«Сағым» киносы көпшілікке жол тартты

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, арxивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен облыстық кино орталығының қолдауымен түсірілген «Сағым» толық метражды көркем фильмі көрерменге ұсынылды.

Арайлым Шабденова

Көркем туынды – облыстық кино орталығының толық метражды тұңғыш туындысы. Фильмде асыл дініміздің атын жамылып, бейбіт өмірді құрдымға жіберуге әрекет еткен бөгде ниеттегі топтың іс-әрекеттері шынайы бейнеленеді.

Кино басталмас бұрын мәдениет үйінің алдына қызыл кілем төселіп, фильм актерлері премьераға лимузинмен келді. Көпшілік құрмет-қошеметпен қарсы алған шығармашылық топ сахна төріне шығып, фильмнің тұсауын салтанатты түрде кесті. «Сағым» фильмінің режиссері, облыстық қазақ драма театрының актері Елжан Жармұхамедов бүгінде арамызға сынадай енген жат ағымдар мен мысықтілеу миссионерлердің қоғамға келтіріп жатқан зардаптарын дөп басып жеткізген. Сондай топтарға сауатсыздықпен алданып, өкініштен өзегі өртенгендер кинода нақты, боямасыз көрініс тапқан.

– Менің алғашқы туындым, Тараз тарихындағы толық метражды фильмнің алғашқысы болуы – мен үшін тарихи сәт. Фильмнің түсірілімі 1 айдан астам уақытты алды. Таңдалып алынған шығармашылық топқа алғысымды айтамын. Көпшілік көкейінде жүрген, бүгінгі қоғамның дерті болған радикалды топтардың қазақ жастарының санасын улап, талай шаңырақты ортасына түсіргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұл киноға түрткі болған негізі – аналардың көз жасы. Баласы жат ағымның жетегінде кеткен ананың мұңы, шері. Кино көрермен көңілінен шығады деп сенемін, – дейді қоюшы режиссер Елжан Жармұхамедов.

Фильмнің сценарий авторлары – Марат Құдайбергенов пен Елжанның өзі. Драма жанрындағы киноның ұзақтығы – 60 минут. Алдағы уақытта «Сағым» туындысын облыстың өзге өңірлерінде көрсету жоспарланып отыр екен.

Жалпы киноның қысқаша мазмұнына тоқталар болсақ, оқиға бақытты отбасының шаңырағында бастау алады. Сырым мен Данияр – бір үйдің ағайындылары. Сырымның рөлін Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актері Руслан Нұрман, Даниярдың образында облыстық қазақ драма театрының актері Нұрсұлтан Маханов сомдады. Бала кезден біріне-бірі сүйеніш болған бауырлар бала кезден мешітке барып, сәждеге бас иеді. Олардың дін жолындағы сауаттылығын арттырып, ерте жастан мешітке баруға баулыған анасының бауыры еді.

Бұл рөлді ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әбиірбек Тінәлиев сомдайды. Есейіп, ержеткен ағайындылар әкесінің жылдар бойы ақша жинап алған жүк көлігін бизнес бастау мақсатында кепілдікке қойып, ақша алмақ болады. Жұмыстарын бастап, істері алға жылжи бастағанда, олармен байланысқан серіктестері ашық түрде сан соқтырып, «лақтырып» кетеді. Нәтижесінде банк көлікті алып қояды. Сол күннен бастап отбасындағы береке кетіп, әкесі бұл жағдайға Сырымды кінәлайды.

Сырым мешітке барып жүріп Баханы кездестіріп, ол Сырымға көмектеседі. Бұл көмектің артында жылдар бойына жоспарланған сұм пиғылдың барын ол сезбейді. Баха, шын мәнінде, дәстүрлі исламға жат салафиттің үгіттеушісі еді. Ол жастарды өзінің ағымына тартып, миларын улайды. Сырымның күн санап батпаққа батқанына шыдай алмаған Данияр мен оның ата-анасы қолдарынан келгенін жасамақ болғанымен, ақырында Сырым Баханың үйіне көшіп тынады.

Уақыт өтіп, Сырым өзімен мұраттас қызбен шаңырақ көтереді. Ай-күні жеткен келіншегінің толғағы қысып жедел жәрдем келгенде, Сырым дәрігерге әйел адам болмаса әйелін қаратпайтындығын айтып, оларды есіктен аттатпайды. Сөйтіп, арада уақыт жоғалтқан дәрігерлер баланы аман алып қала алмайды. Бұл оқиғаны өзінің пайдасына асырған Баха Сырымның қолына қару беріп: «Кәпірлердің кесірінен сенің ұлың дүниеге келмеді.

Сен олардан кек алуың керек. Жауапсыз ештеңе болмауы керек» – деп арам ойын іске асыру мақсатында қолына қару береді. Алдынан көрінген адамдарды атып, полицейлерге қарсы шыққан Сырым оғы таусылған соң, үйдегі қаруды алу мақсатында ата-анасының шаңырағына келеді. Бұл арада Данияр Баханың қандай адам екенін, оның о бастан Сырымды қақпанға түсіру үшін істеген іс-қимылын әшкерелеген еді.

Есік алдында екі бауыр қаруға таласып, ағасын тоқтатпақ болған Данияр оған бар шындықты айтып береді. Арпалыстың ортасына балаларын ажыратуға тырысқан анасы Сырымның байқаусызда атқан оғынан көз жұмады. Сол кезде Сырым есін жиып, жасап жүргені жат ағымның желігі екенін ұғады. Бірақ тым кеш. Сот залында Сырым өмір бақи бас бостандығынан айырылып, бір отбасының шаңырағы шайқалады. Анасын жер қойнауына тапсырып, бауырынан тірідей қол үзген Данияр шарасыздың күйін кешеді. Кинода әкенің рөлін ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков, ананың рөлін ҚР Еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова сомдады.

– Бұл рөлді сомдап шығу аса қиындық туғызды дей алмаймын. Актер болғаннан кейін саған берілген рөлді жүрекпен қабылдап, сол образда өмір сүру керек. Кейіпкер өміріне толық енгенде, көрерменнің жүрегінен орын аласың. Ал аталған фильм-де ХХІ ғасырдың қасіретіне айналып бара жатқан әртүрлі діни ағымдар мен радикалды ұйымдардың бейбіт xалыққа тигізетін зардаптары мен зияны, бақытты отбасылардың шырқын бұзып, шаңырағын ортасына түсіретін кесірлі кесапаты, адамдардың бақытты жолынан адастырып, бақытсыздық ізге салған адасушылығы түгел суреттелген.

Бұл көркем фильм – еліміздегі жас жеткіншек, өскелең ұрпаққа өмірлік сабақ бола білетін және бақыт пен бақытсыздық жолын ажырата білуге ұйытқы болатын кино, – дейді актер Нұрсұлтан Маханов.

Фильмде зорлық-зомбылық, бейәдеп көріністер орын алмайды. Тартысты тағдыр, өнегелі өмір, дәстүрлі құндылық, биік адамгершілік қасиеттер сапалы көрсетілген туынды көпшіліктің көңілінен шықты. Фильм біткен соң орындарынан тұрып, қошемет көрсеткен көрермен көзіне жас алып, жас режиссер мен шығармашылық топтың жұмысына жоғары баға берді.

Comments (0)
Add Comment