От – өміріміздің қуат көзі, онсыз тіршілік жоқ. Десе де оның пайдасымен қатар зиянды жағы да аз емес. Дұрыс пайдалана алмасақ, біз үшін орны толмас зор қайғыға әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан да халқымыз «Өрт – тілсіз жау» деп тегін айтпаған.
Өткен жылы жылыту маусымында Тараз қаласы аумағында тұрғындармен жылыту пештің және газ қондырғысын пайдалану кезінде, табиғи газбен және қатты отынмен улану бойынша 2 оқиға тіркелген болатын. Салдарынан 3 бала зардап шексе, тағы бір азамат уланып қалды. Өкінішке орай 1 адам оқиға орнында қайтыс болды.
Биылғы жылыту маусымында шаһар аумағында жоғарыдағыдай 3 факті тіркеліп, 1 бала және 2 ересек азамат зардап шекті. Сондай-ақ жыл басталғалы бері шаһарда 83 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2 адам қаза тапса, 1 адам жарақат алды. Келген материалдық шығын көлемі 10 миллион 830 мың теңгені құрады. Осы орайда былтырмен салыстырғанда өрт саны 14-ке, жарақат алғандар саны 2 оқиғаға төмендесе, материалдық шығыны 24 пайызға артқанын айта кеткен абзал.
Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және тілсіз жаудың алдын алу мақсатында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері шаһар аумағында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Атап айтсақ, төтенше жағдайлар басқармасының, облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің», қалалық әкімдіктің, жергілікті полцияның «КазТрансГазАймақ» АҚ облыстық филиалының қызметкерлері, пәтер иелері(КСК), көше және тұрғын үй кооперативтерінің төрағалары, шаһар әкімінің бас инспекторлары, «Темірқазық» еріктілер, «Тараз сервис және технология колледжінің волонтерлық қозғалыстарының, «Тараз жастары» белсенді жастары волонтерлар орталығының еріктілері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен тұрғын үй секторларында, шаһардың көп қабатты тұрғын үйлерінде және жатаханаларда өрт қауіпсіздігін сақтау, жылыту пештерін, газ қондырғысын дұрыс пайдалануды түсіндіру мақсатында әр-түрлі тақырыпта жадынама, ескертпелер таратылып, өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ басқарма қызметкерлері еріктілермен, жергілікті полиция мамандарымен бірлесіп жалпы саны 10637 рейдтік іс-шаралар өткізді. Сонымен қатар шаһарда орналасқан автопарктерде, көлікжай гараждық кооперативтер, көлікжай, гараж иелерімен жүргізушілерге, адам көп жиналатын «Алатау», «Жансая», «Мынбұлақ», «Салтанат», «Самал» және «Ақбұлақ» ықшамаудандарында, сондағы базарларда өрт қауіпсіздігі жөнінде 56 рейд жұмыстары жүргізіліп, жалпы саны 3286 адамға өрт қауіпсіздігі тақырыбындағы ескертпелер мен жадынамалар үлестірілді. Бұдан бөлек 56 жиын өткізіліп, 1326 тұрғынға тілсіз жау кезіндегі сақтық ережелері түсіндірілді. Бұл осы бағыттағы шаралардың бір парасы ғана.
2022 жылғы 28 ақпан – 30 наурыз аралығында тұрғын үй секторларында, автокөлік құралдарында және жем – шөп сақтау орындарында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу жоспары бекітіліп, біршама жұмыстар атқарылды. Мәселен биыл қала әкімдігі тарапынан шаһардағы басты көшелерге «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Балаларды қараусыз қалдырмау» және «Улы газдан сақтан» тақырыптарында 8 баннер орналастырылып, білім беру ұйымдарына «Өрт қауіпсіздік айлығы», «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Көпқабатты үйлер мен жатақханалардың тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелері», «Есте сақтаныздар тұншықтырғыш газ-өте қауіпті», «Улы газдан сақтан», «Балалардың отпен ойнауы» тақырыбында 246 сабақтар, викториналар, 101 конкурс, сурет салу, дәрістер мен әңгімелесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі бойынша бейнефильмдер көрсетіліп, 12000 астам жадынама үлестірілді. Сонымен қоса Тараз қаласындағы №1, №2, №3, №4 өрт сөндіру бөлімдерінде 13 ашық есік күні өткізіліп, оқу ордаларындағы жалпы саны 453 оқушының қатысуымен экскурсия ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралардың қатарында қалалық төтенше жағдайлар және облыстық білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Балалардың от қолданудағы абайсыздығы» және «1-ші наурыз – дүние жүзілік азаматтық қорғаныс күні» тақырыптарындағы флешмобтар да бар. Бүгінде облыс орталығындағы басты көшелерде орналасқан 3 LED-дисплейде «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Балаларды қараусыз қалдырмау», «Балалардың отпен ойнауы», «Улы газ» және «Көпқабатты үйлер мен жатақханалардың тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау» тақырыптарында бейнероликтер, облыстық телеарналарда жарнамалар үздіксіз көрсетілуде.
Жыл басынан бері басқарма 7 «дөнгелек үстел» отырысын ұйымдастырып, қатысушыларға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі, балаларды қараусыз қалдырмау, балғындардың отпен ойнауы сынды кеңінен мағлұмат берді.
Қорыта айтқанда шаһарда тілсіз жаудың алдын алу шаралары барынша күшейтілген. Біз үшін әрбір тұрғынның өмірі мен қауіпсіздігі алдыңғы орында.
Қайрат Оразбаев,
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі