Сайлау комиссиясының бағыты айқын

Жамбыл жоғары медициналық колледжінде сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін артыруға арналған семинар-тренинг өтті. Шараға Тараз қаласы және облыс аудандары сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Шара алдағы сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу барысында комиссия мүшелерінің кәсіби дайындығын жетілдіру, заңнамалық білімдерін тереңдету және тәжірибелік дағдыларын нығайтуға бағытталды.
– Сайлау – бұл тек бір күндік шара емес, ұзақмерзімді дайындықты талап ететін күрделі процесс. Комиссия мүшелерінің заңды жетік меңгеруі және нақты әрекет алгоритмдерін білуі – әділ сайлаудың кепілі. Биылғы жұмыс жоспарына сәйкес, сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін артыру мақсатында жаңа форматта семинар ұйымдастырылды. Бұл шараға аудандық, аумақтық сайлау комиссиясының төрағалары мен олардың орынбасарлары, хатшылары және осы ұйымға 26 қазанда тағайындалған №9 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутатын сайлаумен қамтылатын аудандар мен қалаға қосылған 9 учаскелік сайлау комиссиясының барлық мүшелері шақырылды, – деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов.
Семинар аясында қатысушылар екі кезеңнен тұратын практикалық оқу-жаттығудан өтті. Әуелі олар 6 топқа бөлініп, QR-код арқылы берілген сауалдарға жауап берді. Ал екінші бөлім викториналық сұрақтарға арналды. Қатысушылар нақты жағдаяттар бойынша тапсырмалар орындап, сайлау учаскесіндегі іс-әрекеттерді модельдеу арқылы тәжірибелік машықтарын пысықтады. Сонымен қатар цифрлық технологияларды, оның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалану, электронды құжат айналымы және дауыс беру процесін автоматтандыру тақырыптары да кеңінен қарастырылды.
Тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Шараның пайдалы әрі мазмұнды болғанын атап өткен жауапты мамандар сайлау процесіндегі өз рөлдерін одан әрі жауапкершілікпен атқаруға дайын екендерін білдірді. Бұл форматта семинар-тренинг алдағы уақытта облысымыздың барлық аудандық сайлау учаскелерінде ұйымдастырылады.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment