Өңірге инвестор тартуға жергілікті билік мейлінше ықыласты. Өйткені облысқа әлеуетті инвестор келсе, тұрақты жұмыс орны да көбейеді. Сөйтіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтудың мүмкіндігі молаяды.Облыс басшысынан бастап салаға жауапты мамандар бүгінде шетелдік инвесторларды тартуға күш салып жатыр.Әлбетте кез келген инвестор шаруашылық жүргізуге оңтайлы болуы үшін шикізат қоры мен тасымал ісі, кәсіпорын орналасатын жердің инфрақұрылымы үшін ыңғайлы жер іздейді. Өйткені инвестор белгілі бір мерзімдегі перспективада табыс табуды көздейді. Бұл тұрғыдан алғанда тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданы қолайлы аймақ.Аудан іргесіндегі Бірлік ауылдық округіне ат басын бұрған ирандық инвестор бірнеше жыл бедерінде жемісті жұмыс атқарып жүр. «KazIrAgro» ЖШС өндіретін мақсары майы негізінен экспортқа бағдарланған. Серіктестік кейінгі жылдары аталған өнімді өңір брендіне айналдырған. Жүзеге асырылған жобаның жалпы құны 3 миллион долларды құрайды. Кәсіпорында жетпіске жетеқабыл адам еңбек етеді. Оның жартысынан көбі жергілікті азаматтар. Өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істеген жағдайда тәулігіне 3 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы.Серіктестік басшылары бірқатар Еуропа елімен тығыз қарымқатынас орнатқан. Мәселен, Алинагиян Хамидрезаның иелігіндегі кәсіпорын «Safloria» атауымен шығатын өнімді бұған дейін Қытай, Ресей, Нидерланд, Чехия елдеріне экспорттап келген. Қайбір жылы Жапония елінің азаматтары да Қазақстанда өндірілетін майды сатып алу бойынша келісімге келіпті.
«Расында серіктестік өндіретін «Safloria» майына деген сұраныстың артып жатқаны көңіл қуантады. Ирандық инвестордың келуімен жанданған жұмыс бүгінде лайықты түрде жалғасып жатыр. Мәселен, 2018 жылы өндірілген өнім көлемі 991,7 мың тоннаны құраса, 2019 жылы 1419,73 тоннаға жеткен.Осылайша, өндірілген май көлемі жыл сайын артып отырған. Жұмыс барысында кездескен кейбір кедергілер жергілікті атқарушы биліктің араласуымен дер кезінде шешімін тауып жатыр. Шу ауданы аумағында өндірілген мақсары майын Еуропа мен Азияның біраз елі тұтынады», дейді Шу ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев.
Маманның дерегіне жүгінсек, 2020 жылы «KazIrAgro» өнімі Чехия, Жапония, Қытай, Өзбекстан секілді төрт мемлекетке жөнелтіліпті.Өткен жылы 360 тонна мақсары майы Қытай, Өзбекстан, Германия мемлекеттеріне экспортталған.
«Жұмысшылардың орташа жалақысы 170 мың теңгені құрап отыр. Компанияның қуаты күніне 9,6 тонна өнім өндіруге жетеді. Серіктестік басшылары өткен жылы 1 200 гектар аумаққа мақсары дақылын еккен. «Safloria» майының өңір брендіне айналғанын ауыз толтырып айта аламыз. Өңірге келген әрбір әлеуетті инвестор жергілікті халықты жұмыспен қамтуға атсалысады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», дейді Ж. Нұрғалиев.
Жеңіс Нұрғалиев,
Шу ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы