Сағындым жарқын жүзін Мұз-ағамның…

Биыл Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Ақынның мерейтойына орай жыл басынан бері еліміз көлемінде түрлі шаралар өткізілуде. Осы орайда М.Әлімбаевтың шәкірті, ізбасар інісі ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлының ақылшы ағасы жайлы ескірмес естелігін назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Несіпбек Айтұлы сөзін: «Мен Мұзафар Әлімбаевтың жанында отыз жыл жүрдім. 10 жыл бірге жұмыс істедім. Өле-өлгенше ақылына құлақ асып, сөзін тыңдап, рухани жақындықты суытқан жоқпын», – деп бастады.
Мұзафар Әлімбаев атындағы мектепті көріп, сол мектептің шәкірттері оқыған ақынның өлеңдерін естіп, өткізіліп жатқан мерейтойлық іс-шараларға куә болған құрметті қонақ Павлодар облысы әкімдігіне, тағылымды іске мұрындық болған Алтынбек Нухұлына және Ертіс-Баян өңірінің азаматтарына алғыс білдірді.

Ұлыны тану да ұлылық

Мұхтар Әуезовті бірінші болып «Ұлы» деген, қағазға басып, таңбалаған адам – Мұзафар Әлімбаев. Өз аузынан естідім.
1959 жылы Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлықтың лауреаты атанғанда, Мұз-ағаң «Балдырған» журналының тұтас бір нөмірін арнапты. Журналға Мұхаңның суретін басып, «Ұлы Мұхтар Әуезов» деп жазыпты.
Журнал жарық көргеннен кейін пошталарға, киоскілерге таратылмай жатып, таңертең ертемен Алматы қаласындағы, қазіргі М.Төлебаев көшесіндегі Мұхаңның үйіне жетіпті. Ол үй қазір Мұхтар Әуезовтің музей-үйі болып тұр. Барса, Мұхаң аулада балаларын ойнатып отыр екен. Сәлем беріп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін жазушыға журналды ұстатыпты.
Мұхтар Әуезов журналды ашып, өз суретін, астындағы жазуды көріп, қайтадан жауыпты да, Мұз-ағаңа қарап: «Өмірі ести алмай жүрген сөз осы еді. Айналайын, Мұзафар, мені «Ұлы» деп ең бірінші өзің атап тұрсың», – депті. Қатты разы болыпты.
Ол уақытта Мұхтарға «Ұлы» деп айтуға ешкім батпаған. Себебін тарихтан жақсы білесіздер, жазушының қуғын көрген кезі еді ол.
Менің айтпағым, Ұлының ұлы екенін тану үшін де ұлылық керек.

Бізді тербетіп өсірген – Мұз-ағаңның әндері

Мен – қойшының баласымын. Ол кезде әр қойшының үйінде кішкентай қара радио болады. Таңертеңнен кешке дейін Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанова жаңалықтар оқиды. Одан кейін Роза Бағланова «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Өзің де, жігіт, қызықсың» әндерін шырқайды. Мұз-ағаңның әндері бізді тербетіп өсірді.
Мұз-ағаңның өлеңдерін мектеп қабырғасында жүріп, кітаптардан оқып, жаттадық.
1969 жылы Алматыға барып, сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚҰУ) журналистика факультетіне оқуға түстім. Сол Алматыда жүргенімде, ағаны алғаш Жазушылар одағында сыртынан көрдім. Қызыл шырайлы екен, басына шошақ тақия, үстінде сұр плащ киіп жүрді.

Балаларға арнап өлең жазуыма Мұз-ағаң ықпал етті

1973 жылы күзде мен Мұз-ағаңның қол астына, «Балдырған» журналына қызметке бардым.
Жазғы демалыстан оқуға келсем, ұстазым Рымғали Нұрғалиев: «Сені Мұзафар ағаң іздеп жатыр», – деді. Таң қалдым. Неге іздейді, ол кісі мені қайдан біледі? «Сенің өлеңдеріңді оқып, ұнатыпты. Бар», – деп жолды нұсқап жіберді.
Бардым. Әңгімелесіп, жөн-жосықты сұраған соң: «Жұмысқа кел», – деді Мұз-ағаң. Менің: «Оқуым бар, лекцияға баруым қажет, диплом қорғауға дайындалуым керек», – деген қарсылығыма қарамастан: «Бәріне үлгересің – оқуыңа да, дипломыңа да. Стипендияңды да аласың. Түстен кейін қолың босағанда, 2-3 сағатқа келіп тұрсаң болды. Артық ақша басыңды жарып бара ма? Қасымда болып, «Балдырғанның» поэзия бөлімін басқар», – деп тапсырды. Солайша мен Мұз-ағаңның тәрбиелеуімен 10 жыл жұмыс істедім. Ең қиын әрі күрделі салалардың бірі – балалар әдебиетіне қалам тербей бастадым. Оған Мұз-ағаң ықпал етті.

Балалар әдебиетінің бағбаны

Мұзафар Әлімбаев – қазақтың балалар әдебиетін қалыптастырған қаламгер. Ол – балалар әдебиетінің қара шаңырағына айналған басылым «Балдырған» журналы ашылған күннен бастап отыз жылдан аса бас редактор болды.
Балалар поэзиясының классиктерінің көбі – Мұз-ағаңның шәкірттері. Атақты ақындар Әнуарбек Дүйсенбиев, Қадыр Мырзалиев, Жақан Смақов, Қабдікәрім Ыдырысов, Есентай Ерботин, Мүбәрак Жаманбалинов, Құрманбай Толыбаев, Сұлтан Қалиев, Жәнібек Кәрібозин, Ермек Өтетілеуов, Бейсебай Кірісбаев сынды атақты ақындар Мұз-ағаңның кеңесімен, бағыт беруімен балаларға арнап қалам тербеді.
Өзі де жазып, өзгеге де жаздыра жүріп, балалар әдебиетін мәуелі баққа айналдырған бағбан болды.

«Маралдым» әні алғаш рет менің ұядай үйімде шырқалды

Мұзафар Әлімбаевтың «Маралдым» әні құлағымыздан да, жүрегімізден де кетпейді. Көңілімізді қозғай береді. Ол әннің кіндігінің кесілуіне мен куәмін.
1973 жылы Мұз-ағаңды, сазгер Әсет Бейсеуовті, академик, ұстазым Рымғали Нұрғалиевті, тарихшы, Абыралы өңірінде туып-өскен Сейітжан Тәбәріковті үйіме қонаққа шақырдым. Ол кезде ауылдан әкемдер көшіп келіп, біз Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылында тұрамыз. Ағаларым үлкен бастарын кішірейтіп, сөзімді жерге тастамай, көңілімді жықпай ұядай үйіме келді.
Ет желініп, қонақтардың маңдайлары тершіп, көңілдері желпіне бастаған кезде Әсет ағамыз шабыттанып, жаңа ән жазғанын айтты. Бірақ әннің бірінші шумағы ғана бар екен. Содан біздің дастарқанда отырғанда осы ән толық жазылып бітті. Әсет Бейсеуов осы әнді алғаш рет біздің төрімізде шырқады.

Мұз-ағаң кең адам еді

Мұзафар Әлімбаев қандай адам еді? Ол кең болатын.
Өз басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Жас кезім, қателік жасап, үйдегі келіншегіме қол көтеріп қойдым. Содан ол киім-кешегін жинап кетіп қалды. Шұбартауға, төркініне кетті деп ойладым.
Ертеңінде жұмысқа келдім. Мұз-ағаң: «Хал қалай?», – деп сұрады. «Жақсы», – дедім. Түк білдірмеу керек. Берген тапсырмасын орындап, ұшып жүрмін. Ертеңінде тағы да: «Хал қалай? Үй іші аман ба? Келін қалай?», – деп сұрады. «Аман, аға. Келініңіз үйде. Жақсы барлығы», – деп сендіргендей болдым.
Сол күні түскі асқа үйіне шақырды. Бардық. Апай бір табақ ет асып, алдымызға қойды. Етке тойдық. Әңгімелестік. Аздап карта ойнадық. Содан кейін Мұз-ағаң: «Келін қайда?», – деді. «Үйде, аға», – дедім. Мұз-ағаң: «Қайдағы үйде? Ол неше күннен бері осында жүр», – деп арғы бөлмеде отырған келінін шақырып алды. Сөйтсем, келіншегім төркініне бармай, Мұз-ағаңнан қалқа тауыпты. «Енді олай жасама. Мынау апаңды мен өмір бойы маңдайынан түрткен емеспін», – деп бізді татуластырып, жарастырып жіберді. Сол сөзін санамда түйіп, отбасының береке-бірлігін сақтап келеміз.
Мұз-ағаңның орнында басқа бастық болса, «Оңбаған, сен әйеліңді сабапсың» деп жұмыстан шығарып жіберер еді. Немесе кабинетіне шақырып алып ұрысып, сыбап алар еді. Ал Мұз-ағаң олай етпеді.
Менің Мұз-ағаңнан көрген осындай жақсылығым ұшан-теңіз. Ол маған ғана емес, халыққа да қамқор еді.
Ол біреудің ала жібін аттамаған, байлық жинамаған адам. Қарапайымдылығы сондай, 60 жасында ғана 4 бөлмелі үйге қол жеткізген адам ғой.

Сағындым жарқын жүзін Мұз-ағамның

Несіпбек Айтұлының естеліктері тыңдаушыны елжіретіп, бізге өлең-жырлары арқылы мәлім болса да, көзін көріп, сөзін естімегендіктен, беймәлім тұлғаның жарқын бейнесін санамызда жаңғыртты. Естелік айтушы: «Қазыны кертіп-кертіп тістегендей, шетінен айта берейін», – деп бастаған тәтті әңгімесінің дәмі таңдайымызда қалды. Мұзафар Әлімбаевтың бір нақылында айтылғандай, «ескерткіш тозса да, естелік тозбайтынына» куә болдық.
Ақын сөзін өлеңмен түйіндеді. «Мен Мұз-ағаңа арнап көп өлең жаздым. Осы жиынға келерде, бұрын жазылғандарды оқымайын деп жаңа өлең жазып келдім. «Ағаны сағыну» деген сол өлеңімді оқып берейін», – деп жиналған қауымға ұстазына арнаған жырын тарту етті:

Араны алыстатты ұзаған күн,
Сағындым жарқын жүзін Мұз-ағамның.
Төбесін топы киіп келе жатқан,
Ішінен танушы едім жүз адамның.

Ағынан жарылғанда шалқып аға,
Көңілдің көк сабасы сарқыла ма?!
Шешіліп сөйлеп кетсе, секілді еді
Құлаған құз басынан сарқырама.

Пенденің бола бермес қалағаны,
Кезінде кім түсінді сол ағаны?!
Қыранның күйін кешті сыпыра алмай,
Тұмшалап көзін жапқан томағаны.

Ақтарып тереңдегі асыл кенін,
Өткердім қанша жылды қасында оның.
Арқасы Мұз-ағаңның деп білемін,
Бұл күнде озса төрге басым менің.

Құшағын жаман адам кең жая ма?
Табылмас енді маған ондай аға.
Мінгізген сол кісі еді бата беріп,
Ең алғаш өлең деген желмаяға.

Жазып алған Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Comments (0)
Add Comment