Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы, журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы асқаралы алпыс жасқа толып отыр.
Қаламгердің «Елгезек Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» деп аталатын ертегі-хикаяты «Жалын» баспасының жасөспірімдер мен балаларға арналған шығармаларға жарияланған жабық бәйгесінде (1988 ж.) екінші жүлдеге ие болды. «Дарабоз» әдеби жабық бәйгелерінің бірнеше дүркін (2007–2008) жүлдегері. Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты. Жазушының «Шеткері үйдің жарығы» (1995 ж.), «Елгезек Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» (қазақ, орыс тілдерінде, 2000 ж.) және «Күнге ғашық өлкеде» (2001 ж.), «Тараздан тәберік», «Шындыққа қызығамын, шындықты аяймын…», «Шарбақтының жалғызы», т.б. кітаптары жарық көрген.
Ерғали САҒАТ,
жазушы, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты
Ертеден үзеңгі әріптес белгілі қаламгер Жарылқап Бейсенбаев Астанадан телефон шалған. Ұзақ жылдар елдік жастар басылымында бірге қызметтес болдық.
Әрине, амандық-саулықтан соң жайшылық па дейміз ғой.
– Төменгі Талас бойының азаматтарын түгендеп жатқан жайым бар, – деді әдеттегідей жайдары жұмсақ күлкісіне басып.
Көптен өнер тақырыбын зерттеп, қаузап жазып жүрген Жақаңды дүлдүл суретші Әбілқан Қастеевтің бір сапары қызықтырыпты.
Өткен ғасырдың қайсыбір жылында Әбекең Талас өңіріне шығармашылық сапар жасап, бірнеше картиналар жазып қайтқаны бар. Сондағы болған жайларға орай өзінде бар деректерді толықтырып, нақтыламақ екен.
Әйгілі суретші бұл сапарында бірқатар еңбек адамдарының портреттерімен қатар, кең тынысты «Талас жазығынданы» жазған еді. Сірә, осы жазықта еңбек еткен жандардан соғыс жылдарынан соң дүркіреп елу тоғыз Еңбек Ерінің шыққанына тәнті болып, атының басын бұрған болар.
– Көсемәлімен қалай байланысамын, керек еді.
Әрине Жақаңа қол ұшын бердім. Және осы ұлы суретшінің ол сапарында жанында жүріп, күн сайын жағдайына қамқор болған, сол Талас ауданының Ойық ұжымшарында жастар жетекшісінен бастап ауылдық округтің әкімдігіне дейінгі барлық тұтқалы қызметте болған Досмұрат Шахзадаев туралы да мәлімет бердім.
Ол енді бөлек әңгіме.
Мәселе Көсемәліні іздеп, Көсемәліге көңіл аударуында еді.
Талас топырағынан шыққан Көсемәлінің алдында да небір жайсаң, өлке тарихынан хабары мол азаматтар көп болғаны белгілі, әлі де шүкір, жетерлік.
Жамбыл облыстық газетінен ауысып жастар басылымында қызмет жасап жүргенде Жамбыл өңіріндегі тілші Көсемәлі Сәттібаев өңір үшін жақсы қолқанат болып шыққан, өңірдің тарихын, жалпы қай саласының болсын жай-жапсарын жақсы білді, танып жазатын, сөзі тұщымды, қысқасы «сөзі көсем Көсемәлі» деп әзіл-шынын араластырып айтатын еді әріптестері. Жақаң сол жылдардың әсерін ұмытпаған сыңайлы, содан шығар. Әзілдің астарында мысқалдай болса да ақиқат жатады.
Көсемәлі сол жылдардан бастап бертіндегі өріс алған еңбек жолында сол сөздің ақиқатын дәлелдеді де.
Ол жылдардан бері де арада сынаптай сырғып жиырма бес жылдай уақыт өткен екен.
Ал одан ертеректе Таластың аудандық газеті алғашқы жазбасының тұсауын кесті. Мектеп бітіре салып туған ауылы Амангелдіде қатардағы құрылысшы болып жүрген талапты жасты тілшілік қызметке шақырды.
Ол жылдар өзінше бір үлкен мектеп болған. Шаруашылық басшыларымен, ауыл еңбеккерлерімен, ауыл зиялыларымен, өмірдің ащы-тұщы дәмін татқан ауыл ақсақалдарымен кездесулер, жүздесулердің өзі санасына сәуле құйып, еңбек, өмір туралы түсінігін байытатын. Шығармашылық адамдары осындай кездесулерден соң ой-өрісін, танымын тереңдетіп, ойына ой қосып дегендей жазар шығармасын шыңдай түсер еді. Оның үстіне жанында жүрген жаны жайсаң жақсы ағалардың бітім-болмысы, іс-әрекеті де қатты әсер ететін. Әсіресе Нарша Қашағанов пен Серік Томановтың қай жерде болмасын өздерін еркін ұстауы, жалтақтап жасқанбауы, поэзиялық туындылырында болса еліктің лағындай жеңіл ырғақ есіп тұратын, бәріненде әр шумақтан төгіліп жататын шуақты ойлары қандай терең еді, шаң басқан сананы сілкір еді.
Осындай ортада танылып, қаламы ұшталған Көсемәлінің ауданның сан-салалы тіршілігінен жазған көкейкесті мақалалары облыстық «Ақ жол» газетінде жарияланып жатады. Жас журналистің қарымын қадағалап жүрген белгілі қаламгер, басылымның бас редакторы Арғынбай Бекбосынов қызметке шақырады.
Бұл еліміз тәуелсіздігін жариялап, бодандықтан басы босап, ел рухтанып, еңсе көтеріп қалған жылдар еді.
Бірақ ел ішіндегі жағдай күйзелісте болатын. Малдың құны кетіп, жаппай жойылысқа ұшырап, ірі зауыт-фабрикалар кешегі одақтас елдермен экономикалық байланыстар бірте-бірте үзілген соң жұмыстарын тоқтатып, соның салдарынан ауылдық жерлерде де, қалалық жерлерде де жұмыссыздық қатары күрт белең алып, халық арасында «кешегі күніміз жақсы еді ғой» дегендей іштей наразылық болатын еді, оған алауыз партиялар леп беріп елдің берекесі қашыңқырап тұрған кезең-ді.
Көзі ашық зиялы қауым өкілдері бұның өтпелі екендігін, енді еркіндігімізге ие болу керек екендігін айтып шырылдағанымен және де сыртқы күштердің «ел бола алмайды» деген бопсаласы бар, әйтеуір ел іші түсініксіз дүрбелеңді кешіп жатқан-ды.
Бұл өтпелі уақыт тәуелсіз елдің әкім қараларынан басқа саяси партияларынан, жалпы халықтан сабырлықты, төзімділікті қажет етті.
Осы тұс журналистердің қоғамдағы орны бұрын-соңды болмаған мұқтаждыққа ие болды, беделі артты. Олардың ұстамды да өрелі сөздері халыққа ой салып отырды, ел ішіндегі бірліктің сақталуына айрықша дәнекер болды. Сары басылымдар мен телеканалдардың жаңа тынысы ашылып, ащы шындықты шырылдап жеткізуге тырысты. Дегенмен олардың біразы байшікеш иелерінің мүддесін көздеп ұлт мүддесіне қайшы келетін хабарлар да жасайтын. Бүгінде олар жуасыған.
Бұл жылдары өңірдің көзі әрі құлағы болып отырған облыстық басылымдардың үні батылдығымен жарқырап көрінген жылдар еді. Әрине бәрі бірдей емес. Сондай басылымдардың сарбаздары қатарында өзінің өткір де өжет, шыншыл, оқырман санасына ұялап ой салатын жариялымдарымен көзге түсіп, көріне білген Көсемәлі Сәттібаев Алматы, ондағы республикалық жастар басылымы «Лениншіл жастың» (дәл сол кезде аты «Жас Алаш» болып өзгерген) бас редакторы Уалихан Қалижан мырзадан шақыту алады.
Өңірлерде қандай да бір тақырыпты танып еркін игеретін, көтеріп отырған мәселесіне орай көкейкесті ой тастай алатын, жаңа формациялық нарықтық қоғамның мән-маңызын, мақсат-мүддесін оқырмандарға түсіндіріп бере алатын осындай журналистерге зәрулік болды десем асылы артық айтқандық емес. Сондай-ақ ішкі және сыртқы саясаттан түсінік- танымы, хабары мол болуы да қажет еді. Өйткені сол жылдары еліміздің ашық қоғам орнатуы жолына түсуі, соған орай түрлі мақсаттағы сырттан ағылған діни ағым иелері, түрлі саяси қозғалыстар мен ұйымдардың өкілдері ел ішінде боданнан енді босанып азаттық алған аңқау халықтың санасын лайлап, өзінің арамза мүдделеріне бұрмалаушылар көбейіп, етек алған еді.
Осы шақта республикалық, өңірлік деңгейлердегі ұлттық басылымдар мемлекет үшін, оның іргесінің беріктей түсуі үшін зор жұмыстар атқарды. Мерзімді баспасөздің төртінші билік атануы осы жылдардан бастау алып еді.
Осы қарусыз майданда ұлт журналистері мемлекет саясатына демеу болып, шамасынша халқына қорған бола білді. Осы қарулы қалам иелерінің сапында сөз жоқ, жамбылдық журналист Көсемәлі Сәттібаевтің шығармашылық үлесі зор деп айтуға болады. Оның жекешелендіру кезінде тұралап қалған ауылдың ауыр халі, кежегесінен кейін кеткен химия өндірісінің мүшкіл ақуалы, кешегі алпауыт өндіріс ошақтарының тарылған тынысы туралы жазған толғақты дүниелері оқырмандарының көңілінен шығып, мақұлданып жататын.
1991-1994 жылдары жастар басылымында танылып, ой-өрісінде кең тыныс қалыптасқан қаламгер енді, республикалық аға басылым «Егемен Қазақстаннан» табылады. Мұндағы өткен жылдары да Көсемәлінің кесек азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Басылымның бас редакторы көрнекті ақын, парасатты азамат Нұрлан Оразалиннен бас-тап Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбаев сынды және басқа да қарымды қаламгерлермен қатар жүріп, тек журналистік қарымын шыңдап қана қоймай, ағаларынан еңбекқорлықты, парасаттылығы мен азаматтық асыл қасиеттерін бойына жұғысты етті.
Жақсы журналист және жақсы жазушы болып қалыптасу әлгіде айтқандай үлкен еңбекқорлықты, талантпен қатар табандылықты қажет ететіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бірақ, олар әрине көп емес. Кешелері өмірден озған Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза және басқа да азаматтарды бұл қатарға жатқызып атауға болады. Тараз аймағынан айтқанда егіз саланы өгейсітпей қатар алып жүруі Көсемәлінің еңбекқорлығын айғақтады.
Ол көркем әдебиет жанрында ерте танылып, ерте жазушы болып қалыптасты. Әп дегеннен талай таланттың көзін ашып, жазушылыққа танытқан «Жалынның» жабық бәйгесінде «Елгезек бағдаршам», «Тоқ қуат және басқалар» атты көркем шығармалары бәйге сөресінен табылған. Содан бері бірнеше көркем прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көріп, өз оқырмандарын тапты.
Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені мен бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері.
Ең бастысы осы жылдар аралығында жиған бай тәжірибесімен бүгінде өзі басқарып отырған өңірлік «Ақ жол» қоғамдық-саяси басылымына білікті басшылық жасауда. Алпысқа аяқ басып отырған Көсемәлінің және «Ақ жолдың» да сөзі көсем шыға берсін деймін енді.