Сақтансаң ғана сақтайды

Қазіргі таңда әуен бәсеңдеп, той-томалақ тоқтатылуға тиіс. Оның себебін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін білуі заңдылық. Жан алқымға тығылғанда жұқпалы дерттің алдын алатын жалғыз жол – ол санитарлық талаптарды күшейтіп, оқшаулану болып тұр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ел іргесі сөгіліп, індет жайлаған тұста Тараз қаласы әкімінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №24-Ө «Тараз қаласында эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормаларының бұзылуының алдын алу» бойынша мониторингілеу тобы қайта жаңартылып бекітілген болатын. 2020 жылғы 2 желтоқсандағы №128-Ө «Тараз қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу» мақсатында үйлестіру орталығы құрылды. Мониторингтік топ қалада орналасқан кәсіпкерлік субъектілеріне рейдтік жұмыстарын күнделікті жүргізуде. Мәселен, мониторингтік топтың қатысуымен қоғамдық көліктерге, базар мен сауда үйлеріне рейд жүргізілді. Мұндай шара барысында қала тұрғындарына пандемия кезінде санитарлық ережелерді сақтау ескертілді. Коронавирустық инфекцияны таратпау бойынша күннен-күнге профилактикалық жұмыстар күшейтілді.

Рейд барысында көптеген заң бұзушылықтар анықталған болатын. Автобустарда белгіленген арақашықтық жиі сақталмайды. Кейбір жүргізушілер жолаушыларды санитарлық қорғаныссыз кіргізіп қана қоймай, өздері де осы мәселені елемейді. Профилактикалық жұмыс барысында бетпердесіз жүргендерге алдағы уақытта режимді бұзғаны үшін қатаң жаза қолданылатыны туралы ескертілген. Тараз қаласында эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормаларының бұзылуының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек, мониторингтік топ тексеріс барысында адам көп жиналатын орынның бірі базарды аралаған болатын. Мәселен, сол уақытта «Ауыл-Береке» базары әкімшілігінің ұйымдастыруымен кіреберіс қақпа алдында тегін бетперде таратылып жатқанына куә болғанбыз. Бірен-саран тұрғындар болмаса, базар маңындағылар түгелімен бетперде киіп, сақтық шараларын ұстанғандары қала тұрғындарының өз жауапкершілігін сезінгенін білдірсе керек.

– Сәуір айының бірінші күнінен мониторингтік топ өз жұмысын бастап кетті. Бұл жасақтың ең басты мақсаты – қоғамдық көлік, адам көп шоғырланатын орындар мен сауда-саттық жүргізіліп жатқан тұстарды бақылап, сақтық шараларын сақтауды талап ету. Өзіне де, өзгеге де зиянын тигізбеуге тырысқан жандар қоғамдық орталарда бетпердесін шешпей, санитарлық талаптарға сай тіршілік етуде. Бүгінгі таңның ең басты мәселесі осы індетті ауыздықтау болып тұр. Бұл індеттің салмағын сезінгендер сақтанып, той-томалақтан бас тартса нұр үстіне нұр болар еді, – деді қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.
Мониторингтік топ ағымдағы жылдың ақпан айына дейін шектеу шараларын, оның ішінде карантинді сақтау талаптарының бұзылуы анықталған кезде әкімшілік сипаттағы шараларды қолдану бойынша лауазымды адамдардың іс-қимыл алгоритміне сәйкес жұмыс жүргізді.

Жалпы қалада 74 мейрамхана мен 220 кафе бар. Мұның бәріне рейд жүргізіліп, үнемі бақылауда тұр. Тексерістің нәтижесі бойынша қаңтар айында – 34, ақпан айында – 47, наурыз айында – 54, сәуір айының осы онкүндігінің өзінде 50-ге жуық хаттама толтырылыпты.

Тараз қаласы бойынша карантиндік шектеу іс-шараларын сақтамағандығы үшін Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы №5 қалалық емхана жанындағы үйлестіру орталығына 152 жедел хабарлама және полиция бастамасымен 157 материал келіп түскен. Карантин талаптарын сақтамаған 337 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 69 832 205 теңге сомасына айыппұл салынған. Ал 2021 жылдың өткен уақытында 149 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 27 936 965 теңге сомасына айыппұл салынған. 15 талап-арыз материалдары ауданаралық экономикалық сотқа нысанның қызметін тоқтатуға жіберілген. Осы іс нәтижесінде 5 нысанның қызметі тоқтатылыпты.

Қазақта «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген нақыл бар. Тәжтажал жау болып жағамыздан ала түскенде, халық өз-өзіне бөрі болып, етегін тосып, опық жеп қалмаса дейсің. Тәжтажалды ауыздықтап, тоқтатар күнге тездете жеткіңіз келсе, санитарлық талаптарға сай сақтанып жүріңіз.

Comments (0)
Add Comment