АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттардың сайлауалды штабтарын оқытуды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын шығындар қалай қаржыланатынын түсіндірді.
«Сайлауды қаржыландыру – сайлауды дайындау мен өткізуді қаржылық қамтамасыз етуге, сайлау алдындағы үгіт-насихатты қаржыландыруға байланысты шаралардың жиынтығы. Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге арналған шығындарды қаржыландыру ҚР Сайлау туралы конституциялық заңында жазылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сайлауды мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржыландыру нормалары көзделген.
Президент сайлауы осы мақсаттар үшін ашылатын жергілікті атқарушы органдардың шоттары арқылы республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады. Сайлау науқаны аясында кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт-насихат шығындары қаржыландырылады», – деді С. Мұстафина.
Айта кетейік, кеше сағат 18:00-де президенттікке үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды.