Тәуелсіз еліміздің Ата Заңында қазақ тілі – мемлекеттік тіл екені тайға таңба басқандай айқын жазылған. Өкініштісі, әлі күнге дейін Тараз қаласындағы талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – қала көркін кетіретін маңдайшалар мен тұтынушылардың жүйкесін жұқартқан сауатсыз аудармалар. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Кәсіпкерлік нысандарындағы қазақ тілінің қолдану аясы, жай-күйі қалай? Жалпы мұндай жағдайға қандай да бір бақылау жүргізіле ме? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Еліміздің «Тіл туралы» Заңының 21-бабында: «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады» деп анық атап көрсетілсе де Тараз қаласындағы кәсіпкерлер маңдайша мен жарнама жазуларына мән бермейтіні байқалады.
– Желтоқсан көшесінің бойында қала халқына жақсы таныс «Besh BQ» деп аталатын қазақ асханасы бар. Іші таза, қазақи, ою-өрнекпен әсемделген. Ал ас мәзіріне көзіміз түскені сол еді, «ылғалды қартаю бұқа қабырғасы», «құрғақ қартаю сиыр қабырғасы», «қартайған тай қабырғасы» деген атауларға қарап, таңғалдым. Орысшадан тікелей аударған. Ылғалды – влажный, Құрғақ – сухой. Еттен жасалған тағамның бұл түрлерін қазақшаны мазақтағандай аударғандары шамыма тиді. Даяшыны шақырып алып «Мәзірді дұрыстап аударыңдар, қазақ тілін мазақтағандарың ба, бұл не?» деп бір ауыз ескерттім, – деген журналист Эльмира Байназарова шаһарда жарнамалық баннерлерде сауатсыз аудармалар көп екенін айтып қынжылды.
Тұрғындардың пікірін ескеріп, облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мамандарымен бірлесіп зерделеу жұмысын қаланың бел ортасындағы Сейілхан Аққозиев көшесі, 5 «A» мекенжайында орналасқан «Берекет» шайханасынан бастадық. Өткен жылы зерделеу жұмысы кезінде сала мамандары кафе есігінің оң жағына жазылған «Арманнан түған дәм!» деген жарнама тіліндегі «ү» деген әріптің орнына «у» деген әріптің тұруы керектігін айтқан екен. Олар қызыл бояумен аталған әріпті дұрыстауға тырысып көрген, бірақ жазудағы олқылық көзге ұрып тұр. Ал сол жарнаманың төменгі жағында «Алдын ала тапсырыс бер кезекте турма» деп жазылған сөйлемдегі «у» әріп «жазалаудан» аман қалған екен.
Осыдан кейін біз аталған шайхананың басшысына жолығып, өзіміз көтеріп жүрген мәселені айтып, сұрақты төтесінен қойдық.
– Айтқаныңыз орынды, сырлау барысында дұрыс жазылған еді. Әйтсе де еріген қар сулары бояуды өшіріп кеткен екен. Жақында Рамазан айы келе жатыр, сол кезде жұмыс саябыр тартады, сол уақытта тозығы жеткен жарнамаларды жаңасына ауыстыруды жоспарлап отырмыз, қате жазуларды сол жаңарту кезінде басты назарға аламыз, – деп уәдесін берді Бақтияр мырза.
Кафеден аттанып әрі қарай темір тұлпардың тұмсығын Ыбырайым Сүлейменов көшесіндегі «Тараз-логос-м» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тіредік. Әрине, бұл жерде мәселе жарнама тіліндегі қателікке байланысты емес. Қазақстан Республикасының «Тiл туралы» Заңында: «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады» деп жазылған. Ал аталған серіктестікте заңның осы бабы өрескел бұзылған. Мекеменің сатушы қызметкері Рахат Орынбасар: «Анығын айтқанда біз жарнама жасайтын мекемелерге тапсырыс береміз, негізі қателікті солар жібереді. Біздің баннерлердің ауданы үлкен көлемде жасалған, соған сәйкес ақшасы да көп. Басшылыққа айтқанымда «Қаржылық жағдай қол байлап тұр, көп ұзамай алмастырамыз» деген. Әрине, өз тілімізді құрметтейміз, дегенмен заң талаптарын біз сияқты қарапайым халық біле бермейді», – деді ол.
Осыдан кейін А.Пушкин көшесіндегі «Сұңқар» медицина орталығына аялдадық. Бәріміз білетіндей қазақта «Сунқар» деген сөз жоқ. Қазақ ұғымында батылдық пен батырлықтың символына айналған тәкаппар құстың аты – сұңқар. Эмблемасында көк жүзінде еркін қалықтаған сол құстың суреті бейнеленген орталық басшысы Наталья Кравчуктың сөзінше, Тараздағы мекеме –филиал, бас ғимараты Алматы қаласында екен. Алғашқы кесегі оңтүстік астанада қаланған орталықтың құжатына сол кезде «Сунқар» деп жазылып, кейін басқа қалалардан бөлімшесі ашылғанда әуелгі атауы өзгеріссіз қалған. Басшының сөзінен білгеніміз, Алматыдағы бас ғимараттың атауы өзгерсе ғана Тараздағы орталықтың маңдайшалығына сұңқар сөзінің қона қалуы қиын емес көрінеді.
Осы ретте қала тұрғындарының да пікіріне құлақ түрдік. Тараздық тіл жанашыры Балмира Мырзабай жоғарыдағы аудармаларды «мүгедек» аудармалар деп санайды.
– Бұлар калька аудармалар. Оларға кез келген мекеме, дәмханалар, жеке кәсіпкерлік нысандарындағы аударма сөздер жатады. Олар орыс тілінен тікелей Яндекс, Google арқылы аударып, жарнамаларын баннерлерге, мәзірлерге қолданады. Соның кесірінен қазақ тілі қолайсыз болып көрінеді. Кейбір аудармаларда орфографиялық, стильдік қателер кетеді. Мұның бәрінің бір айыбы бар. Олар филолог жалдап, арнайы аудартқысы келмейді. Оны артық шығын деп есептейді. Дүкендердің атаулары, білім орталықтарының сыртқы жарнамалары дұрыс емес. Мұндай нәрсеге елдің көзі үйреніп, тіпті қалыпты жағдай деп қарайтын болды. Жамбыл облысының мемлекеттік тілді игеруі 94 пайыздан жоғары. Мұндай деңгейі жоғары облыста аудармаларда қателіктердің кетуі осында тұрып жатқан баршамызға сын. Тек тиісті басқарма немесе тіл жанашырлары ғана осымен күреспеуі керек, бұл барлығымызға ұят, – дейді шаһар тұрғыны.
Ал облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнұр Әмірбекованың айтуынша, қалада мемлекеттік тіл туралы талапқа пысқырып қарамайтын мекемелер көп екен. Алайда тіл басқармасының оларды жазалауға құзыреті жоқ.
– Зерделеу жұмысы барысында бірнеше мекемеге бас сұққанда байқаған боларсыз, мемлекеттік тілге аса мән бермейді. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші сөзімізді байыппен тыңдап: «Біз ескермеген екенбіз, енді бірер айдың ішінде бәрін дұрыстап қоямыз» деп арқадан қағып шығарып салады. Қайта айналып айтқан уақытында барсаңыз, ешқандай өзгеріссіз тұратын мекемелер көп. Өкінішке қарай, заң бойынша кәсіпкерлерге ескерту де, жаза да бере алмаймыз. Тек заңның аясында әдістемелік көмек көрсетумен шектелеміз. Сол себепті Тараздағы талай кәсіпкерлер мемлекеттік тілге мән бермейді, өзгертуге де асықпайды, – деп Гүлнұр Ескермесқызы іш қынжылысын білдірді.
Шынымен де қазақ тілінің үлес салмағы жоғары өңірде кәсіпкерлердің мемлекеттік тілге атүсті қарайтыны қынжылтады. Мүмкін, көш жүре түзелер. Бірақ көштің алғашқы күннен түзу болғаны дұрыс емес пе?
Жұматай КӨКСУБАЙ