесінің түбегейлі жаңғыруына және қоғамды демократияландыруға жол ашты.
Тараз қалалық мәслихатының бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 2023 жылы өзін-өзі ұсыну арқылы 82 кандидат 27 мандатқа таласқа түсіп (орта есеппен бір орынға 4 адам), мажоритарлы сайлау жүйесі жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырғанын аңғартты.
Жаңадан сайланған депутаттардың құрамындағы жастар саны артып, жаңа көзқарас пайда болды. Жасы 35-ке жетпеген 28 кандидат додаға түсіп, оның үшеуі мәслихат депутаты болып сайланды.
Науқан барысында 1 534-ке жуық байқаушы сайлау процесінің ашықтық қағидатына сай өткенін бақылауда ұстаған. Оның ішінде өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктері мен коммерциялық емес ұйымдарынан – 338, БАҚ өкілде-рі – 38, саяси партиялардан – 197, халықаралық ұйымдардың байқаушыла-ры – 8, кандидаттар мен саяси партиялар-дың сенім білдірген адамдары – 953. Жалпы орта есеппен алғанда әрбір сайлау учаскесінде байқаушы функциясын атқару мақсатында 11 адамнан қатысты.
Реформалар аясында өңірде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының кәсіби құрамы толығып, қала, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, сондай-ақ хатшылары өкілеттіктерді кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыруда.
Комиссия мүшелерінің өкілеттіктерді кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыруы сайлау науқандарын әзірлеу мен өткізу бойынша қызметті ұйымдастыру және үйлестіру негізгі функцияларынан бөлек, сайлау процесінің өзге қатысушыларымен өзара іс-қимылды кеңейту, олардың құқықтық мәдениетін арттыру, сайлау инфрақұрылымының мониторингін жүргізу, сайлау науқандарын сапалы және жан-жақты дайындалуға серпін берді.
Сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне қойылатын талаптарға ақпараттық технологиялар саласындағы білім, ақпараттық жүйелер мен сервистерді пайдалану дағдылары жүктелді.
«Сайлауды ұйымдастырушылар мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын электоралды оқыту сайлау процесінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып саналады. Орталық сайлау комиссиясының ұсынымымен каскадты модель бойынша төмен тұрған комиссияларды оқытуды көздейтін жоспар құрылып, нәтижесінде, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 1 070 мүшесі электоралды оқытудан өтті.
Аумақтық сайлау комиссиясының сайтынан АСК қызметін, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын, отырыстар мен шешімдерді жария етуді, сайлау науқанының негізгі аспектілерін түсіндіруді, сондай-ақ сайлау науқанының кезеңдері инфографикасын, фотоматериалдарды, сайлау процесінің қатысушыларын ақпараттандыру сияқты мәліметтерді көруге болады.
Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың сайлау құқықтарын халыққа уақытылы жеткізу үшін оларды іске асыруға қатысты инфографикалық материалдар жарияланып отырады.
Бүгінде Тараз қаласының жалпы сайлаушылар саны жедел дерек бойынша 258 260 сайлаушыны немесе қала тұрғындарының 59,9 пайызын құрап отыр (2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша).
Тараз қаласы бойынша 7 саяси партия мен 2 қоғамдық бірлестік тарапынан жасақталған 1 аумақтық және 134 учаскелік сайлау комиссиясының құрамы Тараз қалалық мәслихатының 27.12.2023 жылғы №11-4 шешімімен қалыптастырылды.
2023 жылдың 27-30 желтоқсаны аралығында жаңадан сайланған сайлау комиссияларының 1 077 мүшесі туралы деректер (АСК-7, УСК-1070) Орталық сайлау комиссиясының мәліметтер базасына енгізілді.
Тараз қаласының сайлаушылар санына мониторинг жұмыстары үнемі жүргізіліп, сайлаушылар саны үш мыңнан асу қаупі бар сайлау учаскелеріне қатысты тиісті шешім қабылданып отырады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында сайлаушылар санының артуына байланысты «Ұлы дала» ықшамауданынан қосымша бір сайлау учаскесін ашу жоспарға енгізіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жалпы сайлау учаскелерінің шекаралары, орналасқан жері – халықтың қоныстанып көбеюіне байланысты өзгеріп тұратын процесс.
Бүгінгі таңда Тараз қаласын дамытудың жаңа бас жоспарына сәйкес, Тараз қаласын екі аудандық әкімшілік орталыққа бөлінген жағдайда қосымша Байзақ, Жамбыл аудандарынан 11 сайлау учаскесі қосылуы болжанып отыр. Казірден бастап бұл жұмыстар қолға алынып, тиісті дайындық жұмыстары басталды.
Сайлауға қатысып, жауапкершілік таныту – әр азаматтың құқығы мен парызы. Сайлауда әрбір азамат өз шешімінің, өз дауысының маңыздылығын түсінсе, бұл науқанның да маңызы арта түспек.
Жарқын болашақтан үміттенетін әрбір сайлаушының сайлауға барып, таңдауын жасауы маңызды.
Дауыс беруге келу қажеттілігінің ең маңызды себебі – дауыс беру құқығын жүзеге асыру. Мемлекет азаматтарға дауыс беру құқығын берді, сондықтан оларды елемеуге болмайды.
Өкінішке қарай, «абсентеизм» (лат. absentis – жоқ) деп аталатын теріс саяси мінез-құлықты ұстанатын азаматтардың бір бөлігі дауыс беруге қатысуды өзінің міндеті деп санамайды. Мұндай ұстаным түбегейлі дұрыс емес, өйткені қоғамның әрбір мүшесінің белсенді азаматтық ұстанымы ғана елдегі жағдайды өзгертуге, қарқынды дамуға және өмір сүру деңгейін, ішкі және сыртқы саяси тұрақтылықты арттыруға серпін бере алады.
Осы орайда атап өтер жайт, демократиялық мемлекеттің белгісі сайлауға еркін дауыс беру арқылы қатысу мүмкіндігі азаматтардың құқығы ретінде анықталады. Сайлауға қатысу арқылы ішкі қалауымызды ғана таңдап қоймаймыз, бұл біздің келісті келешегімізге жасаған нақты қадамымыз болып есептеледі. Сондықтан саяси маңызы зор шараға қатысып, лайықты таңдау жасау – әрбір азаматтың құқығы әрі парызы.
Сайлау – елді дамудың даңғыл жолына бастайтын, жаңа серпін беретін саяси науқан. Еліміздегі сайлау өткізу әдісі қоғам сұранысына сай бейімделіп келеді. Енді тек халқымыздың белсенділігі артса құба-құп!