Қалада сақтық шаралары барынша күшейтілді. Бірақ той маусымына әлі де тоқтам болмай тұр.
Сәндібек Піренов
Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рита Алтынбасова баспасөз конференциясында шектеу шаралары туралы толығырақ айтты. Тамыз айының алғашқы күнінде-ақ бір тәулікте 186 адам вирус жұқтырған екен. Енді Тараз қаласы вирустың таралу жиілігі бойынша «қызыл» аймаққа еніп отыр. Вирустың бірден-бір емі вакцина мен шектеу шаралары екені белгілі. Бұл ретте қала әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ қаладағы кәсіпкерлік субъектілерін күнделікті аралап, рейд жүргізуде.
– Қалада эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормаларының бұзылуының алдын алу бойынша мониторингтік топ бекітілген. Топ мүшелері мейрамхана, кафе, супермаркеттер, сауда орталықтары, азық-түлік дүкендері, базарлар, құрылыс дүкендері, сондай-ақ моншаларда санитарлық талаптардың қатаң сақталуын бақылайды. Себебі аталған орындарға халық көп жиылады. Қазір соңғы үш күнде жүргізілген рейдте 42 хаттама толтырылды. Ал карантиндік шектеу шаралары басталғаннан бері әкімшілік құқық бұзушылық туралы 468 хаттама толтырылып, заңды және жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге жалпы 90 119 940 теңге сомасында айыппұл салынды. Ал биыл жыл басынан бері 280 әкімшілік құқық бұзғандар анықталып, ескертуді елемегендерге 48 224 700 теңге айыппұл салынды, – дейді Алмас Қадырбекұлы.
Конференцияда қала әкімінің орынбасары «Ashyq» қосымшасына қосылуға осы уақытқа дейін 456 нысан иесі ниет білдіргенін атап айтты. Демек, адам көп жиналатын бірқатар орындар ең әуелі сақтық шараларына жоғары мән беріп отырғаны байқалады. Бүгінде ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткеніне қарамастан, дәмханаға барған 42 адам анықталса, қосымшадағы «сары» түске мән бермей, яғни адамдармен байланысқан 68 адам тіркелген. Олар үй карантиніне алынса да, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғандар екен. Бұл фактілер «Ashyq» қосымшасы карантин талаптарын сақтаудың тиімді жолы екенін тағы бір дәлелдеп бергендей.
– Коронавирус инфекциясы күннен-күнге өршіп, мутациялануда. Оның ішінде «дельта» штамы да бар. Қазір бір науқас бір мезетте 7-8 адамға вирус жұқтыруы мүмкін. Аурудың бас бермей тұрғаны содан. Еліміздің көптеген қалалары «қызыл» аймаққа еніп отыр. Қала аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 30 шілдедегі №9 қаулысы шығарылды. Аталған қаулы 3 тамыздан бастап күшіне енеді. Дәмхана, моншалар кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Той, ас, жиын өткізу тоқтатылды. Ашық базарлар жексенбіде жабылса, ірі сауда орталықтары сенбі, жексенбі жұмыс істемейді. Бассейндерде де солай. Спорттық кешендер «Ashyq» қосымшасы болса, сенбі-жексенбі күндері де 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал театр, кинотеатрларға «Ashyq» қосымшасынсыз жұмыс істеуге мүлдем рұқсат жоқ. Жексенбіде қоғамдық көліктер тоқтайды, – дейді Рита Өмірханқызы.
Рита Алтынбасованың айтуынша, қазір ересектермен қатар жастардың да басым көпшілігі вирус жұқтырған. Тіпті бір отбасыдан бірнеше адамнан індеттің белгілері анықталуда. Конференцияда осының барлығын егжей-тегжейлі хабарлаған баяндамашылар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.