Тәуелсіздік күні Алматыда көптеген игі шаралар жүзеге асты. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік орташа топтан шыққан 200-ден астам адамға жаңа пәтер кілтін табыс етті,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Мерейтой қарсаңында мегаполисте диагностикалық және оңалту орталықтары ашылды. Сондай-ақ күрделі жөндеуден кейін 315 орындық балабақша өз жұмысын бастады.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында алматылық тұрғындар үлкен қуанышқа бөленді. Біраз уақыттан бері кезекте тұрған әлеуметтік жағдайы орташа жандар баспаналы болып, бір-бірінен сүйінші сұрасты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 211 жаңа пәтердің кілтін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі тапсырды.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі: – 4 жылдың ішінде біз қаламыз бойынша осы көп балалы отбасыларға, жетім балаларға басқаларға 10500-дей кілттің пәтері берілді. Оның ішіндегі 5 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар баспаналы болды. Өздеріңіз білесіздер, мына отбасы банкі арқылы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүріп жатқан кезде бізге жалпы қала бойынша берген квотаның саны былтырғыдан төмен болып қалды. Енді ондай жасатпау үшін бюджеттен 3,3 млрд ақша бөліп осы квотаны 1013-ке дейін жеткіздік. Мереке қарсаңында пайдалануға берілген тағы бір нысан – көп салалы оңалту орталығы. Ол жүйке-психикалық аурулары бар адамдарға және аутизмге шалдыққан балаларға түрлі қызметтер мен мамандардың кеңестерін алуға мүмкіндік береді. Бұл жаңа диагностикалық орталық бірден бірнеше аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Орталықта ерте қолдау, оқыту дағдыларын дамыту, диагностика, қараңғы және жарық сенсорика кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ Әуезов ауданында орналасқан балабақша күрделі жөндеуден кейін өз жұмысын бастады. Енді бұл ғимарат бір мезетте 315 баланы қабылдай алады. Биылдың өзінде Алматыда үш балабақшаның құрылысы аяқталды.
Жандос Айтбайұлы