Әлеуметтік желілерде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жақын арада отставкаға кететіні туралы хабар таралуда, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
“Қала басшысы отставкаға кетеді” деп жазылған хабарлама «Выход к правде» Telegram-каналында жарияланған.
«Алматылықтар жақында жаңа әкімге ие болуы мүмкін. Сағынтаевтың жақында отставкаға кететіні туралы барлық жерде айтылуда. Құжаттарға қазір оның орынбасары С.Құсайынов қол қойып жүр”, – делінген желідегі хабарламада.
Бұған қоса, әкімнің міндетін уақытша орындаушы деп көрсетілген Құсайыновтың қолы қойылған құжат таралған. Сонымен қатар Telegram-каналда Бақытжан Сағынтаев Алматы облысының әкімі болады делінген.
Өз кезегінде Алматы әкімдігі ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Әкімдік мәліметінше, Сағынтаев қазір қысқа мерзімді демалыста. Дегенмен, оның қашан жұмысқа шығатынын әкімдіктегілер нақтыламады.